Екі қала мен үш облыс бюджет қаржысын игере алмай жатыр

Екі қала мен үш облыс бюджет қаржысын игере алмай жатыр

Екі қала мен үш облыс бюджет қаржысын игере алмай жатыр
ашық дереккөзі
Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты игере алмай жатқан министрліктер мен әкімдіктерді атады, деп жазады turkystan.kz. Спикердің айтуынша, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 97,5 пайызға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,4, ал жергілікті бюджеттердің шығыстары 95,8 пайыз атқарылған.
«Республикалық бюджет бойынша шығыстар 13 триллион теңгені құрады. 81 миллиард теңге атқарылмады, оның ішінде 15 миллиард теңге үнемделген. Игерілмегені –  66 миллиард теңге», – деді Ерұлан Жамаубаев.
Неғұрлым ірі соманы игермеген ведомстволар – Мәдениет және спорт, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы және Ішкi iстер министрліктері. Бюджет қаржысын толық игерілмеуіне нақты көрсетілген қызметтер көлемі үшін ақы төлеу, орындалған жұмыс актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізу қажеттілігі себеп болған. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттердің шығыстары 8 триллион теңгені құрады. Атап айтқанда, оның 327 миллиард теңгесі мақсатты жұмсалып, игерілген жоқ.
«Биыл өңірлерге 2,5 триллион теңге нысаналы трансферт көзделген болатын. 1 қарашадағы жағдай бойынша оларға 2 триллион 157 миллиард теңге бөлінді. Алайда, оның тек 94,2 пайызы игерілді. Атқарылмағаны – 124 миллиард, оның ішінде үнемделгені – 21 миллиард теңге», – деді ведомство басшысы.
Қаржыны ең көп игермеген әкімдіктер – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары.