Светқали НҰРЖАН: Ұлттың рух тазалығы мен сөз киесі бір-біріне тікелей тәуелді

Тарих қашанда ұлтын сүйетін, мемлекетінің мүддесін қорғайтын өнер иелерін жадынан шығармайды. Себебі өткеннің көркі ақиқатында. Қазақтың дарынды ақындарының бірі, әдебиетке өткен жүзжылдықтың соңғы ширегінде келіп, қазақтың көркемдік әлеміне өз ізденістерімен ерекше леп әкелген ақындардың бірі – Светқали Нұржан әрдайым ұлт мәселесінде айтарын айшықтап айтып жүрген қаламгер. Әдебиетіміздегі бүгінгі орта буынға ағалық қылып жүрген тұлғалардың бірі ретінде ақыннан бүгінгі қоғам мен өнер жайында ой бөлісуін сұрап едік.
– Білім қуғанның бәрі ғалым, өлең қуғанның бәрі ақын бола бермейтіні сияқты қай дәуірде де өлең жазушылар көп болса да, Құдай маңдайына бақ бергендердің қарасы қалың болмаған. Осы секілді шындықты барынша ашық айтамын дегендердің бейталанттар талауына қалай түсетінін көріп те жүрміз. Дегенмен әдебиеттің өз адамымен сұхбаттасқанда жұрт көкейіндегі көп сауалды орталамасақ та, біразына жауап алғымыз келеді. Айтыңызшы, бүгінгі қазаққа жазғыштар соншалық қажет пе? Осы кезге дейін жазылғанның өзін әлемге танытсақ та аз емес шығар…
– Қазақта «атасы сөзден өлген» деген ұғым бар. Бұл кейін сәл жағымсыз реңк алып кеткенмен, астарында тым тереңге бұққан шындық бар. Шынында да, алақұйын айтыс үстінде сүйегіне сөз өтіп өлген ақындар болған қазақта. Нақты дәлел келтірер ем, бірақ қазіргі қазақ бұрынғы біз көрген қазақ емес, тұтас ұлттық деңгейде ойлай алмайтын, «рулық намыс» атты жалған намыс иектеген, сол құрдымға шықпастай батқан дәнекүс топ көп. Бақандарын алып бас салуы, тас сыбап екеумізді шөкелеп өлтіруі мүмкін, сондықтан «бас жағына бармай-ақ қояйық». Бірақ Қазақия қағанатының іргетасы – сөзден құйылған! Жай сөз емес, құсни сөз! Бұл – пафос емес, көзім әбден жеткен шындық. Алла ғұмыр берсе, осы айтқанымның ақиқатына көптеген дәлел айтам келешекте. Сондықтан мен жас қаламгерлердің көбейгеніне қуанамын.
Ол – ұлт денінің тазара бастағанының айғағы. Өзің ойлашы, бір кезде Солтүстік, Орталық және Шығыс аймақтар әбден орыстанып, қазақы рух мүжәлсіз күйде қалған кезде Бұқар жырау мен Шал ақынның, Ақтамберді мен Дулат, Шортанбай, Ақан мен Біржандардың елінен қаламгерлер тым аз шықты ғой. Қазір «қытайдан келген екеудің бірі ақын» деген сөздер айтылып қалады. Меніңше, бұған тарылмау керек. Рух таза жерден ғана ақындар шығады. Олар таза рух, құнарлы сөз әкелді. Ал қазір «темір ноқта» әбден қысып жатыр ол жақтағы қазақты. Құдайдан жәрдем болып ол ноқтаны үзбесе, енді келетін ұрпақтан ақын табуың неғайбіл болып қалар… Демек, ұлттың рух тазалығы мен сөз киесі бір-біріне тікелей тәуелді.
Енді әңгіме дәлдүріштерге тірелсе, сөз басқа. Дәлдүріштер қашанда болған, бұдан былай да болады. Оның үстіне, қазір сөзге сүзгі қойылмайды. Көкіректен таразы кеткелі қашан. Кім көрінген кітап шығарып, әлемжелілер арқылы рухани әлемімізді майқандап бағуда. Бұрын кемталанттар қорлайтын, қазір оларға өзің айтқан бейталанттар қосылды. Бұлар ұлттың танымын бұзуымен, ұғымын лайлауымен қатерлі.
