Йокнапатофадағы тіршілік

Йокнапатофадағы тіршілік

Йокнапатофадағы тіршілік
ашық дереккөзі

Уильям Фолкнер артына мол мұра – 19 роман, 70-тен астам әңгіме қалдырған суреткер. Қа­лам­­гер қаламынан туған көркем туындылардың басым бөлігі 15 роман мен көптеген хикаяда жазу­­­шылық қиялының ұлы жемісі болатын Йокнапатофа ме­­кені тұрғындарының өмірі мен тыныс-тіршілігі баян­далады. Шығармашылыққа жан-тәнімен берілген сезімтал сурет­кердің кейде бәрін ұмытып, нағыз өмірді санасында сағым­данған қиялымен шатастырып алған кездері де бол­ған-ау, шамасы. Әйтпесе, Фолькнердің көркем шығар­ма­ларын­да сипатталатын аймағында 6 298 ақ және 9 313 қара нә­сілді адамның өмір сүріп жатқанын айдай әлемге жария­лап, Йокнапатофа өлкесінің картасына дейін сызып тастап, астына «Уильям Фолкнер – осы патшалықтың жалғыз иесі, һәм қожайыны» деп жазып қойған әпенделігін қалай түсі­неміз? Шындығында, бұл – дені сау адам түсіне бермейтін қы­зық жағдай. Әлем мойындаған суреткердің шығар­ма­шылық шабыты туғызған, ал нағыз өмірде аты да, заты да жоқ патшалықты баз біреулердің иеленіп кететінінен сескенгені ме, сонда?..

Орыстың танымал әдебиет­тану­шысы, Йокнапатофа қожайыны­ның шығармашылығын егжей-тегжейлі зерттеп, монографиялық еңбек жазған Ни­колай Анастасьевтің айтуына қара­ған­да, Фолькнер мінезі түсініксіз, өте қызық адам болған. Дүниеден өткеннен кейін де ұзақ жылдар бойы ол жайында түрлі әңгіме туып, олардың қайсысы шындық, қай­сысы өтірік екенін ажырата алмай жұрт­тың басы қатып, дау-дамай туып жат­ты. Шаруа қожалығында қара терге түсіп жұмыс істеп, егін жинау науқанының қай­наған ортасында жүріп, көп адам ұқ­пай қойған кітаптарын жазып, тіл­ші­лер­мен сөйлесуден де, көзге түсуден де қашып жүретін тақуа туралы туған аңыздар көп. Бір қызығы, жазушыны қалың оқырманға аса сүйкімді етіп көрсете қоймайтын, осындай аңыздардың ел арасында кеңінен тарауына Фолькнердің өзінің де тікелей қатысы болғаны таңғалдырады. Ол ылғи да өзінің аса көрнекті жазушы емес, бар-жоғы қарапайым ғана ауыл тұрғыны, ешқандай да идеясының жоқ екенін, т.с.с. айтуға әуес болды. Біз болсақ (қазақтарды айтамын) шыққан тегіміздің мықты екенімен мақтанудан алдымызға жан салмаймыз-ау, жан салмаймыз. Фолкнер болса аталары туралы әңгіме сұрап, қыр соңынан қалмаған беделі зор басылым тілшісіне, 1826 жылы құлдықта жүрген қара нәсіл әйелден туғанын айтып, бетін қайтарып тастайды. Расында да, сенің бабаларыңның кім болғанында тұрған не бар, соншама? Ұлылардың белінен туған пер­зенттері бәрі де шетінен ғұлама болып шықпайды ғой. Данышпан әкесінің шы­ғармасына баға бермек түгіл, не жазғанын да түсінбейтін, тіпті өлгеннен кейін аруа­ғына бағыштап Құран оқуға да жара­майтын мәңгүрттер қазақ топырағында да толып жатқан жоқ па? Мәселе саған өмір сыйлаған әкеде емес, ең әуелі өзіңнің қан­дай азамат болып жаратылғаныңда. Ал, ақиқатында Фолкнердің аталарымен мақтануға толық қақысы бар-тын. Атақты қаламгердің арғы атасы Уильям Кларк Фолк­нер (1826-1889) оңтүстік пен сол­түс­тіктің соғысы кезінде оңтүстіктегілердің әскерінде қызмет еткен майдангер, әрі «Мемфистің ақ раушаны» атты әйгілі ро­ман жазып қалың елге танылған қаламгер бола­тын. Уильям әлі бала кезде отбасы сол­түстік штаттағы Оксфорд шаһа­­­рына көшіп кетіп, жазушының саналы ғұмырының бәрі осы қалада өтті. Өте ұял­шақ, тұйық болып өскен бала 13 жа­сында Эстелл Олдхэм есімді қызға өлердей ғашық болып қалып, жаны шаттыққа бөленіп, жүрегінен жыр маржаны төгілді. Бірақ ол жан-тәнімен сүйген ғашығына үйлене алмады. 1918 жылдың сәуірінде Эстелл басқа біреуге тұрмысқа шығып, Фолк­нер қатты күйзеліп, өмір сүргісі кел­мей кетті. Тезірек ажалына жолығудың жолын іздеп, әскерге баруға бел буғанымен, бойы тым аласа болғандықтан алмай қой­ды. Содан кейін ол Йельский универ­си­тетіндегі досына келіп, Канададағы әскери-әуе күштеріне жазылып, шілдеде Торонтодағы әскери мектепке түседі. Бір­неше айдан соң бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталып болашақ жазушы Окс­фордқа қайтып оралып, Миссисипи университетіндегі сабақтарға қатыса бас­тайды. 1919 жылы сөз өнеріндегі алғашқы қадамын поэзиядан бастаған Фолкнердің «Нью рипаблик» журналында алғашқы өлеңі жарық көрді. 1920 жылы дипломын ала алмаған ол романист және театр сыншысы Старк Янгтың шақыруымен Нью-Йоркқа келіп, кітап дүкенінде сатушы бо­лып жұмысқа орналасады. Біраз уақыт­тан кейін Оксфордқа қайтып оралып, уни­верситетте қызмет табылғанымен, тәр­тіп бұзып, бірнеше айдан соң жұмы­сы­нан айырылады. 1925 жылы Жаңа Орлеан­ға келген ол белгілі жазушы Шервуд Ан­дер­сонмен танысады. Фолкнердің тыр­нақалды туындыларын оқып шыққан әйгілі жазушы оған поэзиядан гөрі, прозаға қаттырақ ден қоюға кеңес береді. Ең бірінші жыр жинағының сәтсіз болып шығуы Андерсонның айтқан әулиелігін расқа шығарып, поэзиядан көңілі қалған Фолкнер «Солдат марапаты» де­ген алғашқы романын жазуды қолға алады. Дегенмен Фолкнер прозасының негізгі принципі болатын өмірдегі оқи­ға­ларды екі көзқарас тұрғысынан бағалай­тын ең әйгілі романы «Айғай мен ашу» жа­рық көргеннен кейін ғана шығар­ма­шылық ортада оның таланты мойындала бастады. Сыншылардың бәрі де романды Еври­пидті еске салатын «ұлы кітап» ретін­де бағалағанымен, қарапайым оқырман оны қабылдай алмады. Фолкнердің оқи­ғаны баяндаудағы жаңа техникасын тү­сіну оқырманға ауыр болды. Ұлы жазушы алғашқы махаббаты Эстелл Олдхэмді ұмыта алмай, құ­пия жағдайда онымен кездесіп тұрып, ақыры ол күйеуімен ажырасып, 1927 жы­лы Фолкнерге тұрмысқа шықты. Ұзақ жыл­дардан кейін ғана сүйіп қосылған ма­хаббатынан әйгілі қаламгер екі қыз сүйді. Жазушылық қиялында туған Йок­на­патофаны әңгімеге арқау ет­кен қаламгер өз отаны – американың оң­түстігі, Миссисипи штатында өмір сүріп жат­қан туған елінің тұрмысын суреттеп, тілі шұрайлы, ойы құнарлы шығармаларын туғызды. Әйтсе де, Шервуд Андерсен бол­мағанда Йокнапатофа тақырыбы Фолк­нер қаламының ұшына ілікпес пе еді. Кім білсін? Фолкнердің тырнақалды туынды­ларының бірі «Сарторис» жарық көрген соң ол шығармашылық қадамының тұсауы кесіліп жатқан талапкерге «Сіз Фолк­нер – ауылдық жігітсіз. Сіздің бар көр­геніңіз өзіңіз туып-өскен Мисси­сипі­дегі кішкентай аймақтың тыныс-тіршілігі ғана. Әйтсе де, осының өзі де көп дүние туғызуға жетіп жатыр» деген ақыл-кеңес береді. Андерсеннің ақыл-кеңесі Фолкнердің дү­ниетанымына қатты әсер етті. Содан бастап жазушы жер картасында бір кіш­кентай нүкте болып қана табылатын кін­дігі кесілген жұртының тыныс-тір­шілігін зерттеп, осы тақырыпты жеріне жет­кізе жырлауды өмірлік мұратына ай­нал­дырды. «Айғай мен ашудан» кейінгі «Өлім ау­зында» романын Фолкнер электр стан­сасында түнгі кезекте жұмыс істеп жүріп, 1930 жылы бар-жоғы алты аптада жазып шықты. 