Шымкенттік Полиция департаментінде күдікті қайтыс болды

Шымкенттік Полиция департаментінде күдікті қайтыс болды

Шымкенттік Полиция департаментінде күдікті қайтыс болды
ашық дереккөзі
Қайтыс болған Нұрболат Жұмабаев – Қостанай қаласының тұрғыны. 1990 жылы туған ол бұған дейін ұрлық үшін сотталып, жазасын өтеген екен. Бір жыл бұрын түрмеден шығып, үйленуге шешім қабылдаған. Сүйіктісі Шымкентте тұрғандықтан, жуырда осы қалаға келіпті, деп жазады turkystan.kz. Департамент таратқан ресми хабарламада марқұмның көлік ұрлығына қатысты ұсталып, тергеуге алынғаны жазылған. Жауап алу кезінде 31 жастағы жігіт өзін нашар сезініп, артынша есінен танып құлаған.
«Дереу жедел жәрдем көлігі шақырылды. Алайда, ол дәрігерлер келгенше қайтыс болды. Қазіргі уақытта өлімнің нақты себебі анықталып жатыр», – деді полицейлер.
Ал, марқұмның туыстары болса, полицейлер тарапынан қысым болғанына сенімді.
«7 желтоқсанда онымен телефон арқылы сөйлестім. Ол жағдайының жақсы екенін айтты. Ал 8 желтоқсанда маған Шымкенттегі достарым хабарласып, Нұрболат пен жанындағы серігін полицейлердің ұстап әкеткенін хабарлады. Артынша, полициядан хабарласып, мәйітті алып кетіңдер деді. Достарым жалдаған адвокат Полиция департаментіне барып, Нұрболаттың денесінде соққы іздері барын хабарлады. Қазір Шымкентке өзім бара жатырмын. Бауырымның денесін өз көзіммен көруім керек», – дейді марқұмның ағасы Жанболат.
Азаматтың айтуынша, Нұрболат бұған дейін ешқашан жүрек ауруына шағымданбаған. Шаңғы спортымен айналысқан, денсаулығы жақсы еді. Яғни, полицейлер айтқандай, оның жүрек ауруынан қайтыс болуы қисынға келмейді. Қазір аталмыш іспен қалалық Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының мамандары айналысуда.