Долларда «достық» жоқ

Долларда «достық» жоқ

Долларда «достық» жоқ
ашық дереккөзі

4 желтоқсанда теңге бағамы бір доллар үшін 436 теңгеге жетті. Жалпы, өткен айдың аяғына таман доллардың құны күрт өсе бастады. Ұлттық банк бұған коронавирустың жаңа штамы «омикронның» анықталуы себеп болды деп тү­сіндірді.

2 желтоқсанда биржадағы теңге-доллар валюталарының сау­да-сат­тық көлемі 292 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл – 2020 жылғы сәуір­ден бергі ре­корд көрсеткіш. Сауда-саттық көлемінің бұ­лай­ша күрт өсуі және теңге ба­ға­­мы­ның әлсіреуі долларға де­ген сұранысты одан сайын арт­тырған. Ха­лық арасында дол­лар­дың бағасы жаңа жылға дейін 450-460 тең­геге барады-мыс деген қауесет тарады. «Уақыт жо­­ғалтпай жиған-тер­гендеріңді дол­ларға не еуроға айырбастап алың­дар» деп ақыл ай­татындар да табылып жатты. Ал 29 қарашада Ұлттық банк тең­генің әлсіреуіне «омикронды» кі­нәлап мәлімдеме жасады.

Ұлттық банк «омикроннан» көрді

– Оңтүстік Африкада коронавирустың «омикрон» штамының анықталуы және Африкамен арадағы әуе қатынасына са­лын­ған шектеулер теңгенің әлсіреуіне ықпал етті. Нақтырақ айтқанда, дәл осы шектеу­лер­дің салдарынан әлемдегі мұнай баға­сы­ның түсіп, акциялар бағамының өзгеруі мен дамушы елдердегі валюта құнсызданды. Оған қоса, Еуропаның үш бірдей елінде ко­ро­навирус жұқтыру дерегі күрт артқан­дықтан, локдаун жарияланған. Осының бәрі теңгеге әсер етпей қоймады. Мұнайға деген сұраныстың күрт тө­мен­деу ықтималдығына байланыс­ты әрі жаңа шектеулердің салдарынан Brent маркалы мұнай бағасы дерлік 12 пайызға тө­мендеді. Яғни, оның бағасы барреліне 82,2 доллардан 72,7 долларға дейін арзан­да­ған. Сыртқы әсерлерге жауап ретінде бү­гін доллар бағамы 433,5 теңгеге бағаланды. Яғни, өткен жұма күнімен салыстырғанда тең­ге 0,4 пайызға әлсіреген, – деп түсіндірді Ұлт­тық банктің монетарлық операциялар жө­ніндегі департаменттің директоры Нұржан Тұрсынханов. Иә, расымен де 1 желтоқсанда Brent сұрыпты мұнайдың белгіленген ба­ғасы бір баррель үшін 70 доллардан тө­мен құлдырап, биылғы тамыздан бастап ең тө­менгі деңгей – 68,14-ке түскен. Бірақ эко­номист-сарапшы Мақсат Халық дәл «омикрон» штамының теңгенің әлсіреуіне ең басты себеп дегенге келіспейтінін ай­тады.

«Әсер етіп үлгерген жоқ»

– Ұлттық банктің дәл «омикрон» штамы әсер етті дегеніне сену қиын. Өйткені ол әлі әлем нарығына әсер етіп үлгерген жоқ. Аз­дап мұнай бағасының арзандауына ықпал етті, ал бірақ жалпы мұнай бағасының құ­былуына Байденнің саясаты әсер етіп отыр. Ол мұнай бағасын өсіруге мүдделі емес, се­бебі онсыз да инфляция өсіп кетті. Ши­кізат­тың бағасы өспеуі керек деген тала­бы­ның нәтижесінде осындай жағдай қалып­таст­ы деп ойлаймын. Қайта керісінше «омик­рон» штамына байланысты ахуал күрделеніп жатса, дамыған мемлекеттер, оның ішінде Америка да, федералды резерв­тер жүйесі де доллардың кілттік пайыздық мөлшерлемесін өсірмей, тоқтата тұрады. Жеңіл­детілген ақша-несие саясатын доғару­ды сәл кешіктіреді және ол теңгемізге кері­сінше сәл мүмкіндік береді. Егер «омикрон» штамы күшейіп жатса, алда мұнай бағасы төмендеуі ық­ти­мал, міне сонда ғана экономикамызға әсер етуі мүмкін. Бірақ қазір әсер етіп жатыр деу қисынға келмейді, – дейді маман.
1 желтоқсанда АҚШ-та «омикрон» шта­мын жұқтырған алғашқы науқас тіркелген, аме­рикалық нарықтың өсу қарқынын ай­тарлықтай бәсеңдетіпті. Нәтижесінде, бар­лық негізгі америкалық қор индекстері ай­тарлықтай шығынмен жабылған. Соны­мен қатар құбылмалылық индексі (VIX) күрт өскен. «Омикрон» штамының АҚШ-тан бұрын біз­дің елдің экономикасына әсер етті деуге ра­сымен келіңкіремейді. Сонда теңгенің құнсыздануына не әсер етті?

