Қазақ ғалымы NASA-мен бірге Марсты игеруге күш салып жүр

Ғалымжан Исабеков – Америкада NASA агенттігі қар­жыландыратын бірнеше жобаны іске асыратын жұмыс тобына мүше ғалым. Ғылым жолына түскенге дейін жал­пы медицина, сосын нейрохирургия саласы бойынша бі­лім алып, Бейжіңдегі ауруханалардың бірінде дәрігер қыз­метін атқарған. Бүгінде Ғалымжан ғарыш медицинасы секіл­ді тың салаға бет бұрып, ғарышкерлердің денсаулығын зерт­теп, ғарышқа ұшудан туындаған мәселелерге сараптама жа­сап жүр. Алдағы уақытта Марсқа аттанатын мамандардың алаң­сыз жұмыс істеуіне үлес қосқысы келетінін де жа­сыр­майды. Сыртта жүрсе де, білген-көргенін қазақстандық оқу­шылармен бөлісіп жүрген ғалымға хабарласып, сұх­баттасқан едік.

– Дәрігерлердің көбі бір ауруханада көп жыл жұмыс істейтіндіктен, бізге оларға сол жерде өсіп-өніп, жетілген қолайлы секілді, тұрақтылықты жаны қалайтын сияқты көрінеді. Ал сізде барлығы керісінше екен…
– Иә, дәрігер мамандығын таңдаған адам ұзақ жыл бойы бакалавриат бөлімінде оқи­ды, сосын ауруханадан тәжірибеден өтіп, резидентурада тағы да білім алады. Бас­қа факультетте 3-4 жыл оқығандар ике­мі келмей жатса басқа салаға ауысып, ақы­рында өсіп-өніп жатады ғой. Ал медицина се­кілді күрделі салада дәрігердің өсуі ұзақ уа­қытқа жалғасады. 35 жаста ғана отаны же­ке жасауға мүмкіндік береді немесе сол жас­та ешкімнің көмегінсіз жеке дәрігер ре­тінде ем-дом тағайындай алатын дең­гей­ге жетесіз. 10-15 жыл теория мен прак­ти­каны ұштастырып жұмыс істеген соң ғана қолыңызға «Енді өзің емде» деп науқас адам­ды сеніп тапсырады. Бұл – әлемде бар прак­тика. Негізі, мен мектепте оқып жүр­генде дәрігер боламын деп тіпті де ойла­ма­ғанмын. Кентауда қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенде халықаралық олим­пиа­да­ларға қатысып, шетелдік оқушылармен етене араластым. Сол кезде жоғары білімді шет­елде алу керек екенін түсіндім. Оның үстіне, оқушы кезімізде барлығы қызық қой. Сол уақытта Қазақстан мен Қытай ара­сында мұнай ісі бойынша байланыс енді дамып жатқан кез. Сөйтіп, екеуара ынтымақтастық нәтижесінде бізге грант бөлініп, Қазақстанның әр өңірінде мектеп бітірген 14 оқушымен бірге бағым жанып, Қытайға оқуға келдім. Алдымен тіл курсын оқы­дым, оң-солымды танымайтын сол шақ­та әкемнің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, экономист оқуына түстім. Бірақ бұл мамандықты жүрек қалауым бойынша таңдамаған соң, оқуды жалғастыруға өзімді мәж­бүрлей алмадым. Сосын сол жақта оқып жатқан адамдармен ақылдасқанда, олар: «Қытайға келсең оқитын үш-ақ нәрсе бар: қытай тілі мен әдебиеті, қытай медицинасы және сауда-саттық ісі. Ойлана келе медицинаны таңдап, емдеу ісімен айналысамын деп шештім. Біздің әулетте маған дейін ешкім ғылымға ден қоймаған, сол себепті бұл істің қолымнан келетінін дә­лелдегім келді. Сөйтіп, Бейжің универ­ситетінде бір жыл бойы физика, химия, математика, биология пәндерін оқып, ме­дицина факультетіне оқуға түсуге дайын­дық жүргіздім де, алты жыл бойы сол уни­верситетте білім алдым. Теорияны осын­да оқыған соң, практиканы да осында жүзеге асырайын деп Бейжіңдегі үздік ауруханалардың бірінен резидентурадан өттім. Орталық жүйке жүйесін зерттеу бұрын­нан қызықтыратын, сол себепті өзі­ме қызық іспен айналысайын деп нейро­хирургия бөлімін таңдадым.
