ТМД елдерінде теңдесі жоқ мал базары – Қарабұлақта

Өткір Хасанов – Тәуелсіздіктің құрдасы. Жасы 30-ға аяқ басқан жігіт қазір ТМД елдерінде теңдесі жоқ мал базарды басқарады.

 Әрбір келушінің пікірі маңызды

Халқының 80 пайызы мал шаруашылығымен айналысатын, республика жұртын етпен қамтып отырған Қарабұлақ ауылын білмейтін жан кемде-кем шығар. Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылының аты етімен шартарапқа белгілі. Одан бөлек, бүгінгі таңда аумағы 7 гектарды алып жатқан заманауи үлгіде салынған мал базарына еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресей, Украина, Өзбекстан, Монғолия және Қырғызстан елінен де мал әкелініп сатылады. Ал, «Қарабұлақ» жаңа базарына Өткір Хасанов басшылық жасайды.

Алғашында ауыл ішінде болған мал базарына есепші болып жұмысқа кірген ол, кейін өзінің жұмысқа тиянақтылығымен, іскерлігімен көзге түсіп директор қызметіне тағайындалған. «Ауыл ішінде үйлер көбейіп кеткен соң әкімдікпен меморандум жасасып, ауыл шетінен жаңа мал базарын салуды бастадық. 2018 жылы барлық жағдайы жасалған, толық талапқа жауап беретін әдемі, кең жаңа мал базарға көштік» дейді ол. Сатушыларға да, алушыларға да барлық қолайлы жағдай жасап, 4 жерден скважина қазып су шығарған. Алыс өңірлерден малын әкеліп сата алмай қалған сатушыға келесі базарға дейін осы жерде малының шөп-жемін, суын беріп, тегін қарап жата беруіне де мүмкіндік жасалыпты. Мал иесіне арнайы бөлмелер ұйымдастырылған.

мал базары

Киім, азық-түлік базарларына адам отыратын болған соң барынша жағдай жасалатыны белгілі. Ал, шыны керек, қай жерде болмасын, малдың аты – мал, оған аса көңіл бөліне бермейді. Дегенмен, Қарабұлақтағы аумағы атшаптырым, іші тап-тұйнақтай, едені жып-жылтыр заманауи үлгідегі дәл мұндай мал базары шынында еш жерде кезікпеген. Тіпті, өзге өңірден, әсіресе Өзбекстаннан, Ресейден келгендер мал базардың құрылыс-жобасына қызыға қарап, видеоға түсіріп, таңданып кетеді екен. Базарға мал әкеліп сатып жүрген шаруа Мұхтар Жолдыбеков мал базар басшысына келушілерге осындай жағдай жасап қойғаны үшін үлкен алғыс айтады. «Мал шаруашылығымен көп жылдан бері айналысамын. Айналамыздағы талай мал базарында болдым. Әсіресе су тапшылығынан көп зардап шегетінбіз. Қай мал базарына барсақ та өзімізбен су алып жүреміз. Ал, мұнда ауызсуға да, басқа да қажеттіліктер үшін су ағып тұр. Базардың іші тап-таза. Жаңбырлы күндері аяғымыздан су өтпейді.  Көлік қоюға да мүмкіндіктер қарастырылған» дейді ол.

Ал Өткір Хасанов болса, мұнда әрбір келушінің пікірі маңызды екенін айтады. «Шағым болса, тез арада соны ретке келтіруге, ұсыныстары болса, оған назар аударуға барынша әрекет жасаймыз. Себебі, бұл – халықпен жұмыс істейтін жер. Халықтың пікірімен санасып жұмыс істеуге тиіспіз. Өзімізге, базарымызға қатысты қай жерде қандай жаңалық, қандай тиімді, пайдалы кеңестер болса, қойын кітапшамызға түртіп алып, соны тәжірибеге енгізуге тырысамыз. Жаспыз ғой, әлі дамуымыз керек. Бір жерде тұрып қалуға болмайды. Өзімізді дамытатын, тәжірибе алмасатын жерлер болса, содан қалмаймыз. Бірақ, тәжірибе алатындай дәл біздің базардан асып түсетін жер болмай тұр» дейді Өткір бізбен әңгімесінде.

Маңғыстаулықтарға қорған болған орын

Пандемия басталмай тұрғанда мұнда мал базары сәрсенбі, жексенбі күндері болатын. Кейін карантинге байланысты бір жыл бойы базар жабық тұрып, одан соң жәйлап карантин талаптары жеңілденді. Талаптар жеңілденгенде әкімдікке хатпен шығып адамдарды көптеп жинамау үшін сейсенбі-жексенбі күндері базарды ашып қойған. Алушы мен сатушы апта бойы келіп-кетіп жүре беретін. Ал, қазір апта бойы ашық тұрғанымен үйренген халық негізінен мұнда сәрсенбі күні жиналады екен. Қалған күндері санитарлық тазалық жұмыстары жасалады. Едендер тазаланып, дизенфекция жасалады. Сәрсенбіде жиналатын адамның санында есеп жоқ. 2000-ға жуық құжынаған адамның әрқайсысы кемінде 2-3-еуден мал әкеледі. Мұнда таңдау түрі көп болғаннан кейін, әрі жайлы, таза орынға келушілер көп. Тіпті жаздыгүні қуаңшылық салдарынан малы қырылып жатқан маңғыстаулықтар да осында жылқыларын әкеліп сатқан. Әрқайсысы 100-ге жуық жылқыдан әкелген маңғыстаулықтар мұндағы сатушыларға жасалған жағдайға, базар иесінің ашық көңіліне, көмегіне көп алғысын айтып кеткен. Өйткені олар мұнда сатылмай қалған жарты малын біраз күн бойы жатып сатқандықтан базар иесінің қолдауын көрген. Қазіргі таңда Өзбекстаннан келіп қара мал әкететіндер көп.

