Неке жайлы дәстүрімізге әлем ғалымдары таңғалып отыр
Неке жайлы дәстүрімізге әлем ғалымдары таңғалып отыр
Дәрігер ретінде қазақтың ертеден сақталып келе жатқан салт-дәстүріне сай халық медицинасы мен генетика іліміне негізделген «жеті атаңа дейін, яғни туысқаныңмен некеге тұруға болмайды» деген тұжырымды ерекше атап өтер едім. Соңғы аталған ұлттық заңдылық қай дәуірде енгізілгенін ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ оның дұрыстығын қазір әлемнің барша ғалымдары мойындап отыр. «Тек», «тектілік» деген сөзде үлкен қасиет бар екенін ата-бабамыз жақсы білген. Тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Текті-лік – адамның ерекше қымбат қасиеттерінің парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілуі. Сондықтан қыз алысып, қыз беріскенде қазақ әркез текті жермен құда болуға тырысқан. Мұның ғылыми негізіне үңілсек, болашақ ұрпақтың денінің сау болуы, парасатты болып қалыптасуы көбінесе текке байланысты деп ұққанымыз жөн. Хакім Абай жеке тұлғаның қалыптасуы барысында оның өскен ортасы мен алған тәрбиесінен бұрын, қанындағы, тегіндегі қасиеттердің басымдыққа ие болатынына ерекше тоқталған. Абай секілді алып ой иесінің тамыры тобықтының ішіндегі шынжыр балақ, шұбар төс тұқым екеніне де кезінде көп көңіл бөлінбегені рас. Өкінішке қарай, соңғы кезде АҚШ пен Еуропаның көптеген елінде генетика заңдарына кері келетін некелер көрініс беріп, адамдар арасында қан тазалығы жойылып барады. Сөйтіп, ұрпақтың азғындауы орын алып, қызтекелер, «көгілдірлер» («голубые») және де басқа теріс қылықтылар тобы көбейе түсті. Тіпті, қыздар қыздарға, ұлдар ұлдарға некеге тұрып жатқандары ешбір заңдылыққа, адамгершілікке келмейді. Кейбір қалаларда олардың қауымдастығы құрылып, клубтар жұмыс істеуде. Таңғаларлық теріс қылықтарды, сюжеттерді, оқиғаларды, көріністерді теледидардан көріп жағаңды ұстайсың. Адамның тексізденуі, тіпті азғындауы емес пе, бұл? «Жаманнан жақсы туса – теңі болмас, жақсыдан жаман туса - емі болмас» дейді қазақ философиясы. Адам түгілі аң мен малдар арасында жақын қандасына жақындап, қосылып жатқанды көрмейсің. Өмірде жылқы мен есек жақындасса, будандасса одан әрі еш тұқым бермейтін қашар туады екен. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома емес пе? Адам әркез биік саналы болып, нағыз адам болып қалуы парыз. Тұқымқуалаушылықтың заңдылықтары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі өрескел қате. Себебі ондай адамдардың генотиптерінде ұқсастық болады. Ал тұқым қуалайтын аурулар мен түрлі кемістіктерді көбінесе рецессивті гендер анықтайтыны белгілі. Олар тек рецессивті гомозигота жағдайында ғана білінеді. Туыстық некеде ондай мүмкіншілік мол болады. Сондықтан олардан туатын ұрпақта кемістік көп кездеседі. Керісінше, туыс емес ерлі-зайыптыларда ондай жағдай өте сирек кездеседі және ұрпақтың тіршілік қабілеті жоғары болады. Себебі олар көбіне гетерозиготалы жағдайда болатындықтан, Мендель заңына сәйкес ауру мен кемістікті анықтайтын рецессивті генді доминантты ген жеңіп кетеді. Біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан қалыптасқан дәстүр бойынша жеті атадан кейін ғана некелесуге рұқсат беріледі. Бұл біздің гендік қорымыздың мол әрі мықты болуына әсер етеді. Сондықтан мұндай дәстүрді мүмкіндігінше сақтауымыз қажет. Осы күндері әлемнің генетик ғалымдарын таңғалдырып отырға-ны – қазақтың ұлттық генетикаға байланысты тарихи ұғымы. Балалары кембағал болып туып, әртүрлі генетикалық ауруларға (ақыл-ойды таяздайтын олигофрения ауруы, сан түрлі неврологиялық-жүйке аурулары, аяқ-қол кемістігі) тап болады. Сондықтан отбасын құратын, әсіресе тегінде тұқым қуалайтын кемістіктер бар адамдар медициналық-генетикалық кеңес алғаны жөн. Мұндай кеңес беретін орталықтар қазір Қазақстанның көптеген қаласында бар. Ерте кезде Еуропа елдерінде өздерін «ақсүйек» санайтын корольдер, патшалар мен императорлар, князьдар мен графтар арасында өзара құда