Қазақстандық журналистер Түркияда өткен медиа форумға қатысты

Қазақстандық журналистер Түркияда өткен медиа форумға қатысты

Қазақстандық журналистер Түркияда өткен медиа форумға қатысты
ашық дереккөзі
Түркияның Гемлик қаласында Анадолы спорт журналистері ассоциациясының 12-құрылтайы мен Анадолыдағы ақпарат құралдарының медиа форумы өтті, деп жазды turkystan.kz. Алғашқы шара барысында Анадолы спорт журналистер ассоциациясының атауы өзгерді. Енді ол Анадолы журналистері мен спорт тілшілері ассоциациясы болып аталады. Ассоциациясының 9 жаңа мүшесімен кеңейтілген тізім арқылы Ибрахим Ердоған бірауыздан төраға болып қайта сайланды. Ал Бурсаның Гемлик ауданындағы «Atamer Doğa Resort» қонақүйінде өткен медиа форумға Түркия Республикасы Ұлттық мәжіліс депутаты Атилла Сертел, CHP партиясы төрағасының орынбасары Сейіт Торун,  Гемлик қаласының губернаторы Мехмет Уғур Сертаслан, Нилүфер ауданының губернаторы Тургай Эрдем, саяси қайраткерлер, Түркияның барлық қала, аймақтарынан БАҚ өкілдері қатысты. Медиа форумда  «Түркі әлемі, Ататүрік және медиа» тақырыбына баяндамалар жасалды. Шараға қазақстандық БАҚ делегациясын бастап барған Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы Алаш арыстарының қазақ баспасөзін қалыптастырудағы рөлін атап айтты.
«Әлемдегі барлық ақпарат құралдары Ахмет Байтұрсынұлы үндегендей, халықтың көзі, құлағы һәм тілі болуға міндетті», – деген Нәзия Жоямергенқызы түркі әлемі журналистерінің бірлігін арттыру үшін кәсіби алаңда ортақ жобалар жасау қажеттігіне тоқталды.
Оның айтуынша, маңызды ақпараттарды бір біріне жедел жеткізу, кәсіби тұрғыда тәжірибе алмасу, түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, тарихын және түркі мемлекеттеріндегі танымал тұлғаларды БАҚ арқылы насихаттау қажеттігін айтты. Өз кезегінде түркиялық журналистер Йүксел Байсал мен Нежати Картал түрік және әлемдік медианың жаңа үдерістері, бәсекеге қабілетті болу жолдары жайын тілге тиек етті. Шара соңында 2022 жылы жүзеге асырылатын жобалар талқыланды.