Атырау әкімі есеп комиссиясындағы әріптестерінен кешірім сұрады

Атырау әкімі есеп комиссиясындағы әріптестерінен кешірім сұрады

Атырау әкімі есеп комиссиясындағы әріптестерінен кешірім сұрады
ашық дереккөзі
Күні кеше Атырауда 160 пәтер әлеуметтік баспананың екі жылдан астам берілмей тұрғаны туралы есеп комиссиясының ақпараты жарияланған болатын. Содан кейін қалалық әкімдік өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлады turkystan.kz. Осыған орай, «ATPress.kz» редакциясына сұхбат берген қала әкімі Қайрат Оразбаев есеп комиссиясының хабарламасында келтірілген ақпаратқа түсініктеме берді.
«Екі жыл бойы әлеуметтік пәтерлердің бөлінбегені туралы есеп комиссиясының мәлімдемесі комитеттің ревизорларына берген біздің сенімсіз ақпаратқа негізделген. Негізінде пәтерлер бұрын хабарлағанымыздай, 2019-2020 жылдары Атырау қаласындағы үйлері апатты жағдайдағы тұрғындар мен «Разезд 496» және «Қарабатан» елді мекендерінен қоныс аударғандарға қайта бөлінді. Тағы да қайталап айтамын, есеп комиссиясының әлеуметтік пәтерлердің бөлінбеу туралы қорытындысы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі берген шындыққа жанаспайтын ақпаратына негізделген. Осыған байланысты қалыптасқан жағдай үшін есеп комиссиясындағы әріптестерімнен кешірім сұраймын», – деді қала әкімі.
Шаһар басшысының айтуынша, қазіргі уақытта жалған ақпарат берген лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру тағайындалған. Алдағы уақытта кінәлілер жауапқа тартылатын болады.