59 ішкі монологтен тұратын туын­дыда миссис Бандреннің сүйегін зират­қа әкеле жатқан оңтүстіктегі кедей отба­сынан шыққан Бандрендердің өмір жолы туралы баяндалады. Америка жазушысы Конрад Эйкен романға өте жоғары баға бергенімен, жазушының бұрынғы шы­ғармаларындай бұл кітап та өте нашар са­тылды. Қаржылық қиындықтан құтылу­дың жолын іздеген Фолкнер жаңа туын­дысын жазуға кірісіп, үш аптаның ішінде «Ғибадатхана» романы дүниеге келді. Бұл шығармада қарақшылар зорлап кеткен жас әйелдің тағдыр тәлкегімен Мемфистегі же­зөкшелер үйінен қалай тұрақ тапқаны суреттеледі. Роман өз заманының нағыз бестселлері болды. Әйгілі сыншы Андре Мальро «Ғибадатхана – детективтік сю­жеті бар нағыз грек трагедиясы» деген жақсы пікір білдірді. Роман зор сұранысқа ие болғанымен, жазушының қаржылық қиындықтан туындаған мәселесін толық шешіп бере алмады. Ұлы дағдарыс жыл­дарында кітапқа деген елдің сұранысы азайып, оның үстіне Фолкнердің роман­дары жұрттың талғамын қанағаттандыра алмайтын, ойлы оқырманға арналған туындылар болатын. Жазушылыққа қара­ғанда табысы бар жұмыс табуды көздеген Фолкнер 1932 жылы Голливудқа аттанып, киносценарий жазу ісімен шұғылданады. Қолы қалт еткен кезде «Пилон», «Авес­салом, Авессалом!», «Жабайы пальмалар», «Ауыл», «Аю» сияқты таңғажайып туын­дыларын жазады. Қаламгердің «Аю» әң­гімесін өз басым әлем әдебиетіндегі ең ұлы әңгімелердің қатарына жатқызамын. Уақыт өте келе Фолкнердің біраз кітаптары француз тіліне тәржімаланып, еуропалық жазушылар мен сыншылардың сүйіс­пеншілігін туғызды. Америка сыншысы Мал­колму Каулиге жазған хатында әлемге әй­гілі жазушы Жан Поль Сартр «Фолкнер – прозаның құдайы» дегенді айтты. Әйтсе де, Каулидің дәл байқағанындай «Фолк­нер­дің шығармалары өз Отанында дәл Еуро­падағыдай резонанс туғыза алған жоқ. ­ Талантты жазушыны қалың оқыр­манға жақынырақ таныстыру мақсатында Каули 1946 жылы Фолкнердің таңдамалы прозалық туындыларын жа­рық­қа шығарды. Таңдамалының шығуы табысты болып, оқырмандардың жазушы шығармашылығына деген зор қызығу­шылығын туғызды. Жинаққа жазған алғы сөзінде Каули америкалық аңыз тұрғы­сы­нан Йокнапатофа сагасын зерттеп, Фолк­нердің романдарын «қол жеткізе ал­май­тын шығармашылық ерлікке» теңеді. Міне, осылайша қаламгердің даңқы күннен-күнге арта түсіп, 1950 жылы Уильям Фолк­нерге бүгінгі заманғы америкалық роман­ды дамытуға қосқан зор үлесі үшін Нобель сыйлығы берілді. Әдебиет саласындағы ең жоғары марапат Фолкнерге шығармашы­лық дағдарыс кезеңін басынан өткеріп жат­қан шағында бұйырды. Голливудқа жа­саған кезекті сапарынан кейін ол Оксфордқа оралып, «Монах әйелге ар­налған реквием» романын аяқтап, Бірінші дүниежүзілік соғыс туралы туындысын жа­зып шығуға тырысты. Екі туынды да қатты сынға ұшырады. Ішкілікке салынған Фолкнердің ден­саулығы шатқаяқтай бастағаны­мен, 1954 жылы ол мемлекеттік департаменттің шақыруын қабыл алып, Бразилияда өткен Халықаралық жазушылар конференция­сына қатысады. Келесі жылы әлемге әйгілі қаламгер америкалық үкіметтің ресми өкілі ретінде Жер шарын аралап, саяхат жасап шығады. «Қала» және «Жекежай» туынды­лары­мен жазушы Сноупстар отбасыларының тарихы туралы 1940 жылы «Ауыл» рома­ны­нан бастау алған трилогиясының нүк­тесін қойды. 