«Махаббат мұнарасы» - Түркістан музыкалық драма театрында

«Махаббат мұнарасы» - Түркістан музыкалық драма театрында

«Махаббат мұнарасы» - Түркістан музыкалық драма театрында
ашық дереккөзі
Түркістан музыкалық драма театрының жаңа премьерасы қысқа өмірінде артына мол мұра қалдырған Талаптан Ахметжановтың «Сұлу мен суретші» шығармасының желісінде сахналанады. Бұл тек қана ғашықтардың көзіне көрінетін «Махаббат мұнарасына» жетелейтін, мінсіз сұлулықтан туған туынды. Мұнда махаббат пен өнердің серенадасы салтанат құрады. Сұлулық атауын тап-таза, мөп-мөлдір өнердің өзегінен іздеп, өмір бойы махаббатына адал болған жанның сезіміне елітіп, құдіретіне иіп отырып көретін қойылым. «Алаш» әдеби сыйлығы мен Валентин Пикуль атындағы және Оралхан Бөкей атындағы сыйлықтардың лауреаты, жазушы-драматург Талаптан Ахметжанның 60 жасқа толуы премьерамен тұспа-тұс келіп отыр. Сұлу әлем суретшісінің бұл шығармасы осыған дейін бірнеше сахнада қойылды. Сезім сырын жыр еткен қойылым Түркістан музыкалық драма театрында заманауи келбетке ие болады. Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Ол осымен үшінші театр сахнасында «Сұлу мен суретшіні» сахналайды. Үшеуі үш түрлі қойылуымен ерекшеленеді. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова. Қоюшы суретшісі – Қабыл Халықов. Спектакльге арнайы музыка жазған – Түркістан музыкалық драма театры музыкалық бөлімінің меңгерушісі, бас композиторы Хамит Шанғалиев. Балетмейстер – Мадина Мұратпекова. Бұл спектакльдің басты жаңалығы – премьерада әлемге әйгілі Амати (Antonius Hieronymus Amati) тарихи аспабымен Швейцарияның Цюрих қаласында тұратын талантты музыкант Эльдар Сапараевтың келуі. 1628 жылы жасалған 400 жылдық тарихы бар виолончель аспабымен қойылымның музыкасы сахнада ойналады. 300 жыл Еуропаның корольдік отбасыларының жеке коллекциясында сақталған Amati тарихи аспабы қазір мұражайға қойылған. Әлемде мұндай аспаптың бар болғаны үшеу-ақ. Түркістанның төрінде ойналатын Амати (Antonius Hieronymus Amati) тарихи виолончелі – әлемнің мәдени мұрасы. Әлем мойындаған музыкант Эльдар Сапараев Амати аспабымен «Махаббат мұнарасына» жан бітіреді. Басты рөлдерді Ақбота Рахат пен Жұлдыз Абдукаримова және Әділ Ахметов, Нұрқанат Жақыпбай, Түркістан музыкалық драма театрының актерлері ойнайды. Мәңгілік махаббат тақырыбын арқау еткен спектакльдегі әуезді музыка, режиссерлік шешім, актерлік шеберлік шебер ұштасатын болады. «Махаббат мұнарасын» көруге асығайық, көрермен! Өмір бойы іздеген арманыңызды сол сахнадан табарсыз. Асығыңыз!