Ал таланттылардың оларға қарсы қояр қамалы – мігірсіз және мінсіз дүниелер жазу. Бұл – атамзаманнан келе жатқан қағида. Сондықтан бүгінгі қазаққа жазғыштардың түкке де керегі жоқ, ал кемел дүниелер ішер астай, жұтар сусындай қажет!
– Сіз бір мақалаңызда Алматыға енді келіп, кеудеңіз жырға толып жүрген жастық шағыңызда Қазақстан Жазушылар одағының сыртынан ғана көз тастап, бір кезде Әуезов секілді алыптар кіріп-шығып жүрген қасиетті ғимараттың есігіне қол тигізуге жүрегіңіз дауаламағанын жазғансыз. Сол әдебиетке деген адалдық, алдағыларға деген құрмет қазір неге азайып кетті? Байқауымша, бүгінде әдебиетке бет бұрған жастарда ондай именшектік өте аз сияқты…
– Асылы, кеше советтік жойқын жүйе құлар тұста, әрбір қазақ азаматы, оның ішінде қаламгерлер қауымы қатты ойлануы керек еді. Елді тар кезеңнен алып өтудің жауапкершілігін барынша сезінуі керек-ті. Біз өйтпедік. Ерсі «әләулап» кеттік. Қаламгерлер рухани асқақ қалпын сақтағанда, оларға айбына қарайтын ел қалушы еді. Өз қадірімізді өзіміз кетіргесін енді кімге өкпелейміз: «төске шауып, басқа өрледі» деп…
Именшектік демекші, ол рас, мен бір жарым ай жүріп босағасынан ене алмай кеткен одақтың есігінен жуырда бір топ бұзақының басып кіріп, Одақ хатшысы Бауыржан Жақып досымызға ауыздарына келген былапыттарын айтқанына куә болдық. Өздерін ақиқат жалаугері, Ұлттың қамқоршысы сезінетін әлгілердің рейімсіз жүздерін көріп, тыйымсыз сөздерін естігенде қайда қашарымды білмедім…
Жақында әлдебіреудің – тірісінде тірі тышқанға қиянаты тимеген Әбіштей кемеңгердің аруағына бар білетін былапытын төгіп жазған шатпағын жариялағанын көрдік! Біз тірінің мерейі, өлінің үрейі деген Ұлтты сақтаушы ұғымдарды аяқасты қылдық және ондай тексіздіктен түршіктпейтін, жиіркенбейтін жағдайға жеттік… Бұдан кейін қандай «адалдық» пен «құрмет» жайлы айтуға болады?..
– Сіздер әдебиетке келген кезең өткен ғасырдың 80-жылдарының бас кезі ғой. Кеңес Одағында коммунистік насихаттың құлақ біткеннің ішінен шықпай, орталық өктемдігінің толық жүріп тұрған сол бір шақта сіздердің қатарларыңызды жат идеядан сақтаған не нәрсе еді? Мәселен, өзіңіз 20-ға енді толған өрімдей жас кезіңізде қаламдас достарыңыздың арасында «Құдай туралы жырыңызды» оқып жүрдіңіз, салт-дәстүр мен қазақи рухты мадақтаған өлеңдер жаздыңыз…
– Бұл бұрынғы қасиеті қашпаған жақсылардың өсиетін сүйекке сіңіруден ғана болатын құбылыс деп ойлаймын. Бұрын да айтқам, менің ортам туралы, қайта қаузамай-ақ қояйын.
