Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметкерлер 2022 жылы жаңа декларация тапсырады

ашық дереккөзі

Мемлекеттік қызметкерлер 2022 жылы жаңа декларация тапсырады

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, 2022 жылдан бастап қазақстандық мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілгендер мен олардың жұбайлары (зайыбы) кірістері мен мүлкі туралы 270.00 нысанды декларацияны ұсынады, деп хабарлады turkystan.kz. Мемлекеттік қызметшілер осыған дейін, жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі аясында аталған тұлғалар активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырған болатын. Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияның нысаны мен оны толтыру қағидалары Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылдың 13 қыркүйегіндегі № 927 бұйрығымен бекітілді. Кірістері мен мүлкі туралы декларацияда жеке тұлғалар күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістері туралы (оның ішінде елімізден тыс жерлерде алған кірістері де бар), сондай-ақ мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті сатып алғаны немесе иеліктен шығарғаны туралы (оның ішінде елімізден тыс жерлердегі мүлік те бар) ақпаратты көрсетуі тиіс. Бұдан басқа, декларацияда жеке тұлғалар есепті салық кезеңі ішінде: - жылжымайтын мүлікті (пәтер, үй, жер учаскесі және т.б.); - механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін (автокөлік, тіркеме және т.б.); - заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін; - бағалы қағаздарды (акциялар, облигациялар, вексельдер және т.б.); - инвестициялық алтынды; - туынды қаржы құралдарын; - тұрғын үй құрылысына қатысу үлесін сатып алуға жұмсаған шығындарын растап, мәліметтерді көрсетуі қажет. Декларация жеке тұлғаның тұрғылықты (тұратын) жері бойынша ұсынылады. Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің активтер мен міндеттемелер туралы декларациясын (250.00-нысаны) табыс еткен азаматтар үшін кірістері мен мүлкі туралы декларацияны табыс ету мерзімі: - қағаз түрінде 2022 жылдың 15 шілдесінен кешіктірмей; - электронды түрде 2022 жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей.