Шиеліде Қытай зауытын жабуға қатысты сот болып жатыр

Шиеліде Қытай зауытын жабуға қатысты сот болып жатыр

Шиеліде Қытай зауытын жабуға қатысты сот болып жатыр
ашық дереккөзі
Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотында Қытай мен Қазақстан бірігіп ашқан цемент зауытының жұмысын тоқтатуды талап еткен тұрғындар шағымы бойынша сот отырысы басталды. Алғашқы отырыс 9 желтоқсанда өткен, деп хабарлады turkystan.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап. Бірінші санаттағы қауіпті нысанға жататын «Гежуба Шиелі цемент зауыты» маңында тұратын халықтың кәсіпорынмен соттасып жатқанына 2 жылдың жүзі болған. Зауыттан шығатын шаң-тозаң мен жағымсыз иістен әбден мезі болған тұрғындар кәсіпорынды жабуды немесе басқа жаққа көшіруді, өздеріне материалдық-моральдық өтемақы төлеуді талап етеді. Ал тұрғындар шағымымен келіспей отырған кәсіпорын өндіріс орнынан зиянды зат шықпайтынын, барлық экология талаптары сақталатынын айтып отыр. Бұған дейін тұрғындар ауыл экологиясы нашарлағандықтан ауру-сырқау көбейгенін, кейбірі соның салдарынан басқа жаққа көшуге мәжбүр болғанын айтқан. Кейбір экологтар зауытқа байланысты қоғамға ашық болуы тиіс ақпараттардың негізсіз «жасырылғанын», мемлекеттік органдарды сотқа беріп жатып та ол ақпараттарға қол жеткізе алмағанын хабарлаған.
«Зауытты іске қоспай, ауаға әсерін қалай өлшейміз? Сол себепті, 2 жыл бойы күн сайын ауаның құрамына зерттеу жүргізілді. Оны арнайы зертханалар жасады. 2019 жылы қарашада бастасақ, 2021 жылдың қарашасында аяқтадық. 6 желтоқсанда СЭС-тің мақұлдауын алдық. СЭС «иә, адамға зияны жоқ екені анықталды» деп санитарлық қорғау аймағын 500 метр жерге бекітті. Ал енді тұрғындардың «ауру шықты, жара шықт» дегендері еш дәлелсіз», – дейді зауыттың заңгері Ғабит Құлмахан.
«Гежуба Шиелі цемент зауыты» – Қазақстанның индустриализация бағдарламасы аясында Қытаймен бірлесіп қолға алған 55 жобаның бірі. Жоба құны 177 млн доллар деп хабарланған. Бұл іс бойынша келесі сот отырысы 28 желтоқсанға белгіленді.