мал базары

Ауданның ішкі істер бөлімі мен ауыл шаруашылғы инспекциясынан қызметкерлерге арнайы орын белгіленген. Интернет желісімен қамтамасыз етілген. Сырғасы мен паспорты жоқ мал базарға кіргізілмейді. Әрбір мал анықтамамен кіргізіліп, тексеріліп шығарылады. Тіпті, мал базарға жетем дегенше бекеттерден де бақылаудан өтеді.  Базарда 37 видеокамера орнатылған. Бәрі де бақылауда ұсталады. «Ауылда зауыт, фабрикалар жоқ. Сондықтан негізінен халықтың 90 пайызы мал шарушылығымен және диқаншылықпен айналысады. Егін тек жазды күндері болса, мал шарушалығы жыл он екі ай тоқтамайды. Сондықтан басым бөлігі кәсіптің осы түрін таңдаған. Мал бордақылаудан аты шыққан Қарабұлақ ауылының жігіттері қазір Қазақстанның түкпір-түкпіріне күн сайын тонналап ет артады. Арнайы қасапхана да бар. Ал, сол мал біздің базардан алынып, бордақыланады» дейді базар директоры.

300 тұрғынның нәпақасына сеп болған базар

Базарда ресми түрде 20 адам жұмыс істегенімен, 300-ге жуық жергілікті тұрғын осы жерден нәпақа табады. Бірі ауласындағы бақшасынан жеміс әкеліп сатса, тағы бірі асхана ашып, сатушылар мен алушыларға ас-су береді. Одан бөлек, базардың арқасында делдалдық, алыпсатарлықпен айналысып, нан табатындар, мал дәріханасын ашып қойғандар да бар. Сыртта сатушыларға арнайы орындар белгіленген. 2 гектарға жуық автотұрақ келушілерге қызмет көрсетеді.

Мұнда әрбір малдың түріне арнайы орындар белгіленіп, тиісті мамандар қадағалап жүреді. Қоян, тауық және үндікке дейін жеке-жеке павильон қойылған. Бұлардан ақы алынбайды екен. Қызығушылығы барлар кіріп, құстарын сатып кете береді.

мал базары

Мал базардың иесі Абдукахар Хасанов Сайрам ауданының Құрметті азаматы. Президент сыйлығының иегері. Кезінде Мәслихат депутаты болған ол осы ауылдың көркейіп, гүлденуіне көп үлес қосқан. Жаңа мектептердің бой көтеруіне, жолдың тегістелуіне қосқан еңбегі ерекше. Бүгінде зейнет жастағы кәсіпкер ауылдағы кез-келген іс-шараға қолұшын созады. Жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік, төтенше жағдай орын алған аумақтарға қаржылай көмек береді. Жаңадан отбасын құрғандарға да көңілі ерекше. «Базар иесіне айтар алғысымыз шексіз. 2000 жылдан бері базар саласында еңбек етіп келе жатқан кісі бар көңілін осында аударған. Тапқан-таянғанын түгелдей осындай әдемі, зәулім, кең заманауи толық талапқа жауап беретін базар салуға құйды. Әртүрлі кәсіпкерлерді естіп жатамыз. Тапқанын шетелден үй алып қояды немесе шетелге қайта-қайта қыдырып барады. Абдукахар Матланұлы қарызданбай, несие алмай, бар жиғанымен осындай бір ауылды жұмыспен қамтитын әдемі базар салып берді. Біз соның арқасында тап-таза жерде жұмыс істеп жүрміз. Ауылдағылардың да ол кісіге құрметі ерекше. Үнемі алғыс айтып жүреді.  Карантин кезінде базар жабылып, тұрғындар табыс көзінен айырылып, талайы жылап келді. Сонда осы кісі қаржылай қолұшын бергеннен бөлек, оларды сабырға шақырып, шыдамдылықпен күтуге шақырып, оларға қанат беріп жіберетін. Дем жетпей қиналып ауырғандарға кислород балондарын, дәрі-дәрмек алып берді» дейді базар директоры Өткір.

мал базары

Өткірдің базар иесінен бөлек, Сайрам аудандық кәсіпкерлік палатасына, ауыл әкімдеріне айтар алғысы шексіз. Үнемі қолдап, демеп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істейді. «Бәрінен бұрын Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына бізге осындай мүмкіндіктер жасап қойғаны үшін айтар алғысым шексіз. Президент өзінің 2020 жылғы халыққа арнаған Жолдауында: «Мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек» деп атап өтті. Дәл осындай сөзден кейін бізге қандай кедергі болуы мүмкін? Шүкір, біз қазір өзімізге мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтан соң еркін жұмысымызды атқарып жатырмыз. Тіпті жұмыс істеймін деген адамға Үкімет тарапынан қолдаулар да көп. Жастар беріп жатқан мүмкіндіктерді пайдаланып жұмыс істеуі керек. Енді келешекте осы жерден қонақүй салсақ деген ойымыз бар» дейді Өткір Хасанов.

Ал ауыл ішіндегі бұрынғы мал базары толығымен жөндеуден өтіп, еденіне жылу қойылып, заманауи жабық сауда алаңына айналу жоспарында тұр.

Назгүл НАЗАРБЕК

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button