400-ге жуық түлектің дипломы жарамсыз болып қалды

Қызылордадағы Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтын бітірген түлектердің мәселелері әлі күнге дейін шешімін таппай, алған дипломдары жарамсыз күйде қалуда, деп жазды turkystan.kz.

Бұған дейін ҚР Ғылым және білім министрлігі оқу орнын талаптарға сай болмауына байланысты лицензиядан айырғаны белгілі болған болатын. Ал студенттердің басым бөлігі ақылы түрде білім алғандарын айтып қынжылуда.  Енді олар не істемек?

Институт түлектері оқу ордасының басшылығына ашулы. Олар жылдар мен қаражаттарын жарамсыз дипломға зая кетіргендеріне күйінуде. Студенттердің бірі Нұргүл Жапарованың айтуынша, осы мәселені шеше алмай жүргендеріне жарты жылға жуықтаған. Ал институт басшылығы бұл бойынша министрлікті сотта жеңіп, лицензияны қайтарып алғандарын айтады. Сәйкестендіру коды жазылмағандықтан, институт табыстаған диплом жарамсыз деп танылған. ЖОО басшылығының айтуынша, бұл мәселені шешуге министрлік асықпай отыр екен.

«Барлық жасалып отырған іс-әрекеттер, білім алушылардың да дипломының жарамдылығы сотпен дәлелденіп тұр. Енді Білім және ғылым министрлігі жеке сәйкестендіру кодын беріп, дипломдарды сәйкестендіруі тиіс. Сот шешімі шығып тұр. Енді біз комитетті күтіп отырмыз», – деді ректор Ерлан Шынбергенов.

Министрлік өкілдері болса, институт басшысының бұл сөзін жоққа шығарып отыр. Сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова лицензия мәселесі сотта әлі қаралып жатқанын айтады.

«Егер дипломдарыңыз жарамды болсын десеңіз, басқа жоғары оқу орнына барып, сол жерге өтініш білдіру керек. Сол жерде студенттер қатарына қосылып, оқуды аяқтаған соң дипломдарыңызды жарамды қылуға болады. Қазір Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтында 600-ден астам студент білім алуда. Оларға қатысты ешқандай да проблема жоқ. Ал бұған дейін 400-дей түлекке берілген Ақмешіт институтының дипломы жарамсыз болып қала береді»,  – дейді министрлік өкілі.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button