Вакцина жасаған институт ұжымдары мемлекеттік сыйлық алды

Вакцина жасаған институт ұжымдары мемлекеттік сыйлық алды

Вакцина жасаған институт ұжымдары мемлекеттік сыйлық алды
ашық дереккөзі
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты және Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының ұжымы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды, деп жазады turkystan.kz. Ақорда сайтына сілтеме жасап. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 6 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2021 жылғы мемлекеттік сыйлығын беру туралы» №709 Жарлыққа қол қойды. Мемлекеттік сыйлық «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынған «Розеофунгин-АС» отандық жаңа түпнұсқалық дәрілік препаратты әзірлеу және оның өндірісін ұйымдастыру» тақырыбындағы жұмыс үшін биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Аманкелді Құрбанұлы Саданов басқаратын авторлық ұжымға берілді. Авторлық ұжым құрамы – биология ғылымдарының кандидаты Ася Балғымбаева, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, биология ғылымдарының докторы, профессор Владимир Березин, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ілияс Құлмағамбетов, биология ғылымдарының кандидаты Людмила Треножникова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультеті доценті міндетін атқарушы, биология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ұлтанбекова. Сондай-ақ, мемлекеттік сыйлық Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты ұсынған «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету: озық ғылыми технологиялар және өндіріс» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін биология ғылымдарының докторы, профессор, Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі Күнсұлу Закарья басқаратын авторлық ұжымға берілді. Авторлық ұжым құрамы – ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ерғали Әбдірайымов, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Мархабат Қасенов, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Лесбек Бекболатұлы Құтымбетов, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Мұхит Орынбаев, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Күләйсан Сұлтанқұлова, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Берік Хайруллин. Айта кетейік, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық техниканың, материалдардың және технологиялардың әлемдік аналогтар деңгейіндегі немесе одан жоғары жаңа түрлерін әзірлегені және өндірісті ұйымдастырғаны немесе экономиканың түрлі салаларында экономикалық және әлеуметтік әсерді қамтамасыз ететін мүлдем жаңа бұйымдарды, технологиялық процесстерді әзірлеп жасаған қазақстандықтарға беріледі.