1957 жылдан бастап өмірінің соңына дейін ол Виргиния штатындағы университетте сабақ беріп, стипендия алып тұрды. Венесуэладағы ең танымал аме­рикалық жазушы болған Фолкнер 1961 жылы осы елдің 150 жылдық мерейтойын мерекелеуге қатысты. Келесі жылы атақты қа­ламгер ең соңғы «Ұрылар» кітабын жазу­ды қолға алды. 1962 жылдың 17 маусы­мын­да аттан құлап, бір аптадан кейін дүние салды. Фолкнердің жазушылық даңқы қайтыс болғаннан кейін де өсе берді. Әдебиет сыншысы, әрі жазушы Джон Олридж ұлы қаламгердің шығар­ма­шылығын жоғары бағалап, былай деген болатын: «Миссисипидің шегі жоқ мәдени шө­лінде жалғыз жұмыс істей жүріп Фолк­нер өзінің ақылы үшін алқап пен шығар­ма­шылығы үшін бау-бақша жасай білді. Жазу­шы ұзақ жылдар бойы мәпелеп өсірген алқап пен бау-бақшаның әсемдігі күні бүгінге дейін өркениетті әлемдегі барлық мәдениетті адамдардың қызы­ғушылығын туғызып келеді». ХХ ғасырдың басында жаңашылдықты аңсаған Америка әдебиетінің жас өкілдері Батыс әлемін дүр сілкіндірген модернистік ағым­ның пайғамбарлары Джойс пен Герт­руда Стайнға еліктеп жатқанда жалғыз Фолк­нердің ғана ұлттық топырықтан та­мыры ажырамады. Осы тұрғыдан алған­да ол тамырын тереңге жіберген Амери­каның – нағыз ұлттық жазушысы. Ұлттық бастаудың мөлдір бұлағынан қанып ішкен қаламгердің Америка әдебиетінің екі көрнекті өкілі – Марк Твен мен Уолт Уит­меннің таланттарына басын иіп, құр­метпен қарауы да сондықтан. Фолкнердің айтуынша, Марк Твен мен Уолт Уитменнің шығармашылығы Америка ұлттық әде­биетінің алтын бастауы болады. Әйтсе де, ұлттық топырақтан өніп-өсіп шығып, әлем әдебиетінің алып бәйтерегі болып жайқалған жазушылардың барлығы да оның жан дүниесіне жақын болғандықтан, Бальзакка тән байқампаздық, Толстойға тән шынайылық, Достоевскийге тән терең­дік пен Флоберге тән стиль ұштау мен форма жасау шеберлігінің бәрін де Фолкнер шығармашылығының табиға­тынан таба аласың. Міне, сондықтан да ұлттық топыраққа кіндігі байланған жазу­шының қаламынан туған кейіпкерлері әлемнің әр түкпірінде тұратын мил­лиондаған оқырмандардың сезімін адам табиғатының жанды нүктелерін таба білген байқампаздығымен, жүрегінің шыңырауында жатқан шерін қозғаған тереңдігімен, баяндаған оқиғасының шындығына қалтқысыз сендіре білген шынайылығымен, еліктіріп, қызықтырып әкететін формасының жаңашылдығымен жаулап алды. Қазақ әдебиетінде жазушылық мінезі, ешкімге ұқсамайтын шы­ғар­ма­шылық табиғаты, ойының тереңдігі, про­заға әкелген формасының жаңалы­ғымен Фолкнерге рухани тұрғыдан жақын жазушы – Асқар Сүлейменов. Екі үлкен суреткердің өмірі мен тағдырларында да ұқсастық көп. Фолкнер дүниеге келген Американың Оңтүстігінен Аллен Тейт, Джон Кроуи Рэнсом, Кэтрин Энн Портер, Роберт Пенн Уоррен секілді жазушылар шоғыры шықты. Қазақстанның оңтүс­тігіндегі Асқар Сүлейменовтің кіндік қаны тамған Созақ та Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Төлеген Тоқбергенов сияқты сөз өнеріміздің асылдарын өмірге әкелді. Асекеңнің «Ақ кемпір», «Қара