Жаңалықтар

Ұрлық жасаған «ҚТЖ» қызметкерлері сотталды

ашық дереккөзі

Ұрлық жасаған «ҚТЖ» қызметкерлері сотталды

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның үш қызметкері вагоннан астық ұрлағаны үшін сотталды, деп хабарлады turkystan.kz. Аталған қылмыс биылғы тамыз айында Қостанай облысында болған. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ҰК» АҚ Қостанай бөлімшесі филиалы қызметкерлерінің бірі Қарасу ауданы Қойбағор станциясында күзетке қойылған вагоннан астық ұрлауға бекінген», - деп жазды Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі. Ұрлық жасаған азаматқа қасындағы екі әріптесі көмектескен. «Түнде қылмыскерлер жүк көлігін вагондардың бірінің төменгі люгіне тақап, оған 85 қап астықты тиеген. Бұл шамамен 6 тонна деген сөз. Шығын 850 мың теңгеден асты. Ұрланған астық бірден сатылған. Қостанай станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері қылмыстың ізін суытпай ашты. 35-50 жас аралығындағы үш қызмектер қолға түсті», - дейді департамент өкілдері. Күдіктілердің  кінәсі толық дәлелденген. «Қараша айының соңында Қостанай облысының Қарасу аудандық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша үкім шығарып, әрқайсысын 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады», - деп жазылған ресми мәліметте.