Жаңалықтар

Картадан жойылған ауыл қайта түлеп келеді

ашық дереккөзі

Картадан жойылған ауыл қайта түлеп келеді

Солтүстік Қазақстанда картадан жойылып кеткен елдімекен қайта түлей бастады, деп хабарлады turkystan.kz azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап. Айыртау ауданындағы Прекрасное ауылында 15 жыл бойы жалғыз адам тұрып келген еді. Бір ғана тұтынушыны коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету тиімсіз болғандықтын жергілікті әкімдік жапандағы жалғыз үйді электр желісінен де ажыратқан. Елін қайта көркейтуді мақсат еткен кәсіпкер туған ауылына қайта көшіп барып, жаңа үйлер салды. Соңғы үш жылда 29 баспана бой көтерсе, тағы 10-ының құрылысы жүріп жатыр.

БОЛАШАҚТА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРМЕК

Прекрасное ауылы облыс орталығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Халық саны аз ауылдардың тағдыры оны да айналып өтпеді. Тұрақты жұмыс табылмағандықтан тұрғындары жан-жаққа көшіп кеткен. Оқушысы жоқ мекептің де есігіне қара құлып ілінді. Ал қазір үйлердің үйінділері ғана қалған елдімекенде тұрмыс қайта жандана бастады. Прекрасное ауылының тумасы Бақыт Құсайынов еліне қайта көшіп барып, оны көркейтуге бар күшін салып жүр. «Медициналық пункт, тұрғындардың бос уақытын өткізуге арналған орталық, дүкен мен шаштараз салу жоспарда бар. Бәрінің жобасы дайын. Биыл қазандық салып, іске қостық. Әр үйге су құбырын тарттық. Қаладағыдай жағдайды жасадық. Осының барлығын туған жерімді көркейту үшін істеп жүрмін. Әр адам өз елі үшін қолдан келгенше титтей де болса жақсылық жасауы тиіс», - дейді Бақыт Құсайынов. Бақыт Құсайынов ауылдастарын жұмыспен қамту мақсатында сүт-тауарлы ферма ашты. Жоба құны 1,6 млрд теңге. Заманауи техникамен жабдықталған өндіріс орнында 36 адам еңбек етеді. Биыл Қазақстанда 29 сүт кешенінің құрылысы жүріп жатыр, оның жартысы Солтүстік Қазақстан облысында. «Асыл тұқымды сиырлар Украинадан әкелінді. Жалпы саны 500 бастан артық. Сүтті сиырлар. Бір сауғанда 35 литрге дейін алуға болады. Ферма 600 орынға шақталған. Біз сиырларды сауу, ұрықтандыру, жайлау, күту жөнінде ақыл-кеңес береміз. Украинадан арнайы келдік. Аталған компаниямен 2017 жылдан бері әріптестік жасап келеміз», - дейді шетелдік мал дәрігері Анатолий Святный. Ауылда тағы 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оған «Еңбек» мемлекеттік бағдарлама бойынша оңтүстік өңірлерден келген азаматтар қоныстанады. «Өткен жылы осындай ауыл барын естідім. Бұл өлкенің табиғаты өте әдемі. Жаз бойы саңырауқұлақ, жеміс-жидек терсек, қыста балық аулауға болады. Ұнаған соң осында қаламыз деп шештік. Көшіп келгенімізге еш өкінбейміз. Алғашқылардың бірі болып қоныс тептік. Себебі қаланың күйбең тіршілігінен әбден шаршадық. Өзім осында мал бағамын. Жалақым көңілден шығады. Балам оқуға кетті. Қолына диплом тигеннен кейін осында келмек. Еңбек етсең, ауылда да жақсы өмір сүруге болады», - дейді Прекрасное ауылының тұрғыны Владимир Горбатовских.