Қалың киінген Мұхамбетов Арқалықтың қыздарын қалтыратып қойыпты

Бүгін Арқалық қаласына барған Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов сынға ұшырады. Ол туралы құқық қорғаушы Жангелді Сүлейменов атты азамат өзінің Facebook-тегі парақшасына жазды, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл ретте өңір басшысы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында 3 инвестициялық нысанның салтанатты рәсіміне қатысқан. Ал оны қыстың көзі қырауда күтіп алу және лента кесу барысында қыздардың тым жұқа киінгені көрініп тұр.

«Неліктен бұл үшеуі теріден жасалған бас киім, қолғап, супер-пупер курткалар киген, ал қыздар орамал тағып, қолғапсыз, камзол киіп тұр?» дейді жазба авторы.

Рәсім жасалатын уақытты шамаласақ, қазақы көйлектегі қыздардың күн суықта тыста көп тұрып қалғанына күмән жоқ. Мына кейіптері «Тоңдырды мені, тоңдырды сені, желтоқсан желі ызғарлы» деп суреттеуге сұранып-ақ тұрғандай.

«Бұлар – болашақ аналар. Оларды қорғау керек! Артқы жақта бір адам тіпті капюшон тағып алыпты, демек күн қатты суық болған. Ал лентаны кескендер қолғап киіп алған. Қолғаппен кесу ыңғайсыз емес пе? Демек, олардың ақ, нәзік қолдары қатып қалған. Ал қыздар тоңып, шыдап тұра берсін бе?» – деп күйінді Жангелді Сүлейменов.

Оны көрген желі қолданушылар да лента кесу ырымын қыста ғимарат ішінде жасаған жөн екенін ескертті. Әйтпесе кешелі бері Арқалық қаласында ауа температурасы -10 градустан кем болып тұрған жоқ.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button