түсіп, балаларын үйлендіріп, қыздарын тұрмысқа беретін салт-дәстүр болғаны тарихтан белгілі. Уақыт көрсеткендей, бірте-бірте әлгілердің арасында сан түрлі тұқым қуалайтын аурулар көбейіп, қандары бұзылып, ауру-сырқау көбейген. Исландия мамандары әйелдер арасында жүргізген зерттеулерінің қорытындысы бойынша туыс болып келетін ағайындар арасында қыз алысудың нәтижесінде нәрестелердің дүниеге аз келетінін анықтаған. Есесіне, өзге жерден қыз алғандар баланы да, немерені де көбірек сүйген. Бұл дерек пен дәйектердің барлығы терең ойға жетелейді. Өйткені соңғы кездері кейбір зерттеушілер ағайынаралық некенің зияны жоқтығын айта бастады. Бұл – қате пікір. АҚШ-тың өзінде ағайындардың бір-бірінен қыз алып, қыз беруіне тыйым салынған. Ал 31 штатта бұл мәселе заң арқылы шегеленіп қойылған. АҚШ-тың Ұлттық генетиктер қоғамының мамандары дүниеге келетін өзге балалармен салыстырғанда, туыстар арасындағы балаларда сырқат 2-3 есе көп болатынын жасырмайды. Одан қала берсе, нашақорлар мен маскүнемдер, бұзақылар да осындай некеден көп тарайды. Осының зардабын тартып жүрген көршілеріміз де бар. Мәселен, Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы жақын туыстар арасындағы некеге тыйым салатын және жас жұбайларды үйленбей тұрып, медициналық тексеруден өтуге міндеттейтін заңға енгізілген түзетулерді бірауыздан мақұлдағаны белгілі. Ол заң бойынша бөлесімен және жиендерімен некеге тұруға болмайды. Тәжікстанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кемтар балалардың шамамен 30-35 пайызы жақын туыстардың некесінен туғандар. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дей келе «Қашанғы жеті атаға жабысып отыра береміз?», «Бүйректен сирақ шығаруды қазақ қайдан алған? Неге біз сол ескі дәстүрге «жабысып қалғанбыз?», – деп қасиетті ұлттық дәстүрімізді жоққа шығарғысы келетіндер бар. Тіпті, баспа құралдарында да осы тектес сұрақтар көтеріліп, талқыға түсіп жатады. Әрине, олардың ғылымда түсінігі таяздықтан, яғни генетика заңдылықтарына терең көңіл аудармағандықтан болуы керек. Генофондты таза сақтау, гендерлік мутацияның кері әсеріне шаруалары жоқтықтан болар, сірә. Иә, біздің дала өмірінде қанша аласапыран дәуір өтсе де туыс адамдар бір-бірімен қарым-қатынаста үлкен әдептілік сақтаған. Жеңіл әзіл-қалжың құрдастар, жеңгелер мен балдыздарға арнап айтылса да әдепсіздікке жол бермеген. Тіпті, ойын-сауық кездерінде де туыс адамдар бір-біріне анайы әзіл-оспақтар айтпаған. Жалпы, халқымыз, әсіресе рулық сипаттағы қауымдастықтар туыстық қарым-қатынасқа айрықша мән берген, туысым-бауырым деп ерекше сыйлап, жақын тартқан. Өздерін туыс санап, бір отбасының мүшелеріндей сезінген. Сірә, осындай сана-сезім туыс адамдардың некелесуіне жол бермеген. Уақыт өте келе ол мызғымас салт-дәстүрге, заңдылыққа айналған. 2019 жылы ақпан айында Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі ағайынды адамдардың балаларына үйленуге тыйым салуды ұсынды. Бұл ұсыныс қоғам тарапынан қолдау тауып, Отбасы кодексінің 16-бабына өзгеріс енгізді, яғни қаны бір және немере бауырларға отбасын құруға рұқсат берілмейді. Қазақтың неке туралы жазылмаған заңдылығы қазір АҚШ, Жапония, біраз Еуропа елдерінің генетик-ғалымдарын таңғалдырып отыр. Арнайы зерттеу жұмысын жүргізгендері де баршылық. Сөйтіп, ерте заманнан ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан неке заңдылығы басқа халықтарға да өнеге болып отыр. Ойдан ой қуып, қазақ генетика заңдылығын қашан және қалай білген деп таңғаласың. Бұл – ата-бабаларымыздың тектілігінің тағы бір айғағы. Тектілік – ананың сүтімен, әкенің қанымен келетін ерекше асыл қасиет. Генетик-ғалымдарымыз осы бағытта ізденістер жүргізіп, болашақ ұрпағымыздың дендері сау, тектілік пен зерделілік қасиеттері жоғары болуына ерекше көңіл бөлуде. Әрине, бұл тек ғалымдарымыздың қолында тұрған іс емес, ол бізге, яғни көпшілікке байланысты дүние.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі