«Басымызға қапшық кигізіп ұрды» - тергеу кабинетінде көз жұмған марқұмның досы

«Басымызға қапшық кигізіп ұрды» - тергеу кабинетінде көз жұмған марқұмның досы

«Басымызға қапшық кигізіп ұрды» - тергеу кабинетінде көз жұмған марқұмның досы
ашық дереккөзі
Кеше Шымкентте Полиция департаментіне өз аяғымен кірген Нұрболат Жұмабаевтың мәйіті шыққан еді. Ал кейін онымен бірге полиция ғимаратына жеткізілген досы журналистерге оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлады turkystan.kz. Жақындарының айтуынша, Нұрболат Жұмабаев Қостанайдан досымен бірге Шымкентке қалыңдығын әкетуге барған. Сөйтіп дәмханада түстеніп отырған екеуін арнайы жасақ қолына кісен салып алып кетіпті.
«Көлікке отырғызғаннан бастап басымызға қапшық кигізіп ұра бастады. Департаментке жеткізгенде тепкі үдей түсті. Мен досымды соңғы мәрте көргенде полицейлер ұрып жатқан. Одан соң екеумізді бөлек әкетті. Менің қолымды кісендеп, жерге жатқызып, басымнан тепті. Бір мәрте басыма кигізген қапшықты шешкенде түрін жаттап үлгердім. Олар – 3-4 жедел уәкіл мен тағы арнайы жасақтың жігіттері. «Сендер көлік ұрладыңдар, сондықтан мойындаңдар, көрші кабинеттегі досың мойындауға шақ қалды» деп күштеді. «Өз еркіңмен қол қоймасаң, денсаулығыңнан айрыласың» деп қорқытты», – дейді жәбірленуші Сергей Петров.
Бірақ тергеу кезінде жағдайы күрт нашарлаған 31 жастағы жігіт жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Марқұмның адвокаты да полицейлер өрескел заңбұзушылыққа барған деп отыр.
«Үш сағаттан астам заңсыз ұстапты. Неге бұл уақытта адвокат бермеген? Одан соң жедел уәкілдер неге тергеушіге дейін жеткізбеген? Тергеу мен заңды шешім қабылдау тергеушінің құзырында емес пе? Қылмыс жасаған күннің өзінде неге арнайы жасақпен ұстайды? Бұлар қылмыстық топтың мүшесі емес қой. Неге заң бойынша шақырту қағазын жібермеген?» - дейді құқық қорғаушысы Талғат Есімов.
Ал Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов адвокат шақыртылғанын, марқұмның серігі Сергей Петровтың бірнеше көлік ұрлау дерегі бойынша күдікті екеніне бұлтартпас айғақтары барын алға тартқан. Сондай-ақ ол тергеу кабинетінде камералар болғанын, оқиғаның мән-жайы тек сот сараптамасының қорытындысынан кейін анықталатынын жеткізді. Қазір бұл іспен қалалық прокуратура мен ІІМ Өзіндік қауіпсіздік басқармасынан барған лауазымды шенділер айналысып жатыр.