Қазақстан 138 миллион тонна қауіпті қалдық жинады

Қазақстан 138 миллион тонна қауіпті қалдық жинады

Қазақстан 138 миллион тонна қауіпті қалдық жинады
ашық дереккөзі
Егемендік жылдары елімізде 138 млн тоннаға жуық қауіпті және 320 млн тонна қауіпті емес қалдықтар жиналған. Мұндай деректер ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жариялаған қоршаған ортаның жай-күйі және табиғи ресурстарды пайдалану туралы ұлттық баяндамада қамтылған, деп жазды turkystan.kz. Қауіптілердің ішіндегі ең алғашқы бестікке:
  1. Күл мен күл қалдықтары (22,8 млн тонна)
2. Құс тезегі (1,3 млн тонна) 3. Бұрғылық қалдықтар (212 тонна) 4. Доңыз қоймалжыңы (143 млн тонна) 5. Мұнай қалдықтары (103 мың тонна) кіреді.
«Мұндай көлемді көз алдыңа елестетудің өзі қиын! 1 миллион 300 мың құс тезегі дегенді ойлап көріңіз! Бұл қоқыстан тұрғызылған тау іспеттес, белсенді түрде метан мен өзге де газдарды бөледі. Бұны қолға алмаса, салдары нағыз апатқа алып келеді», – деді Қоршаған ортаны қорғау бойынша ақпараттық-сараптамалық орталығының бас директоры Жанат Самат.
Орталық жетекшісінің айтуынша, бұл мәліметтер – ресми статистика. Ол табиғи ресурстарды қолданушылардың есебі негізінде құрылады. Жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, оларды «операторлар» деп атайды.
«2021 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР жаңа Экологиялық кодексіне (384-бап) сәйкес, қоршаған ортаға қандай да бір зиян келтіретін барлық субъектілер жыл сайын қалдықтардың инвентаризациясы бойынша есеп беруге міндеттеледі. Соның негізінде барлық өңірлер мен экономикалық қызмет түрлерінен республика бойынша толық статистика жасалады», -  деп түсіндірді сарапшы.
Еліміздегі үш мыңнан астам заңды полигондардың тек бестен бірі барлық ережелер мен нормаларға сай келеді. Қауіпсіздік деңгейі бойынша, сұрыптаудан өтетін, уақтылы жойылатын үлгілі полигондар Нұр-Сұлтан қаласында деп есептелгенмен, ол осындай деңгейдегі бүкіл елдегі жалғыз полигон болуы да ықтимал. Орталық басшысының айтуынша, соңғы жылдары еліміздегі қалдықтарды меңгеру саласы жүйеленіп келеді. Жасалған жұмыс аз емес, бірақ жасалу керек жұмыс одан да көп.
«Тығырықтан шығар жол біреу ғана – қоқыс орындарын қалпына келтіріп, қайта жаратуға бейімдеу. Әйтпесе, жер бетіндегі тіршіліктің жойылу қаупі басым. Бірден болмаса да, бұл орындарда кейін жасыл желек қайта өсе бастайды. Қазақстанда қалдықтар төгілген жерлер толықтай жойылмайынша, бұл жұмыс ешқашан тоқтамауы керек!», - деді Жанат Самат.