Елбасы мемлекеттік наградалар тапсыру рәсіміне қатысты

Елбасы мемлекеттік наградалар тапсыру рәсіміне қатысты

Елбасы мемлекеттік наградалар тапсыру рәсіміне қатысты
ашық дереккөзі
Тұғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсімге қатысушыларды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, бұл айтулы мереке ел жетістіктерінің жарқын символы екеніне назар аударды.
«Қазақстан осы жылдар ішінде халқымыздың игілігі жолында ауқымды мақсаттарға ұмтылды. Біз еліміздің әлемде лайықты орын алып, мәртебелі мемлекетке айналуы үшін аянбай еңбек еттік. Ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы аңсаған арманын ақиқатқа айналдыру бойынша ұлы миссиясы біздің буынға бұйырғанын мақтан тұтамын. Бүгін Президент Жарлығымен бір топ азамат марапатталды. Соның ішінде сіздер де барсыздар. Тәуелсіздік күні қарсаңында бұл наградаларды тапсыру мен үшін үлкен мәртебе. Сіздер Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне зор үлес қосып жүрсіздер», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Шара барысында мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ бизнес қоғамдастығы өкілдері марапатталды. Сондай-ақ, Елбасы «ВТБ Банкі» президенті – басқарма төрағасы Андрей Костиннің Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын нығайту ісіндегі және екі елдің интеграциялық үдерістері аясында инвестиция-банк секторын дамытудағы еңбегін ерекше атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев қос ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажеттігіне тоқталып, бұл процестегі бизнес өкілдерінің айрықша рөліне мән берді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Астана және Қазақстан Митрополиті Александрды марапаттап, конфессияаралық диалогты ілгерілетудегі, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтаудағы Православ шіркеуінің маңызды рөлін тілге тиек етті. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбекке, Нұрсұлтан Назарбаев қорының атқарушы директоры Қ.Жұмабаевқа, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы Қ.Мәмиге, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Д.Исабековке, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы А.Айдарбаевқа, «А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Б.Баймахановқа, «Bazis-А» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы А.Беловичке, Тұңғыш Президент – Елбасының көмекшісі Ә.Тұрсыновқа, альпинист М.Әуезоваға мемлекеттік марапаттар тапсырылды.
«Сіздер әрдайым жаңа идеяларды тиімді жүзеге асырып келесіздер. Баршаңызға ел игілігі жолындағы жемісті қызметтеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Отыз жылда біз Қазақстанның ілгері басуы мен өркендеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Бұл наградалар – сіздердің Қазақстан мен оның халқы алдындағы еңбектеріңіздің лайықты бағалануының нышаны», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.