Қостанай облысындағы өзенде балық қырылып қалды

Қостанай облысындағы өзенде балық қырылып қалды

Қостанай облысындағы өзенде балық қырылып қалды
ашық дереккөзі
Қостанай облысы Жітіқара ауданының Желқуар өзенінде балық қырылып жатыр, деп хабарлады turkystan.kz. Экология министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, 2021 жылғы 6 желтоқсанда Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына Қостанай облысы Жітіқара ауданының Желқуар өзенінде балықтардың қырылып жатқаны туралы ақпарат түскен. Аталған өзенге құзырлы мекеменің мамандары арнайы барған.
«Нәтижесінде орташа салмағы 17-ден 25 граммға дейінгі «торта» түріндегі балықтардың қырылу фактісі анықталды, өлген балықтың жалпы көлемі 280 кг. Экология департаменті мен «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Солтүстік филиалының мамандары зертханалық зерттеулер жүргізу үшін су сынамалары мен балық ұшаларын алды. Өлген балықтар жиналып, кәдеге жарату үшін «Қостанай облысы Жітіқара ауданының ветеринариялық станциясы» КМК-ға берілді», - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары Жітіқара ауданы Забеловка кентінің әкімдігімен бірлесіп, мелиорациялық шаралар (су айдынын аэрациялау, шұңқырларды бұрғылау және майналарды кесу) қолданып жатыр.
«Осы учаскедегі балықтың тығыздығын азайту үшін жақын маңдағы Желқуар су қоймасына балықтардың бір бөлігін көшіру бойынша жұмыстар қолға алынды. Бүгінгі таңда инспекция, ауыл әкімдігі және «Выстрел» ЖШС шамамен 500 кг балықты аман алып қалған. Құтқару жұмыстары жалғасуда.
Балықтардың қырылуының алдын-ала себебі – 1,5 га учаскедегі балық ресурстарының толып кетуіне байланысты судағы оттегінің болмауы. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері туралы ақпарат қосымша хабарланатын болады», - деді министрліктің баспасөз қызметіндегілер.