Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин БЖЗҚ басшысына шүйлікті

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин БЖЗҚ басшысына шүйлікті

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин БЖЗҚ басшысына шүйлікті
ашық дереккөзі
Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры басқарма төрағасы Жанат Құрмановты халық алдына шығып, жеткілікті шектің неге өскенін уақытында түсіндірмегені үшін сынап тастады, деп жазды turkystan.kz. Мәжіліс отырысында сақтандыру нарығы туралы заң жобасын талқылау кезінде депутаттар БЖЗҚ басшысына бірлескен ерлі-зайыпты аннуитеті туралы сұрақ қойды. Алайда, Жанат Құрманов қойылған сұраққа нақты жауап бере алмады.
«Осы заңның жаңа нормалары екінші нұсқаны кеңейтеді. Әрине, өмірде әртүрлі жағдай болады. Мысалы, ерлі-зайыптының бірі қайтыс болуы немесе ажырасулары мүмкін. Сондықтан осындай мәселелер заң аясында шешіледі. Шартқа қосымшада жеке төлем кестесі бойынша осы мәселені шешуге болады», – деді Жанат Құрманов.
Осы кезде баяндамашының есебіне көңілі толмаған Нұрлан Нығматулин бұл мәселені шешу жолдары қандай екенін сұрады.
«Шешуге болады деп үшінші рет айтып отырсыз. Сіз бір айдың ішінде халық алдына шығып, зейнетақының жеткілікті шегі туралы сұрақтарға неге жауап бермегеніңіз енді түсінікті болды. Бір мәселеге жауап бере алмайсыз. Тікелей сұраққа сол жақтан да, оң жақтан да кіретін жол іздеп тұрсыз. Сізден депутат тікелей сұрады ғой. Егер оны білмесеңіз, зейнетақы қорын қалай басқарып жүрсіз? Екі негізгі қадам жасау керек. Соны айта алмай тұрсыз», – деп ұрсып тастаған спикер Жанат Құрмановқа мәжіліске дайындалып келу керектігін ескертті.
Еске салсақ, 3 желтоқсанда БЖЗҚ зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың жеткілікті шегі өсетінін хабарлаған болатын. Бұл жаңалық қоғамда дау туғызды. Қазақстандықтар мемлекеттік органдардың шекті межені халықпен талқыламай, еш ескертусіз 70%-ке дейін көтеріп тастағанына ашуланды.