шал», «Адасқақ», «Ситуация», «Бесатар» шығар­ма­ларына Фолкнер туындыларының қат­ты ықпалы болғаны байқалады. Сарторис Фолкнердің әдебиеттегі қолтаң­басын айқындап берген алғашқы туындыларының бірі осылай аталады. Дей тұрсақ та, одан бұрын да қаламгер қала­мы­нан – «Солдаттың марапаты» мен «Мос­кита» деп аталатын екі шығарма туған бола­тын. Алайда бұл екі хикаясының көр­кемдік деңгейіне көңілі толмаған қалам­гер ол дүниелерді қаламын төселдіру үшін ғана жазғанын айтады. Ендеше Фолк­нердің әдебиет әлемін жаулап алу үшін ашқан алғашқы майданы мен Йок­на­па­тофа аймағының шежіресін жазуға ден қоюы дәл осы «Сарторис» романынан бас­та­лады десек қателесе қоймаспыз. Бұл роман Фолкнердің шығарма­шы­лық әлемінде ерекше орын алады. Олай дейтін себебіміз осы шығарманы жазу барысында Джефферсон қаласы, Йокнапатофа өлкесі мен онда тұратын кейіпкерлердің сұлбасы қаламгердің көңіл қиялында тербеле бастады. Ең бастысы, «Сар­торис» романын жазу барысында ол ал­дағы уақытта қозғайтын әлеуметтік жә­не ізгілікті мәселелердің алтын діңгегін анықтап алды. Ең бірінші рет роман қысқартылған күй­де «Шаңдағы жалаулар» деген атпен жарық көріп, оқырман сұранысына ие бола қоймады. Көптеген баспа романды басып шығарудан қашқақтады. «Сарторис» романында Бірінші дү­ние­жүзілік соғыстан соңғы оқиғалар баян­далып, полковник Джон Сартористің қаза тапқанына 50 жылдан асса да аңызға айнал­ған бейнесінің көңілден кетпей, оның отбасындағыларға, тіпті осы ай­мақ­тағылардың бәріне үстемдігін жүргізіп жат­қанын көреміз. Жазушы шығармада тең­десі жоқ образдар жасады. Полковник Сартористің ұлы 60 жастағы Баярд Сарторис мінезі қа­­­тал, құлағы аздап мүкістеу, қолынан үне­мі трубкасын тастамайтын, сөзге сараң адам. Ол бар жан-тәнімен туған жерін жақ­сы көреді, әкесінің есімі мен оның Ота­ны үшін жасаған ісін есте сақтап қалу­ды перзенттік парызы санайды. Ол ға­сыр­лар бойы осы аймақта үстемдік құрған ескі дәстүрдің қирай бастағанын көр­гені­мен, байқамауға тырысады. Өркениеттің дауылы бұл аймақта орнаған тыныштықты бұзып, жаңа әлем орнатпақшы. Баярд Сартористің немересі ұшқыш кіші Баярд өзінің егізі, ағасынан соғыста айырылып, қатты күйзеліске ұшырай­ды. Өзінің бір кішкентай бөлігі бо­латын әлемін жоғалтқан ол жалған дү­ние­ге сыймай, өмірдің мұндай әділет­сіздігімен келісе алмай, қатты қамығады. Ағасы жайлы естеліктер оның жанын ке­міріп, ешкімді көргісі келмей, ақыр соңын­да апатқа ұшырайды... Романдағы кіші Баярд ұнатып қалатын Нарцисса Бен­боу мен Сартористер әулетінің қызметшісі Саймонның және тағы да басқа кейіп­кер­лердің образдары соншалықты нанымды, әрі шынайы суреттелген. Фолкнердің алғашқы туынды­лары­ның бірі «Сарторис» романында адамның өзгеріс, қиындық пен қасірет ал­дындағы әрекетіне байланысты өте маңыз­ды мәселелер көтерілген. Жазушы­ның стилі ауыр емес, оқиғалар өте байсал­ды баяндалады. Әйтсе де, шығармаға оқыр­манды баяндалған оқиғалардың ішіне енгізіп жіберетін сезім тасқыны же­тіс­пейді. «Айғай мен ашу» 1949 жылы Нобель сыйлығын табыс ету рәсімінде Фолкнердің сөйлеген сөзі әлем­ге әйгілі қаламгердің шығармашылық құпия­сын ашудың кілті болды. «Мен адам­ның бәріне төзетініне ғана емес, түбінде бәрін жеңіп шығатынына кәміл сенемін. Ол ерекше жаратылған