Жаңалықтар

Nur Otan-да «Jastar-Otanǵa!» сыйлығының лауреаттары марапатталды

ашық дереккөзі

Nur Otan-да «Jastar-Otanǵa!» сыйлығының лауреаттары марапатталды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында елордада «Nur Otan» партиясының жастар қанаты ұйымдастырған «Jastar – Оtanǵa!» сыйлығын салтанатты тапсыру рәсімі өтті. Ең белсенді волонтерлер, жанашыр меценаттар мен қоғамдық ұйымдар 7 номинация бойынша марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар жас белсенділер білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларындағы жемісті еңбегі және COVID-19 пандемиясымен күресте ерекше көзге түскені үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Марапаттау рәсімі барысында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек егемендік жарияланған алғашқы күннен бастап елімізде жастарды қолдауға және олардың өз қабілетін жүзеге асыруына жағдай жасауға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы жылдары күрделі экономикалық жағдайға қарамастан Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындады. Соның арқасында 14 мыңнан астам адам әлемнің үздік оқу орындарында білім алды. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке және жергілікті өкілді органдарға сайлау партиялық тізімдерінде жастарға квота белгіледі. Бұл олардың елдегі қоғамдық-саяси процестерге белсенді атсалысуына ықпал ететін болады. Жастардың өмір сүру деңгейін және әлеуметтік жай-күйін арттыру жөніндегі нақты шаралар 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасында көрсетілген. Партияның баспасөз қызметі атап өткендей, Қазақстанның түкпір-түкпірінен 16-35 жас аралығындағы 230 адам сыйлық лауреаттары ретінде іріктеліп алынған. Үздіктерді анықтау үшін құрылған арнайы комиссияның құрамында Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, блогерлер және т.б. болды. Сонымен, «Үздік волонтер» номинациясында «Біз біргеміз!» акциясына белсенді қатысқаны үшін Батыс Қазақстан облысынан Нұрсұлтан Қабаев пен Еуропа елдерінде гранттық негізде жастарды оқытуды ұйымдастырған шымкенттік Данара Саранова марапатталды. «Жылдың жас қаһарманы» аталымында Жамбыл облысынан келген Жақсылық Әшірбаев сыйлыққа ие болды. Ол биыл тамыз айында әскери бөлімнің қоймасындағы өртті сөндіруге қатысып, жарақат алған. «Jas Otan» Жастар қанатының жыл белсендісі» номинациясында Шығыс Қазақстан облысынан Әсем Шалқарова, Түркістан облысынан Нұрайым Қуандық және Ақтөбе облысынан Әлішер Тыныштық үздік деп танылды.