Байденнің саясаты. Экспорт-импорт. Долларға сұраныс

– Теңгенің әлсіреуіне әсер етіп тұрған ең негізгі факторға тоқталайын. Дамыған ел­дердегі жеңілдетілген сандық ақша-несие сая­саты деген бар. АҚШ билігі сол саясатты тоқ­татамыз деп қалай айтты – солай Аме­ри­каның қазыналық құнды қағаздарының пайыздары өсе бастады. Осы тұрғыдан кел­генде келесі жылдан бастап та дол­лар­дың кілттік пайыздық мөлшерлемесін кө­тереміз деген мақсаты бар. Әрине, бұл доллардың құнын арт­тыра­ды, оны әлі көтерген жоқ, бірақ дол­лар басқа елдің валюталарына қатысты құ­нын біршама арттырып алды. Негізі фак­тор – осы. Ал екінші фактор Қазақстанның төлем балансы импорт пен экспорттың айыр­ма­сында екі жыл бойы дефицит байқалды. Қа­зірдің өзінде -3 миллиард доллардың кө­­­лемінде теріс сальдо көрсетіп тұр. Бұл – бел­гілі бір дәрежеде теңгемізге салмақ тү­сі­ріп отырған жағдай. Одан бөлек, жалпы ішкі фактор ол – аза­маттардың девальвациялық кү­ті­лімі өте жоғары. Соңғы 3 ай ішінде ірі қа­ла­ларда доллар сатып алу көрсеткіші күрт өскен. Мұның өзі белгілі бір дәрежеде тең­гемізге салмақ түсіріп отыр, оған қоса ара­ласып жатқан спекулянттар бар, 500-600 тең­геге жетеді екен деген әңгіме бар, соның өзі біраз қысым болып тұр, – дейді Мақсат Халық.
Экономист қазір теңгені долларға ауыс­тыруға асықпау керек екенін ай­тады.

Доллар алуға асықпаңыз

Сарапшы жыл соңына дейін доллар­дың құны 450-460 теңгеге дейін шарықтайды деген болжаммен келіспей­ті­нін айтады. Яғни, теңгенің ахуалы рет­теле­ті­ніне сенеді. 6-7 желтоқсанда екі күн қатарынан дол­лар сәл арзандағанын айта кету керек. Тең­ге 1,33 теңгеге нығайған.
– Мен бірден айтайын, қазір валюта айыр­бастау пункттеріне жүгіретін уақыт емес. Қаржыгердің мынадай заңы бар: «бәрі сатып жатқан кезде өз затыңызды сатпаңыз, бәрі сатып алып жатқан кезде сатып ал­маңыз». Сондықтан қазір доллар алатын уа­қыт емес деп ойлаймын. Жыл соңы­на дейін енді қазір компаниялардың салық­тық кезеңі басталады, компаниялар артық доллармен тұрған ақшаларын теңгеге айырбастайды. Ол белгілі бір дәржеде құн беруі керек. Менің ойымша, желтоқсан айын­да теңгенің жағдайы реттеледі. Сон­дықтан әлі де әліптің артын баққан дұрыс деп есептеймін, – дейді Мақсат Халық.
Жалпы, сауда деректеріне зер салсақ, қарашаның аяғында негізгі әлем­дік валюталарға қатысты доллар бағамы 2020 жылғы жаздан кейін ең жоғары дең­гей­ге көтерілген. Ал түрік лирасының жағдайы мүлде ушық­ты. Ресми дерек бойынша, елдегі ин­фля­ция деңгейі 21 пайыздан асқан. Аса қа­жет, негізгі тауарлар күрт қымбаттап кет­кен. Шетелден әкелінетін немесе шикі­за­ты импортқа тәуелді тауарлардың бағасы, оған қоса тұрғын үй қымбаттады. Ал ин­фля­цияны зерттеу тобы елдегі инфляция 58 пайызға жеткенін айтады.

Қорыта айтқанда, теңгенің құнсыз­дануына «омикронның» әсері шамалы. Жалпы, соңғы екі жылда мәселенің бәрін пандемияның салдарымен бай­ланыстыратын «әдет» қалыптастырып алғандаймыз. Сарапшылар валюта айырбастау пункт­теріне асықпаған жөн екенін ай­тады. Себебі алдағы уақытта доллар ба­ғасы арзандайды. Қаншалықты түсе­ді, теңге қаншалықты нығаяды, ол жа­ғы белгісіз.