Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге байланысты хаттар мен жеделхаттар

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге байланысты хаттар мен жеделхаттар

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге байланысты хаттар мен жеделхаттар
ашық дереккөзі
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге орай шет мемлекеттер басшыларынан құттықтау жеделхаттары мен хаттар келіп түсті. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Елбасын және барша қазақстандықтарды Қытай халқының және жеке өзінің атынан мерекемен құттықтап, Қазақстан Тұңғыш Президентінің басшылығымен осы жылдар ішінде мемлекеттік даму ісінде қол жеткізілген жетістіктерді атап өтті.
«Сіздің дана басшылығыңызбен Қазақстан табысты даму жолына түсті және Еуразия өңіріндегі ықпалды мемлекетке айналып, мемлекеттік құрылыс ісінде тамаша жетістіктерге жетті. Достық көрші және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес ретінде Қытай бұған шын жүректен қуанышты. Қазақстан мемлекетінің 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын табысты жүзеге асыра отырып, елдің әлеуетін нығайтып, халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыра беретініне сенімдімін», - делінген Си Цзиньпиннің жеделхатында.
Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан халқына бейбітшілік пен бақ-береке тілеген жылы лебіздерін білдірді. Реджеп Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың даму қарқынын атап өтіп, үстіміздегі жылғы 12 қарашада Ыстамбұл қаласында Елбасының тікелей қолдауымен құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің нәтижелерін атап өтті. Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Қазақстан жетістіктерінің Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Бауырлас Қазақстан егемендік жылдары болашаққа ұмтылған заманауи мемлекет құруда ауқымды табыстарға қол жеткізіп, бүгінде халықаралық аренада лайықты орын алды. Қазіргі Қазақстанның осы жетістіктерінің барлығы Сіздің атыңызбен және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті лауазымындағы Сіздің көпжылдық жемісті мемлекеттік қызметіңізбен тығыз байланысты», - делінген Эмомали Рахмонның жеделхатында.
Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров өз хатында былай деп жазады: «Достық пен тату көршілікке негізделген стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың шын мәніндегі берік қырғыз-қазақстан қатынастарын қалыптастыруға қосқан Сіздің зор үлесіңізді жоғары бағалаймын. Ол әрі қарай да дамып, халықтарымыздың игілігі үшін тереңдей береді. Осы жағымды мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге зор денсаулық және жаңа жетістіктер, ал бауырлас Қазақстан халқына игілік пен бақ-береке тілеймін». Қазақстанның Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қол жеткізген табыстары Түрікменстан Президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедовтың жеделхатында да атап өтілген.
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуда, халықтың әл-ауқатын жақсартуда және халықаралық аренада беделін арттыруда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Біз жақын көршіміздің жетістіктеріне қуаныштымыз және стратегиялық сипаттағы екіжақты қарым-қатынастарды біртіндеп жетілдіруге дайын екенімізді білдіреміз», - деді Құрбанқұлы Бердімұхамедов.