Қазақ ғалымы NASA-мен бірге Марсты игеруге күш салып жүр– Сіз туралы көпшілік біле бер­мей­тін бір дерек: резидентурада оқып жүр­геніңізде Бейжің метросында есі­нен танып қалған қытайлық қарияға дер кезінде медициналық көмек көр­сет­кен соң, жергілікті БАҚ сіз туралы жарыса жазған деседі.
– Иә. Таңертең сағат жетіде жұмысқа бару үшін метроға кірген кезде егде жас­та­ғы адамның жерде құлап жатқанын бай­қа­дым. Екі қытайлық азамат әлгі қарттың қа­сына жүгіріп барып, көмектескелі жатыр екен. Мен де қарап тұрмай дереу қастарына жетіп барып, қарияның жағдайын тексере бастадым. Жасы келген кісі болғандықтан, жүре­гі ұстап қалған болар деп жүрегін тың­дап, тынысын тексердім. Сосын жүрекке ті­келей емес массаж жасадым. Бірнеше ми­нуттан соң жедел жәрдем стансасының қыз­меткерлері келіп, науқасты ауруханаға алып кетті. Бірақ бұл әрекетімді ерлік санамаймын. Менің орнымда басқа адам болса да тура осылай көмектесер еді. Не­гізі, бұл туралы көпшілік білмейтін де еді. Жұмысқа келген соң бөлімдегілерге болған жайт­ты айттым. Дәрігер болған соң қария­ны «ауызға-ауыз» әдісімен жасанды дем алдырғаннан кейін жұқпалы аурудың бар-жоғын міндетті түрде тексертуіміз керек. Жұмыстағылар бой бермей болған оқиғаны желіге жазуымды сұрады. Содан соң көп­шілік мұны батырлыққа балап, жан-жаққа тарата бастады.
Қазақ ғалымы NASA-мен бірге Марсты игеруге күш салып жүр– Сосын өзіңізді ерекше қызық­тырған нейрохирургиядан әлемге беймәлім ғарыш медицинасына бет бұру­ға не түрткі болды? Қытайдан Аме­ри­каға оқуға түсуіңізге де осы себеп бол­ды ма?
– Қытайда оқып жүргенде түрлі кон­ферен­цияға жиі қатысатынмын. Сол кезде ней­рохирургияның «түбі» Америкада еке­ніне көзім жетті. Келіншегіммен ақылдаса келе білімімді жалғастыру мақсатында сол елге барамыз деп шештік. Алайда Аме­ри­када нейрохирургия мамандығы бойынша докторантураға түсу қиын. Әлемнің әр түпкірінен жиналатын мықты дәрігерлерді есептемегенде олардың өз арасындағы бәсе­келестік қыз-қыз қайнап тұр. Сосын алған бағаңыз, жазған ғылыми мақа­лаңыз­дан бөлек, сізге мінездеме жазып беретін тұлға Денсаулық сақтау министрі секілі лауазымды қызметте болуы тиіс. Кейін бір конференцияда танысқан шетелдік ғалымның «Оқуға түсу үшін ешкімде жоқ бір ерекшелігің болуы керек» деп айтқаны есімнен шықпай қойды. Сол сұраққа бас қатырып, ойланып жүрген кезде бір күні Facebook желісінен Байқоңыр туралы жаңа­лықты көзім шалды. «Медицина мен ғарыш арасында байланыс бар ма екен осы?» деп ойланып, интернеттен деректер іздей бастадым. Сөйтсем, түйсігім алдама­ған екен, ғарыш медицинасы деген өз алдына бөлек сала бар екеніне көз жет­кіз­дім. Содан Мәскеуде аэроғарыш меди­ци­на­сына қатысты үлкен конференция өткелі жатқанын естідім. Ақша жинап, жұмыстан сұранып, Мәскеуге бардым. Ол жерде мені танымайтын ғалымдар «Қайдан келген мамансың?» дегендей таңғалып, сұрап жатты. Оларға мұндай саланың бар екенін енді біліп жатқанымды, қызығушылығым зор екенін айттым. Сол конференцияға қа­тысқанда көкейімде жүрген сұрақ­тарға жауап таптым. Сосын Ұлыб­ри­таниядан келген ғалымдар «Ақыры ғарыш ме­дицинасына қызығып