Тәуелсіздік тағылымы – болашаққа сабақ

Тәуелсіздік тағылымы – болашаққа сабақ

Тәуелсіздік тағылымы – болашаққа сабақ
ашық дереккөзі

Санаулы күндерден соң Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлайды. Бұл – адамзат тарихы үшін қас-қағым сәт болғанымен, біз үшін маңызды бір белес. Сондықтан бір жыл бойы еліміздегі барлық БАҚ осы кезге дейін не тындырып, неге қолымыз жеткенін шолып, саяси-экономикалық және рухани тұрғыдан қандай жетістіктерге ие болғанымыз жайында талдау жасады. Енді, міне, осы саяси науқанның қорытындысындай Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарық көріп отыр.

Мақалада Елбасы, ең алдымен тәуел­сіздіктің мән-ма­ғынасына, оның қа­зақ тарихы үшін қаншалықты маңыз­ды еке­нін айта келіп, «Тәуелсіздіктің мән-ма­ғы­насы тура­лы түрлі ғылым өкілдері өзін­ше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ, бір нәр­се ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азат­тық жолындағы жан алысып, жан беріс­кен сан ғасырлық күре­сінің заңды жал­ғасы, халықаралық құжаттармен бекі­ті­ліп, мәң­гілікке берілген сыйы» деп азат­ты­ғымыздың мерейлі жеңіс еке­ніне ой жү­гіртеді. Иә, ешбір елге тәуелсіздік аспаннан түс­пейді. Елбасы айтқандай, «жаңа за­манда қантөгіске жол бермей, қасиетті кие­міз – тәуелсіздікке сабыр мен төзім­ді­лік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіз­сек» те оған дейін бір жарым ғасырдай уа­қыт ішінде азаттыққа ұмтылған ел отар­шы­ларға қарсы жүздеген рет көтеріліске шы­ғып, есепсіз қан төкті. Мәселен, ХХ ға­­­сырдың басында патшалық Ресейдің Бірін­ші дүниежүзілік соғыс кезінде тыл жұ­мысы үшін қазақтан адам алмақшы бол­ған кезінде қазақ жерінің барлық тұ­сында «патшаға адам бермейміз» деген ұран­мен халқымыз көтеріліске шықты. Сон­дай көтерілістің біразы Жетісу өлке­сінің Қарқара, Қастек, Самсы өңірінде бо­лып, оған Елбасының да аталары қатысқан. Демек, бүгінгі қазақтың ата-бабаларының ішінде азаттық соғысына қатыспаған адам жоқ. Патша өкіметі құлағаннан кейін де жері­мізде Кеңес өкіметі орнап, буынын бе­кіт­кен соң да қазақ халқына жасалған қан-қасаптар аз емес. 1921-1922, 1932-1933 жыл­дардағы аштық, 30-жылдардағы реп­рес­сия, Екінші дүниежүзілік соғыс мил­лион­даған қазақтың өмірін жалмап, өзі жері­мізде азшылыққа айналдық. Осыларды сара­лай келе, Елбасы: «Кейде ойлаймын: қа­зақ не деген төзімді халық?! Көнбеске кө­ніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұл­дыр болған күннің өзінде сағын сын­дыр­май, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған» деп жазады. Бұл - өз халқының бастан өткен қиын-қыстау кездерді жақсы білетін ел басшысының сөзі. Дегенмен, соның бәрін еңсеріп, ХХ ғасырдың соңғы 10 жылдығының парақтары ашылғанда, азат­тыққа қолы жеткен елдің алғашқы Пре­зиденті болған Нұрсұлтан Назарбаев­тың сол елдің 30 жылда жеткен жетістігіне қос­қан үлесі мол. Сондықтан ол «Тәуелсіз­дік тағылымын» саралағанда: «Мен 30 жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қал­дырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы ше­біне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қа­тарына қостым. Осы жылдар ішінде әлем­дік ғылым мен мәдениеттің ең үздік же­тістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалып­тасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үл­кен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын» деуіне хақысы бар. КСРО-ның алғашқы да соңғы прези­денті М.Горбачев билік қолына тиісімен алдымен «жеделдету», соңынан «қайта құру» арқылы науқандар жүргізіп, кейін көзі ашылған елдің өз ырқынан шығып бара жатқанын көріп, өзі бастаған іске өзі кедергі болғысы келгені бар. Сондай сәтте Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы ретінде биік мінберден сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев та өз елінің жағдайы туралы ба­тыл сөйлегені бар. Сонда оның: «Ве­домство­лық өктемдік әлемдік нарықта зор сұра­нысқа ие шикізат ресурсына бай республикамыздың өз әлеуметтік дамуын­да ауыр халге түсуіне, экологиялық дағда­рыс шегіне келіп тірелуіне әкеп соқтырды. Ыдыс-аяқ дүкеніне кіріп кеткен пілдің кебін киген министрліктер Аралдың түбі­не жетіп тынды. Екібастұз даланы күлге бөк­тіруде. Мұнай өндіріп жатқандарға оның түк қайыры болмай тұр. Түрлі по­лигон үшін малшылар өрістерінен айы­рыл­ды, ал оның өтемі туралы мүлде сөз жоқ» деуі сол кез үшін үлкен батылдық еді. «Жыланды үш кессең де кесірткелік қау­қары бар» дегендей, әлі де өзге респуб­ли­каларға сесі бар Мәскеуге арқасүйеген­дер өз арамызда да аз емес еді. Соны ес­кер­сек, Елбасы 1991 жылғы 14 желтоқсанда өткен 12-шақырылған 7-сессиясының тал­­­қылауына «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылданар тұста өз ішімізде алауыздық болғанын былай деп еске түсіруінің маңызы зор: «Жоғарғы Кеңес залында вице-президент Е.Асанбаев қа­тысып отырғанымен, мен талқылауды ка­бинетімдегі байланыс арқылы жіті ба­қылап отырдым. Әлі есімде, күн тәртібі жария етілісімен-ақ бір депутат: «Біз кім­нен және неден тәуелсіздік алғалы отыр­мыз?! Өзіміз 70 жыл бойы сөгіп келе жат­қан Ресей империясы үлгісімен енді қазақ им­периясын құруға ұмтылып жатқан жоқ­пыз ба осы?» – деп арандатушылық пи­ғыл­дағы сұрағын бастап кетті. Көп ұза­май, тағы бір депутат оны қостай түсіп: «Біз тәуелсіз мемлекет жариялау мәселесін тал­қылаудамыз. Ертең таңертең 17 мил­лион халықтың тең жарымы – орыстілді қауым бөтен мемлекеттің азаматтары бо­лып шыға келмек. Жолдастар, бұлай етуге болмайды ғой», – деді. «Тәуелсіздік тағылымы» мақа­ла­сын­да­ғы Елбасы ойларының бәрін бір мақалада шолып, баға беру қиын. Дегенмен, ондағы айтыл­ғандардың ең бастысы, қазақ халқы­ның тәуелсіздікке жету жолындағы ғасыр­ларға созылған жанқиярлық күресі мен Қа­зақстан тәуелсіз мемлекет атану жолын­дағы саяси қиындықтарды еңсеруі жайын­дағы ойлар дер едім. Бұл – бүгінгі және бо­ла­шақтағы қазақтың есінде тұруы тиіс аса маңызды тұжырым.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