Дүние өзгерерде бұғып жатқан жанартаулар бұлқынады. Ал рухтың жанартауы атылмасын, ол атылса, жолына ештеңе бөгет бола алмайды. Шалдарымыз айтушы еді: «Дүниенің басы әуелде – Меруерт тастан жаралған; Меруерт тас еріп су болған, Судан шығып бу болған» деп. Оны ғылым «Большой взрыв», яғни «Жаһандық жарылыс» дейді. Ол жарылыс күллі 18 000 ғаламның жаралуына себеп болса, ендігі рухани жарылыс барша адамзаттың ділден түлеп, күлден қайта тірілуіне, жер бетіне ғана емес, 18 000 ғаламға сәуле шашуына әкелетініне сенеміз. Ал ондай Құдайы үлестен – қазақ ұлтының тысқары қалмайтынына күмәнім жоқ.
– Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығы кезінде өтпелі кезеңнің қиыншылығы халқымызға ауыр тигенін жасыра алмасымыз хақ. Ең жаманы, рухани жақтан едәуір құлдырадық. Өнерге, әдебиетке деген елдің ынта-ықыласы мен құрметі солғын тартып қалды. Бірақ одан бері де 20 жылдай уақыт өтті, ел есін жиды. Енді бұрынғы жақсы дәстүрлерімізді жалғастыруға не кедергі? Әдебиет пен өнер түсінетін, құрметтейтін елдің рухы биік, жаны таза болмайтын ба еді? Қоғамдағы түрлі кесірлі кесапаттардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады…
– Бұл сауалдың жауабы жоғарыда жартылай айтылған сияқты. Бірақ мұның аясы тым зор. Жүрек пен мидан қарынды, кіндік пен шүлдікті жоғары бағалаған қоғамның ұрпақты азғындыққа ұрындыруы заңдылық. Екіншіден, қазір жер бетінде күллі адами құндылықтар аяқасты болып, инсаниятты ізгілік емес, обырлану мен тобырлану үдерісі құрдымға сүйреуде. Табиғи тепе-теңдіктің талқаны шықты. Отбасы құндылықтары күйреді. Бұрын зәуқайым естіле қалса, «айтқан жерден аулақ!»; «мал құлағы саңырау!» деп түршігетін бір жыныстылық атты пәлекет жылжи-жылжи қастерлі қазақ топырағын да былғай бастады. Ең сұмдығы, осыған елдің еті үйреніп барады. Ал жамандыққа ет үйрену деген – сол түпсіз құрдымның жиегіне жеттім деген сөз! Мен бірде өзім еш жамандыққа қимайтын классик ақсақал жазушының аузынан: «Табиғат он пайызға қателеседі. Біз бір жыныстылардың құқын өз хұқымызды қорғағандай қорғауымыз керек! Ондай демократияға жетпей ел болмаймыз!» дегенін естіп, жағамды ұстадым. Үшіншіден, ұлтымыздың бір бөлігі (көбі жастар мен жасамыстар) шатақ діндердің шырмауына түсіп кетті де, көп бөлігі мігірсіз жүргізілген теріс саясаттың қырсығынан тілден айырылды. Олардың бірі – дұшпан, бірі – жат! Ондайларға сенің әдебиетің мен мәдениетіңнің, ұлттық салт-дәстүріңнің құны соқыр жармақ! Сондықтан есі дұрыс азаматтың бұған алаңдамауы мүмкін емес… Қазақ тілі – билік тілі, бизнес тілі болмай тұрып, оның қажеттілігін жұртшылыққа еш сезіндіре алмаймыз.
– Шығармашылығыңыз халыққа кең танымал. Алғашқы жыр жинағыңыз жарық көрген сонау 1993 жылдан бері 15-тей кітабыңыз шығыпты. Оның ішінде Батыс пен Шығыстың тұлғалы ақындарынан жасаған аударма кітаптарыңыздың өзі бір төбе. Демек, сіздің әдебиетті тану кеңістігіңіз Орталық Азия, ТМД аумағымен шектелмейді. Бұл орайда білгім келіп отырғаным – әлем әдебиеті мен біздің әдебиеттің арасындағы айырмашылық қандай, оларда бар қандай дәстүр, ерекшеліктер бізде жоқ? Біз олардан не үйренуіміз керек? Сол сияқты соларды оқи отыра, өзіміздің қандай жетістіктерімізді қадірлеп, сақтауымыз қажет?