жүр екенсің, осы саланы Англияда біржылдық магист­ра­тура­да жақсы оқытады, соған тапсыр» деп ақыл-кеңес айтты. Оларға уәде бергендей ол оқуға тапсырдым, бірақ оқу ақысын төлейтін қаржы табу қиын болды, оның үсті­не дәл сол уақытта балам дүниеге келді. Оған коронавирус салдарынан бекітілген шек­теулерді қосыңыз. Сосын елге келіп, осы саланы бір жыл бойы терең зерттедім. Қан­ша дегенмен бізде ғарышқа ұшқан үш ғарышкер бар. Оларға да түрлі эксперимент жа­салатыны белгілі. Алматыда ғарыш зерт­теулерімен айналысатын орталыққа барып, өз ісінің білгірі саналатын мамандармен таныстым. Олардың көп көмегі тиді. Одан бөлек, интернеттен ғарыш медицинасының жілігін шағып, майын ішкен шетелдік мамандардың сабақтарын қарап, жүздеген ғылыми мақаланы ақтарып шықтым. Сол арқылы бірнеше маман тауып, оларға хат жаздым. Артынша олар менімен байланыс ор­натып, сұхбаттасты. Оларға нейро­хирур­гия секілді бэкграунды бар менің ғарыш ме­дицинасына қызыққаным жаңалық бол­ды. Өйткені бұл сала бойынша оқуға тап­сыратын зерттеушілердің дені – басқа саланы меңгергендер. Ал бірнеше жыл бойы ауруханада жұмыс істеген дәрігердің келуі мұндай жаңа салаға екіталай. Бірақ жо­лым болып, ғылыми жетекшімнің қол­дауымен грантқа түсіп, Флорида универ­си­тетінің докторанты атандым. Қазір осында бірнеше жоба жүргіземін.
Қазақ ғалымы NASA-мен бірге Марсты игеруге күш салып жүр–Қазір айналысып жүрген жо­баңыз кімді болса да қызықтыратыны анық. «Ғарышқа ұшқан ғарышкерлер жерге келген соң 10-15 жыл бойы дәрігердің бақылауында болады» де­генді сізден бірінші рет естуіміз. Сіз жүр­гізіп жатқан, NASA агенттігі қар­жыландыратын жобалардың тағы қан­дай ерекшеліктері бар? Сол бірне­ше жобаның ішінде Қазақстанға қа­тыс­тысы бар ма?
– Әлбетте, бар. Осы салаға келгенде та­­­нысқан қазақстандық мамандар маған сенім артып, өз жұмыс топтарына қосты. Қа­­зір біздің университеттегі жұмыс то­бы­мен бірігіп, ғарыштағы тербеліс мәселесін шешуді қолға алып жатырмыз. Одан бөлек, ғарышқа ұшудан туындаған орталық жүйке жүйесінің өзгеруін қалпына кел­тіруді іске асыратын, NASA қаржы­лан­дыра­тын үлкен жобамен айналысудамын. Сізге ай­тып өткендей, ғарышқа ұшып барып кел­ген ғарышкерлердің денсаулығын 10-15 жыл қадағалау қажет. Жерге оралған соң, ғарышкердің ағзасында өзгерістер пайда бо­лады, ақыр аяғында түрлі мәселе туын­дайды. Жалпы, ғарышкердің жағдайына кері әсерін тигізетін көптеген фактор бар, бәрі­нен бұрын олардың көру қабілеті н­а­шарлауы мүмкін. Сосын ғарыш станса­сын­дағы көмірқышқыл газының деңгейі жерге қарағанда 10 есе жоғары. Одан басқа, сүйек әл­сіз болады, себебі салмақсыздық жағ­дайын­да олар қолданылмайды. Бұлшық еттер де массасын жоғалтады. Ғарышкер біраз уақыт емделіп, жағдайын түзесе де, қар­тайғанда қайтадан денсаулығынан кінәрат шығуы ықтимал. Сол үшін оларды орталыққа шақырып, тексеру жүргіземіз, ана­лиз алып, сараптама жасаймыз. Соны­мен қоса NASA қаржыландыратын тағы бір жоба – жердегі жасанды ауырлықты қал­пы­на келтіру және оның миға әсерін зерт­теу ісін қолға алдық. Қазір осы жөнінде де­рек­тер жинап, сараптама жұмыстарын жүргізудемін.
