«Шекті сома» шектемей ме, халықты?
«Шекті сома» шектемей ме, халықты?
Әр дәуірдің өз жеңілдігі мен проблемасы бар. Десек те, мәселенің көбі түрлі реформа кезінде пайда болатыны белгілі. Мәселен, кеңестік кезеңде түк жұмыс істемеген, ешқандай еңбек өтілі жоқ адамның өзіне 28 сомдық «колхоз пенсия» беретін. Ал тәуелсіздіктен соң елімізде жекеменшік зейнетақы қорлары ашылып, адамдар соған тапқан табысынан ақша аудара бастады. Алайда халық жұмыс ауыстырғанда бір-бірінен тәуелсіз түрлі зейнетақы қорларындағы ақшасын бірінен екіншісіне аудартып біраз қиындық көрді. Міне, осы проблеманы шешу үшін 2013 жылғы 22 тамызда Қазақстандағы кезекті зейнетақы реформасы барысында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ) құрылып, сол кезде елдегі барлық зейнетақы қорларын біріктірген еді.
«БЖЗҚ» АҚ құрылтайшысы және акционері – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. Сондықтан «БЖЗҚ» АҚ акцияларының мемлекеттік пакеті Қазақстан Ұлттық банкінің сенімді басқаруында. Сондай-ақ «БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтерін Қазақстанның Ұлттық банкі Президент жанындағы Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңеспен бірлесіп басқарады.
Жұмыс ауыстырғанда ана қорда қалған ақшасын мына қорға ауыстырудың жолында сабылып шаршаған халық мемлекет басқаруындағы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» пайда болғанда артық мәселеден құтылдық деп қуанды. Өйткені қай жерге жұмысқа барсаң да зейнетақы қорына аударған ақшаң бір жерге түседі, өзің жинаған қаражатың жөнінде де қажетті жер үшін анықтама алу оңай.
Дегенмен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қалыптасып, жұмысы жүре бастағанда кей кісілердің қордағы ақшаларға көзі түсе бастады. Мәселен, қайбір жылы бір депутат «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қайтыс болған кісілердің артында қалып, пайдаланылмай қалған ақшасы көп, соларды пайдаланудың тетігін жасау керек» деген ұсыныс айтуы кейбір лауазымды тұлғаларға біраз ой тастаған сияқты. Содан кейін «жыл өткен сайын ақша құнсыздана берсе, «БЖЗҚ»-да ешбір қозғалыссыз тұрған қаражаттардың құнын инфляция жеп қояды» деген сылтаумен оны түрлі инвестициялық мақсатқа жұмсай бастады. Соның бірі – 2014 жылы «БЖЗҚ» АҚ-ның Әзербайжан халықаралық банкіне аударған 71,3 млрд теңге көлеміндегі инвестициясы. Ол сол кездегі бағаммен 250 млн АҚШ долларына тең еді. Ізінше Әзербайжан халықаралық банкінің банкротқа ұшырағаны туралы таралған ақпарат Қазақстан халқында қобалжу туғызды. Өйтпегенде ше, ақша халықтыкі, ал ол босқа күйіп кетсе...
2017 жылы 23 мамырында Әзербайжан халықаралық банкі Лондонда шетелдік кредиторларымен кездесу барысында олардан алған қарыздарын қайтарудың бірнеше жолын ұсынған еді. Міне, соның нәтижесінде кірісті ескере отырып, Қазақстан Ұлттық банкі елге шамамен 263,6 миллион долларды қайтарды (2019 жылдың ақпан айындағы доллардың орташа алынған бағамын есепке алғанда). Осылайша, өзге елдің банкіне көбейтіп аламыз деген өз ақшамыз әупіріммен қайтқаны бар.
Әрине, күн сайын баға құбылып тұрған мына заманда ақшаның бір жерде тұрып қалмай түрлі инвестициялық мақсатқа жұмсалып, пайда әкелгені жақсы. Әзербайжаннан кейін «БЖЗҚ» АҚ өз басқаруындағы халықтың ақшасын енді Қытай мен Үндістанның квазимемлекеттік компанияларына құйғаны белгілі болды. Активтерді табысы онша емес кәсіпорындарға аударып, талай әуреге түскен қаржыгерлер үлкен елдерге салынған инвестиция пайда әкелетінін айтады. Сондықтан ақшаға алаңдамай-ақ қойсақ болатын сияқты. «БЖЗҚ» АҚ-ның мұндай қадамдарын тәуелсіз экономистер де қолдайды. Сол сияқты зейнетақы активтерін Польша мен Бразилия, Мексика, Индонезия сияқты дамушы елдер үкіметінің бағалы қағаздарына салынған. Сарапшылардың сөзіне сенсек, кредиттік рейтингі жоғары компанияларға құйылған бұл қаржылар «сол елдердің үкіметтері тарапынан бақыланып, қаралып отырғандықтан несиелік тәуекелділігін төмендетеді» екен. Ұлттық мәлімет бойынша олардан түсіп жатқан түсім жоғары екенін көрсетеді.
