Екібастұздық Hobbit – әлемдік киберспорт алаңын бағындырған ойыншы
Екібастұздық Hobbit – әлемдік киберспорт алаңын бағындырған ойыншы
ХХІ ғасырда киберойын спорт әлеміне жаңа толқын болып енді. Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, 2025 жылы киберспорт стриминг көрермендерінің саны әлем бойынша 1 миллиардқа жетеді. Аудиторияның негізін 18 бен 35 жас аралығындағы жастар құрайды.
2017 жылы Польшаның «Краков Арена» стадионында мыңдаған көрермен Абай Хасеновті «Hobbit! Hobbit!» деп ұрандап қошеметтеген болатын. Киберспортта олимпиада іспеттес PGL Major Krakow – 2017 турнирінде Абайдың командасы жеңімпаз атанып, көпке танымал болды. Өз кезегінде Абай Hobbit Хасенов «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы атанды және Forbes Kazakhstan тізіміне ең танымал әлемдік спортшы ретінде енді.
– Абай, әлемдік киберспорт алаңында сізді Hobbit есімімен барлық жанкүйерлеріңіз таниды. Бұл есім сізге бала кезде қойылғанын да естідік. Осы туралы айтып кетсеңіз.
– Киберспорт ойынына 9-10 жасымда келдім. Сол уақытта қаладағы, тіпті елдегі ойыншылардың арасындағы ең жасы мен едім. Кішкентай болсам да, өзімнің лақап атымды BOSS деп қойғанмын. Бауырларым бұл атауға күліп, кіп-кішкентай болып, бастық болғаның қалай дейтін еді. Сол уақытта әлемдік кинопрокатта «Властелин колец» кинотуындысының алтын уақыты басталған болатын. Фильмнің басты кейіпкері «кішкентай» Хоббиттің есімін иеленуді бауырларым ұсынғанда, ойланбастан келістім. Міне, содан бері аренада Абай Хоббит Хасеновпін.
– Киберспортқа 9 жасыңызда келдіңіз. Бала болсаңыз да, бұл спорт түрінің болашағын сезген боларсыз. Осы спорт жолындағы мансабыңыздың бастау жолына тоқталып өтсеңіз.
–10 жасымда Павлодар қаласында болған республикалық іріктеу турнирінің жеңімпазы атанғанмын. Сол жеңістің буымен Алматы қаласында өткізілген республикалық чемпионатқа бардым. Бұл турнирдің нәтижесінде ІІІ орын иегері атандым. Сенесіз бе, 10 жастағы балақай жасы үлкен спортшылармен бір қатарда тұрып, сайысты және де жеңімпаздар қатарынан бой көтерді. Мен үшін бұл – үлкен жеңіс. Тіпті, жасы үлкен және бізден де мансабы биік «бәсекелестерім» турнирден соң менімен бірге фотоға түсіп, қолтаңба алған еді. Бұл чемпионаттан соң да талай жарыстарға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көріндім. Алайда Алматыда өткен турнирдің орны ерекше ғой. Ескере кететіні, бұл турнирдің барлығына да туған ағаммен бірге қатысқанмын.