– Instagram-дағы жеке парақ­шаңыз­дың жоғары тұсында «Марста тұра­тын астронавтарды әзірлеп жа­тыр­мын» деп жазулы тұр. Ғарыш­кер­лердің денсаулығын тексеруге ба­ғыт­талған бұл жобаларыңыздың нәтижесі болашақта Марста тұрақтауы мүмкін мамандарға да оң әсерін тигізуі мүмкін ғой.
– Әрине. Қазір жүргізіп жатқан зерт­теу­лердің мақсаты осыған келіп тірелуде. Жал­пы, ғарыш агенттіктерінің басты мақ­са­ты Марсты бағындыру екені бесене­ден бел­гілі. Қазір барлығы сол жаққа ғарыш­керлерді ұшырып, олардың денсаулығына зиян тигізбестей сол жақта ұзақ уақыт «ұс­таудың» амал-айласын ойлап табуды көз­деп отыр. Осы мақсатта ғарышкерлер ал­ты ай бойы Халықаралық ғарыш кеме­сін­де зерттеумен айналысады. Жерге орал­ған соң оларға тағы эксперимент жасалады. Мұн­дағы мақсат – олар Марсқа 9 немесе 12 айға ұшып барса, жерде жасаған әрекетін қай­талай ала ма, жоқ па, соны тексеру. Оған қоса, жердікіндей емес, ол жақтың гра­витациясына бейімделу оңай емес. Бізге ке­регі – ғарышкер Марсқа барғанда еш қиын­дықсыз жұмысқа кірісетіндей жағдай­да болуы керек. Осы мақсатта күн сайын көптеген эксперимент жүргізіп жатыр.
Қазақ ғалымы NASA-мен бірге Марсты игеруге күш салып жүр– Бұл салаға бас сұққаныңызға 4 ай ға­на уақыт болса да, Еуропа ғарыш агент­тігі әзірлеген бағдарламаға қа­тысу­ға шақырту алыпсыз.
– Еуропалық ғарыш агенттігінің ма­мандары әлемнің әр бұрышында ғарыш медицинасы бойынша тәжірибе жинаған дәрігерлер, зерттеу жасаған немесе жұмыс істеген мамандардың басын қосып, Кельн (Гер­мания) қаласында арнайы курс өткі­зеді. Ол курста ғарышкерлермен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлер сабақ береді. Биыл пандемия шектеулеріне байланысты бұл бағдарлама онлайн форматта өтті. Бұл курсқа шақыру алу да оңай емес. Сол се­бепті аз уақыт ішінде мұндай мүмкіндік туындағанына қуаныштымын. Жаңа сіз «4 ай» деген соң ойланып отырмын. Расымен, нейрохирургияда тәжірибе жинақтап жүрген менің аяқ астынан ғарыш меди­цинасына келгенім қызық болды. Қазақта «нәсіп» деген әдемі сөз бар. Осындай қы­зық­ты салаға бас сұғып, ынта-шынтаммен беріліп жұмыс істеу нәсіп болып бұйырып тұр екен. Қайырлысы – осы.
–Бір-екі сайтқа берген сұхбатыңыз­да барлығын айтсаңыз да, алға қойған мақсатыңызды бөліспепсіз. Қазір қан­дай мақсат діттеп жүргеніңізді білсек бола ма?