Әрине, ақшаны басқарушылар оны қалай көбейтуді де білетін шығар, дегенмен оның пайдасын Қазақстан халқы да көруі керек. Бұл мәселеде зейнетақы қоры да бірнеше қадам жасағаны белгілі. Мәселен, ел азаматтарына зейнетке шыққан кезеңде зейнетақы қорындағы ақшасынан бірреттік қомақты қаражат алуға мүмкіндік берілген еді. Ал өткен жылы зейнетақы қорына белгілі бір мөлшерде қаражат жинай алған азаматтарға тұрғын үй алу немесе ипотекалық қарызын төлеуге мүмкіндік берілді.
2020 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы БЖЗҚ-ның 700 мыңнан аса салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсап не басқарушы компаниялардың иелігіне бере алатыны жайында айта келіп, Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы қазақстандық 720 мың азамат (барлық салымшының 6,3 пайызы) зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие көрінеді. Олар мыналар:
– зейнетақы қорында жинағы бар, жұмыс істеп жүрген 529,7 мың азамат (жинағы жеткілікті мөлшер шегінен асқан жағдайда);
– БЖЗҚ-да жинағы бар, зейнет жасына жеткен 178,4 мың кісі қордағы қаражатының 50 пайызына дейін пайдалана алады;
– зейнетақылық аннуитетті рәсімдеген және сақтандыру қорына аударғаннан кейін БЖЗҚ-да жинағы қалған азаматтар – шамамен 13,3 мың адам.
Сөйтіп, жылдың басында көптеген қазақстандық зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік алып, он айдың ішінде жарты миллионға жуық азаматтың өтініші оң шешімін тапты. Бұл мақсатқа зейнетақы қорынан 1,9 триллион теңге аударылды. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланған адамдардың көбі үйді тікелей (ипотекасыз) сатып алса, қалғандары бұрынғы кредиттерін жауып, алғашқы жарна ретінде салған. Сонымен бірге зейнетақы жинағынан алған ақшаға үй салып алғандар да бар.
Басында зейнетақы жинағын мынадай нақты үш мақсатқа жұмсауға рұқсат берілген: тұрғын үй жағдайын жақсарту, емдеу шаралары және сенімгерлік басқару. Алайда соңынан зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану аясын кеңейтуге қатысты ұсыныстар түскендіктен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты тағы бір нақты тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, шекті сомадан асатын ақшаны Отбасы банкінің есепшотына аударып, ары қарай жинай беруге болады. Ол 2022 жылы іске асатын болады.
