Қызылордада мал қырылып жатыр

Қызылордада мал қырылып жатыр

Қызылордада мал қырылып жатыр
ашық дереккөзі
Қала іргесіндегі Талдыарал ауылының тұрғындары дабыл қағуда, деп хабарлады turkystan.kz. Төрт түліктің арам қатуына - екпенің кеш салынуы және дәрігердің жауапсыздығы себеп дейді тұрғындар. Олар «Астана» телеарнасының тілшілеріне ветеринарлардың екпені уақтылы салмайтынын айтқан.  Бұдан бөлек, ауырған түлікке ем-шара жасамайды. Соның салдарынан жұрт қалған малымыздан да айрылып қаламыз ба деп алаңдаулы.
- Звондаймыз, келмейді. Малымыз ауырған кезде жабыла хабарласып, зорға шақыртып алдық. Сол кезде вакцина салып кеткен. Бәрібір малымыз 3 күннен кейін өліп қалды, - дейді Қызылорда облысының тұрғыны Жұмабек Аймағамбетов.
Мамандар ауылдағы төрт түлікке екпе уақтылы салынды дейді. Ал қырылған мал дерекқор базасына енбегендіктен осындай жағдай болғанын  айтады. Тізімге енбеген ірі қараға екпе егілмейтін көрінеді. Сондықтан маман ауыл тұрғындарына малын  өз атына тіркеу үшін өтінім қалдыруға кеңес береді. Сонда ғана мемлекеттен бөлінетін екпеге ілініп, жоспар бойынша уақытында бақылауға алынатынын айтты. Ал ірі қараның жаппай қырылу себебі әлі белгісіз. Дегенмен, мамандар бұл жұқпалы ауру емес деп болжап отыр.
- Оған біз вакцина жоспарлай алмаймыз. Біз дерекқор базасында қанша бас бар соған вакцина жоспарлаймыз жылдың басында.  Сондай жағдайлар бар. Көбісі өз малдарын дерекқорға өтініш беріп енгізуі тиіс. Бірдейлендіру жұмыстары -  мемлекеттік қызмет көрсетуге жатады. Сол себепті тұрғындардың өзі өтініштерін беруге тиіс, - дейді Қызылорда қалалық ветеринарлық станциясының директоры Нұрлан Төлегенов.