– Мендегі мақсат екеу: ғарыш медици­насына маманданатын дәрігерлер әзірлеу. Өзімді оқытушы рөлінде көремін. Бар білгенімді біреумен бөліскен, өзім үйренген нәрсені өзгеге үйреткен ұнайды. Қазір де бар білгенімді ортаға салып, бөлісіп жүрмін. Қазақстанда білім беру ісіне бағытталған Leadership KZ бағдарламасының көмегімен оқушыларға ашық сабақ өткізгенім бар. Сосын Бурабай маңындағы бір ауылдағы мектепте оқитын оқушылармен онлайн форматта кездесу өткіздім. Жалпы, бүгінге дейін елдегі 5-6 мектептің оқушыларына дәріс оқыдым. Ай сайын қоғаммен байла­ныс орнатып, осындай игі істермен айна­лысамын деп шештім. Тағы бір айта ке­терлігі, алдағы уақытта YouTube-те жеке кана­лымда ғарыш медицинасы жөнінде ағыл­шын, орыс, қытай және қазақ тілінде са­бақ­тар жүргізуді жоспарлап отырмын. Екін­ші мақсатым – адамзатты толған­дыр­ған мәселені шеше алатын, мүйізі қар­а­ғайдай майталман ғалымдармен бір ортада жұмыс істегім келеді. Олармен бірге пайда­лы іс атқарып, жаңалық ашып, адамзаттың өркендеп-дамуына үлес қосуды көздеймін.
Қазақ ғалымы NASA-мен бірге Марсты игеруге күш салып жүр– Сөз соңында, медицина секілді күрделі мамандықтан жаңашылдық тауып, басқа қырынан жұмыс істеуге бо­латынын дәлелдеген сіздің ма­ман­дығына деген махаббаты, ғылыммен ай­налысуға құлқы жоқ мамандарға айтарыңыз бар ма?
– Негізі, ғылым – өте қиын кәсіп. Үнемі жалғыз жұмыс істейсіз, ал кейбір адамдар жаңалықты жалғыз жүріп ашқанша топпен бірге жар салғанды жаны сүйеді. Ең алды­мен, мектеп бітіргелі отырған жас түлек өз-өзін таныған жөн. Өзіңді қазбалап, өз­геруге талпыну керек. Өз-өзін таны­майын­ша бойыңа жиған білімің мен әлеуетің те­сік шелектен су аққан секілді ағып кете бере­ді. Қай жерден қалайша ағып кетіп жат­қанын түсінбей, дал боласың. Сосын та­ғы бір мәселе – жастар талдау жасай білуі керек. Сыни ойлауды дамыту керек. Өмір тек ақ пен қара болып қана бөлінбейді. Бас­қа да түстер бар. Бізде ақпарат ағыны өте көп. Пайдалы және пайдасыз нәрсені ажы­рата білу керек. Егер адам талдай алма­са, сол қоқысты қабылдап, өзі де қоқыс шы­ғаратын болады. Қазір қарапайым отба­сынан шыққан жастардың анализ жасау, сыни тұрғыда ойлаудан хабары жоқ. Ол – түсінікті жайт. Десек те, бірден әлеуметтік желіге «сүңгіп» кетпей, озық ойлайтын қа­тарластарынан қалмаудың қамын ой­лаған жөн.

Мысалы, мен түске дейін әлеу­меттік желілерді мүлде ашпаймын. Осы­лай­ша, күш-қуатым асып-тасып, күні бойы өзімді жақсы сезініп жүремін. Біле білсеңіз, адам энергиясы шектеулі. Ал таң атпастан әлеуметтік желіні шолып шықсаңыз, кешқұрым көңіл хошыңыз соқпай, ештеңе істегіңіз келмейді, концентрация жоғалып, әлде­нені ойлап, абдырайсыз. Сөйтіп, бар­лық күш-қуатыңыз сарқылып қалады. Сол үшін әлеуметтік желіге тәуелді болуды до­ғарған жөн. Сосын сананы тұрмыс билеген қазіргідей заманда жастардың мұраты жақсы көлік алу, жақсы үй салумен ғана шек­телмеуі тиіс. Қанша тыңдасаң, құлақ құрышы қанбайтын, қанша қауышсаң мауқың басылмайтын тұлғамен араласып, көк­жиекті кеңейтіп тұрған дұрыс.

Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button