Осылай халыққа ыңғайлы бастаманы зейнетақы қорының осы жылдың 3 желтоқсандағы мәлімдемесі бүлдірген секілді. Өз мәлімдемесінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры келесі жылдан бастап «жеткіліктілік шегінің» көтерілетінін мәлімдеді. Бұл дегеніңіз көптеген үй-күйсіз жүрген азаматтың өз жағдайын жасауына үлкен кедергі пайда болды дегенді білдірсе керек.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ресми сайтының түсініктемесінде былай делінген:
– 2022 жылға әлеуметтік көрсеткіштер мөлшері ұлғайтылғандықтан, атап айтқанда ең төменгі жалақы мөлшері 2021 жылғы 42 500 теңгеден 2022 жылы 60 000 теңгеге дейін (немесе 41%) өсті. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осыны ескеріп, 2022 жылға төмен жинақтық шек мөлшерін көбейткен. 2022 жылдан бастап бұл мөлшер әр жас бойынша мынадай көлемде есептеледі:
20 жас – 3 140 000 теңге, 21 жас – 3 250 000 теңге, 22 жас – 3 370 000 теңге, 23 жас – 3 490 000 теңге, 24 жас – 3 610 000 теңге, 25 жас – 3 730 000 теңге, 26 жас – 3 860 000 теңге, 27 жас – 3 980 000 теңге, 28 жас – 4 110 000 теңге, 29 жас –
4 240 000 теңге, 30 жас – 4 370 000 теңге, 31жас – 4 510 000 теңге, 32 жас – 4 640 000 теңге, 33 жас – 4 780 000 теңге,
34 жас – 4 920 000 теңге, 35 жас – 5 060 000 теңге, 36 жас –
5 200 000 теңге, 37 жас – 5 350 000 теңге, 38 жас – 5 490 000 теңге, 39 жас – 5 640 000 теңге, 40 жас – 5 790 000 теңге,
41 жас – 5 950 000 теңге, 42 жас – 6 100 000 теңге, 43 жас –
6 260 000 теңге, 44 жас – 6 420 000 теңге, 45 жас – 6 580 000 теңге, 46 жас – 6 750 000 теңге, 47 жас – 6 920 000 теңге,
48 жас – 7 090 000 теңге, 49 жас – 7 260 000 теңге, 50 жас –
7 430 000 теңге, 51 жас – 7 610 000 теңге, 52 жас – 7 790 000 теңге, 53 жас – 7 970 000 теңге, 54 жас – 8 150 000 теңге,
55 жас – 8 340 000 теңге, 56 жас – 8 530 000 теңге, 57 жас –
8 720 000 теңге, 58 жас – 8 920 000 теңге, 59 жас – 9 120 000 теңге, 60 жас – 9 120 000 теңге, 61 жас – 9 120 000 теңге,
62 жас – 9 120 000 теңге.
Бұл есептеудің неге негізделіп жасалғаны мүлдем түсініксіз. Мәселен, 20 жастағы адам орта мектепті бітірген соң екі жыл ішінде 3 140 000 теңге зейнетақы қорын қалай жинақтай алады? Ол үшін 24 айдың әр айында 130 834 мың теңгедей ақша салып тұруы керек емес пе зейнетақы қорына? Ол үшін айына қанша табыс табуы керек? Ол бізде мүмкін нәрсе ме? Бәлкім, туа сала миллиардер болғандар үшін мүмкін нәрсе шығар...
Биыл 35 жастағы азаматтар үшін шекті мөлшер 2 940 000 теңге болса, 2022 жылдан бастап ол 5 060 000 теңгеге дейін өседі. Сонда бұл зейнетақы қорындағы ақшаңды пайдаланудан күдеріңді үзе бер деген ишара емес пе?..
Қалай дегенде де еліміздегі нақты жағдайға сәйкес келмейтін әрекет. Бұл «БЖЗҚ» АҚ-да қандайда бір тоқырау барын байқатады.
Мәселен, биыл шетелдерге көшіп кеткен Қазақстан азаматтары зейнетақы қорында жатқан 10 млрд теңгесін қайтарып алыпты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, биыл төлем ол 4 600-ден аса адамға қайтарылған. Алайда қаражатын алған салымшы саны былтырға қарағанда аз. 530-дан аса азаматқа қордағы ақшасы ұлттық валютамен, 4 мыңнан аса адамға рубльмен, 87 салымшыға доллармен аударылған. Жалпы биыл шетелге 5 500-ден аса азамат қоныс аударған. Бұл – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатын жұқартып кеткен жағдай.
Осыдан үш жыл бұрын еліміздегі екінші деңгейлі банктерге бөлінген 600 млрд теңгенің жартысы БЗЖҚ-дан алынғаны айтылып еді, олардан осы кезге дейін қанша қаражат қайтарылғаны белгісіз...
Сөздің тоқетерін айтқанда, «БЖЗҚ» АҚ-ның өз елімізден тысқары жерлерге де инвестиция салып пайда тауып отырғаны рас болса, соның рақатын халық та көруі керек. Яғни, жаһандық пандемиядан зардап шегіп отырған халық табысы азайған шағында баспаналы болуға немесе өзгедей қажеттіліктері үшін зейнетақы қорындағы қаражаттарынан өздеріне қажеттісін алып, тұрмысын түзеуге хақылы. Сондықтан ел азаматтарын наразы қылып жатқан жоғарыдағы «шекті мөлшерді» қайта қарау керек екені даусыз. Әйтпесе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен басталған тым жақсы іс жалғасын таппай, ел азаматтарының біраз бөлігі жеңілдіктен қағылғалы тұр.