Субсидияға бөлінген 40 млрд теңге желге ұшқан

Субсидияға бөлінген 40 млрд теңге желге ұшқан

Субсидияға бөлінген 40 млрд теңге желге ұшқан
ашық дереккөзі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Марат Ахметжановтың айтуынша, елімізде соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығына арналған субсидияға 2 трлн теңге бөлінген. Оның ішінде ет өнімдеріне ішкі сұранысты қанағаттандыру мақсатында 465 млрд теңге субсидия беріліпті, деп хабарлады turkystan.kz. Бірақ субсидия алған шенеуніктерге қатысты қылмыстық істер тоқтаған емес.
«Егер жалпы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 960 қылмыс тіркелген болса, олардың жартысынан астамы (54%) субсидия жымқыруға қатысты. Жүргізілген талдау бюджет қаражатын бақылаусыз пайдаланудың өрескел деректерін, көптеген сыбайлас жемқорлық схемалары мен субсидияны ұрлау тәсілдерін ашты», - деді Марат Ахметжанов.
Қазір Антикор 62 қылмыстық істі тергеп жатыр. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидияға арналған 13 бұйрығына сыбайлас жемқорлықты жоюға арналған 170 ұсыныс енгізген. Соған қарамастан Ұлттық аграрлық ғылыми орталықтың бірқатар қызметкерлері жануарларды сәйкестендіру базасындағы деректерді өзгертіп, сыйақы алып отырған.
«Ақтөбе облысында осы орталықтың қызметкері басқаратын қылмыстық топ анықталды. Тінту кезінде фермерлердің ЭЦҚ-сы бар 400-ден астам флешка мен олардың 300 млн теңгеден астам кіріс алғанын көрсететін қара бухгалтерия табылды. Жағдайды талдау осы бағдарлама бойынша субсидиялардың шамамен жартысы, яғни 40 миллиарды желге кетіп қалғанын айтады», - дейді Антикор басшысы.