Жаңалықтар

Оқушысы соққыға жығылған мектеп директоры қызметінен шеттетілді

ашық дереккөзі

Оқушысы соққыға жығылған мектеп директоры қызметінен шеттетілді

Алматы облысы Рахат ауылдық округінде 10-сынып оқушысы соққыға жығылды, деп хабарлады turkystan.kz. Бұған дейін «Немолчи» қорының жетекшісі Дина Тансари 11-сынып оқушысы 10-сынып оқушысын ұрып-соққаны жайлы мәлімдеген. Айтуынша, жоғары сынып оқушысы одан ақша талап еткен. «Айгүл - үш баланың анасы, ажырасқан, жұбайы көмектеспейді, балаларынан бас тартқан, ол балаларын жалғыз асырап отыр, түрлі жұмыс істейді, білімі жоқ. Оның 10-сыныпта оқитын баласын жоғары сынып оқушылары ұрып-соғып, уақыт қойып, ақша әкелуді талап еткен. Айтқан қаржы сомасы олардың отбасы үшін көп болған, бала түнделетіп қар тазалап, жоғары сынып оқушылары ұрып-соқпасын деп ақша іздеген», деді қоғам белсенділері. Алматы облысының полициясы оқушылар арасындағы жанжал 6 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округінде болғанын растады. «Тексеру барысында оқиға сабақтан кейін, сағат 13:30 шамасында, №1 мектептің 10 және 11-сынып оқитын екі оқушысының арасында болғаны анықталды. Бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, істі дұрыс шешу үшін қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады полициядан. Бұл дерек бойынша материалдар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберіледі. «Қазір зардап шеккен 10 «А» сынып оқушысы аудандық ауруханада ми шайқалудың жеңіл түрі деген диагнозбен емделіп жатыр. Жағдайы қанағаттанарлықтай, дәрігерлердің бақылауында», - деді Алматы облысы Білім басқармасы. Осы оқиға бойынша аудан әкімінің бірінші орынбасары, прокуратура басқармасы, полиция және білім бөлімі бірлесіп, шұғыл жиналыс өткізілген. «Жұмыста жіберілген кемшіліктер үшін мектеп директоры Б.Бөкаеваға сөгіс түрінде жаза қолданылды, тергеу аяқталғанға дейін директор қызметінен шеттетілді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Жаңабай қызметінен босатылды, директордың тәрбие ісі жөніндегі екінші орынбасары М.Еділге сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды», - деді білім басқармасындағылар.