«Бүгінгі жетістіктер егемен елдің, халқымыздың ерлігінің жемісі» – Тоғжанов

«Бүгінгі жетістіктер егемен елдің, халқымыздың ерлігінің жемісі» – Тоғжанов

«Бүгінгі жетістіктер егемен елдің, халқымыздың ерлігінің жемісі» – Тоғжанов
ашық дереккөзі
Назарбаев орталығында «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» атты халықаралық конференция өтті, деп жазды turkystan.kz. Ауқымды шара барысында тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның айтулы жетістіктеріне тоқталып өткен Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басшылығымен қазіргі заманғы демократиялық мемлекеттің барлық элементтерін қалыптастырудағы тарихи рөлін ерекше атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан – тарихи тұрғыдан аз уақытта әлемдік өркениетке өзін танытқан қуатты әрі болашағы жарқын мемлекет. Бұл жетістіктер – егемен елдің жаңа тарихын жазуда жасампаздық танытқан халқымыздың ерлігінің жемісі. Қысқа мерзім ішінде нарықтық экономиканың жұмыс істеуінің ілгері заңнамалық базасы құрылып, жаңа банктік және фискалдық жүйе енгізілді. Жаңа сауда-экономикалық байланыстар құру және кәсіпорындарды нарықтық жағдайларға бейімдеу бойынша шаралар қабылданды. Отандық бизнесті дамыту үшін жағдай түбегейлі өзгерді», – деді Ералы Лұқпанұлы.
Спикердің айтуынша, тәуелсіздік жылдары еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,4 миллионға жетті. Мемлекет қолдауының нәтижесінде соңғы 30 жыл ішінде жалпы ішкі өнім долларлық баламада 17 есе өсті. Осы шаралардың барлығы еліміздің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуының және қоғамдағы саяси тұрақтылықтың негізіне айналды. Халықтың табысы 10 есе өсіп, жұмыссыздық 12,8-ден 4,9 пайызға дейін төмендеді. Тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында халық саны 4 миллион адамға артып, орташа өмір сүру ұзақтығы 71 жасқа дейін өсті. Тәуелсіздіктің арқасында 1,5 миллион қазақстандықтың тұрғын үй жағдайы жақсарды. Ал бой көтерген әлеуметтік нысандардың саны 5 мыңнан асты. Ауқымды шара барысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылда жеткен жетістігі қорытындыланып, болашақ дамуы талқыланып, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекет ретінде құрылуының табысты тәжірибесі әңгіме өзегіне айналды.
«Елбасының «Қазақстан ядросыз әлем үшін» атты әлем жұртшылығына Үндеуі біздің еліміздің жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіне қосқан теңдессіз үлесіне айналды. Біздің елімізге деген жоғары сенімнің негізі болды. Елдегі саяси тұрақтылықтың арқасында шетелден инвестицияның тұрақты ағыны ақты. Әдетте, бірде-бір кәсіпкер салатын капиталының қайтарылатынына көз жеткізбейінше, өзге елдің жобаларына қаржы құймайды. Дегенмен, бүгінге дейін елімізге 400 миллиард АҚШ долларды құрайтын шетелдік инвестиция тартылды. Бұл ең алдымен тұңғыш Президенттің жеке басына деген сенімнің жоғары болғанын дәлелдейді. Ол тұрақтылық кепілі болды», – деді вице-премьер.
Айта кетейік, «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» атты халықаралық конференция – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған негізгі іс-шаралардың бірі. Оған танымал халықаралық саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметтестері қатысты.