– Осы жерде бір қызық салыстыру ойыма оралды. Біздің шығыстық екі тиран (бұрынғы тарихтың бағасы) бар ғой, яғни Шыңғыс хан мен Әмір Темір. Қазіргі ғалымдар, тарихшылар олар жаулап алған жерлерде ғылым мен өнердің, әдебиеттің дамығанын дәлелдеп отыр. Ал батыстық қос тиран Наполеон мен Гитлер шапқыншылықтарынан соң не болды? Еуропада және сол танымдағы басқа да материктерде Наполеоннан кейін – модернизм, Гитлерден соң постмодернизм таққа мінді. Ғалымдардың пікірінше, «модернизм – адамды Құдайдан айырды, постмодернизм Құдайсыз қалған адамды өлтірді»! Қанша қатал үкім болса да мен осы пікірге қосылам. Өйткені Құдай жоқ жерге ібіліс үстемдік құрады, ал ібілістің мақсаты әлімсақтан аян. Ол адамзатты өзімен бірге тозаққа сүйрейді. Менің түйгенім, Америка да, Еуропа да «басы жоқ, аяғы жоқ қойыртпақ өлеңдерден» шаршады. Бұл күйзеліс халықтарды толық деградацияға ұрындырды. Әлгі рухани құзғындықтар мен азғындықтардың құныкерлері, Готфрид Бенн айтпақшы, сол Құдайсыз ағымдардың философтары мен оны одан ары әдебиет, өнер арқылы іліп алып кеткен қаламгерлер, суретшілер, музыканттар. Ол қауымның құрдымға мелдектегендері сонша, енді сол тұңғиықтан қалай шығудың амалын таппай арпалысуда. Бізде де сол баяғы, «біреудің қаңсығын таңсық көріп» жүрген топтар пайда болып отыр. Олар классикалық әдебиетке мұрындарын шүйіре қарайды. Өйткені ібілісті қарғысқа ұшыратқан – тәкаппарлық! Ал кез келген кереғар әрекет сол жаман құлыққа арқа сүйейді. Қазіргі салтанат құрып тұрған қоғамдағы шата діндер сияқты, шата әдебиет те пайда болды. Бірақ олардың сағаттары санаулы екеніне шүбәм жоқ. Олар біздің топыраққа тамыр жая алмасы хақ…
Адамзат әдебиетінің классикалық үлгілері шеберлік мектебі екені рас. Түркіге салсақ, сонау көктастарға қашалған көктүріктер сарыны бар, Дәдам Қорқыты бар, ұлы жыраулар поэзиясы бар; мұсылмандыққа салсақ, Қ.А.Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, «Жеті жұлдызы» бар біздің ізденіс аямыздың мүмкіншіліктері тіпті шексіз! Сондықтан әлдеқашан ел көшіп кеткен тұлдыр жұрттарға қарап ұлудың түкке қажеті жоқ, көкірек-көмбеңді аша алсаң, асыл қазына өз топырағыңда тұнып тұр…
– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы алдында әңгімелесіп отырғандықтан, дәстүрлі бір сұрағымызды қоюға рұқсат етіңіз. Тәуелсіздік біздің әдебиетімізге не берді және біз оны қалай кәдемізге жаратып отырмыз?
– Тәуелсіздік бізге біршама еркіндік әкелді. Жабық тақырыптар жойылды. Соның арқасында көптеген рухты шығарма дүниеге келді. Бірақ әлі әдебиетіміз «әлқиссада» жүргендей көріне береді. Дүние де өзгерер, «жүсіптер құдықтарынан босар», «жүрек біткен таулардай сілкінер», «аспан әлемі моншақтарын тағып, жұлдыздар сапқа тұрар», «Шығыстан тағы да Күн шығар», инсани құндылықтар тұғырына қонар, сол кезде «шын қиссаға» кірісер күн де келер деген үмітпен ғұмыр кешіп жүрміз…