тіршілік иесі бол­ған­дықтан ғана емес, рақымшылық жасап, құрбандыққа бара алатын, төзе білетін жаны болғандықтан мәңгі өмір сүреді». Кейін­нен ұлы жазушының оқырмандары «Айғай мен ашу» романында сіз осы ойды айтқыңыз келді ме?» деген сауал қойғанда ол «Иә, бұл менің барлық кітаптарымда айт­қым келгенмен, жеткізе алмай жүрген ойым», – деп жауап берген болатын. Cуреткер Фолкнердің қолтаңбасы «Сар­торис» романында айқында­лып, «Ай­ғай мен ашуда» шыңдала түсті. Бір ғана, оның өзінде тек жазушы қиялында өмір сүріп жатқан аймақты әңгіме арқауы­на өзек ете отырып ол бұрын-соңды ешбір қаламгердің назарына шалынбаған мәсе­ле­лерді көтеріп, адамзат баласын толған­ды­рып тастады. Өмірінің соңында жүріп өткен жазушылық жолын қорытын­дыла­ған Фолкнер «Мен қаламгерлік қиялымда туған дүниелер – әлемдік кеңістіктің ір­ге­тасы болады, ол тас қаншалықты кіш­кен­тай болса да, оны алып тастасаң әлемнің тас-талқаны шығады деп ойлайтынмын» деп толғаныпты. Шын мәнінде, «Айғай мен ашу» «Сарторис» романының заңды жал­ғасы іспеттес туынды, бұл шығармада патриархалдық дәстүрдің баянсыздығы, қоғамдық қарым-қатынастардың күйреуі мен азғындауы тақырыбы одан әрі дамы­тыла түседі. Әйтсе де, шығармада романти­ка­лық сарын жоқ. Салқын сезіммен жа­зыл­ған. Фолкнер әлемнің күйреуін адам­ның құлдықты мойындай бастауымен бай­ланыстырады. Өте күрделі стильмен жа­зылған туындының төңірегінде бас­талған дау әлі күнге дейін толастамай ке­леді. Өйткені Фолкнердің романы бұрын-соңды әлем әдебиетінде жазылған туындылардың ешқайсысына ұқсамайды және қайталамайды. Міне, сондықтан да Фолкнердің ең не­гізгі шығармасы болатын «Ай­ғай мен ашу» романы жарық көре салысы­мен бірден мойындалған жоқ. Ұзақ жыл­дар бойы оған ешкім назар аудармай «Ғибадатхана» романы жарық көргеннен кейін ғана ол көпшіліктің көзіне түсті. Абсурдтық әдебиеттің жарқын үлгісі бола­тын романды сыншылар жазу техни­ка­сының сонылығы үшін жоғары бағалады. «Айғай мен ашуда» Фолкнер, ішкі түйсік­пен орыс жазушысы Достоевский көтерген әлемнің күйреуі, келешектің баянсыздығы тақырыбын одан әрі қазып, «адамдық қа­дір-қасиеті тапталған» бейшара жан­дар­дың жанына үңіледі. Сыншылар ұзақ уақыт Фолкнер шығармашылығын танудың кілтін таба алмады. Расында да, ол оңай емес: жазушы шығармашылығы күрделі, онда әр­түрлі стиль араласып кеткен, баяндау мәнерінің ағысы біресе қатты екпіндеп, енді бірде Йокнапатофа аймағы тұрғын­дары­ның өмірінің дерегін тәптіштеп тоқ­тап қалғандай әсер қалдырады. «Айғай мен ашудағы» сана ағысы екпінінің құдіреті мен күштілігі миыңды жарып жібере жаздайды. Шығарманы оқи оты­рып басқа бір адамның миына кіріп ке­тіп, көзсіз құмарлықтың сырын түсін­гендей әсер аласың. Төрт бөлімнен тұратын романды оқу барысында төрт түрлі сананың ағысымен өмір сүресің. Төрт түрлі сана ағы­сының ортасынан бір ақсүйектік әулет­тің күйреуін көресің. Қатыгездік, зұлым­дық, іштарлық. Зұлымдық жасау үшін аса көп ақылдың қажеті жоқ. Түрлі адам, түрлі тағдыр. Быт-шыты шығып күйреген отбасы. Түсін­беу­шілік пен қиындық, көңілсіз сүгірет. Адам эгоизмі апаратын жолдың сүрлеуі – осы. Фолкнер жүрек қалауы туғызған шығар­ма­сы арқылы адамды сүюге шақырады.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