Жаңалықтар

Атырауда 100-ден астам жұмысшы үш айдан бері жалақы алмаған

ашық дереккөзі

Атырауда 100-ден астам жұмысшы үш айдан бері жалақы алмаған

Мұнайлы өлкеде бірнеше айдан бері еңбекақысын ала алмай жүрген «Caspian Contractors Trust» зауытының жұмысшылары бас көтерді. Олар зауыт басшылығының тапсырысты артығымен орындатқанымен, жалақыны бермей отырғанына шағымданды, деп жазды turkystan.kz. Жұмысшыларға жалақы берілмеуімен бірге зейнетақы және әлеуметтік төлемдер де аударылмаған. Алайда, жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Ал тапсырыс үлесі арта түскен. «Үйге бармағаныма бір ай болды. Не деп барамын? Қалтамда жолақыға жететін де ақша жоқ. Алда Тәуелсіздік мерекесі келе жатыр. Осы мәселені шешіп берсе екен. Бізге басқа ештеңе керек емес», – дейді зауыт жұмысшысы Рүстем Тілеков. Компания басшылығы бұл мәселе бойынша пікір білдіруден бас тартса, Еңбек инспекциясының өкілдері жалақының кешіктірілуін компания есепшотының бұғатталуымен түсіндіріп отыр. Ал зауыт жұмысшыларынан бұған дейін ресми шағым түспеген. Енді жедел тексеру жүргізілмек. «Тездетіп шешу бойынша шаралар қабылдаймыз. Облыстық әкімдікпен де, банкпен де бірге жұмыс жүргіземіз», – деді жергілікті мемлекеттік Еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Кемел Иманғалиев.