Тынышы кеткен жұрт «Отбасы банкін» «жаулап» алды

Тынышы кеткен жұрт «Отбасы банкін» «жаулап» алды

Тынышы кеткен жұрт «Отбасы банкін» «жаулап» алды
ашық дереккөзі
Елімізде зейнетақы қорының салымшылары «Отбасы банкіне» ағылып, бөлімшелерде бұрын-соңды болмаған шетсіз кезек туындады. Көбі қордағы ақшаларын несиеге алатын баспанасына немесе депозитке аударуға асығып жатыр, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. Келесі жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалуы тиіс қаражаттың шекті мөлшері 2 есеге дейін өсетіні белгілі. Кей өңірдегі банк басшылары халықтың нөпірінен кейін штаттан тыс қызметкерлерді қатарға қосып, демалыс күндері де жұмыс істеуге көшкен. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Отбасы банкі» бөлімшелерінде қарбалас болып жатыр. Теріскейдегі жұрт зейнетақы қорындағы артық ақшаларын аударып үлгеруге асығып әлек. Банк қызметкерлері де бұқараның мұндай нөпірін бұрын-соңды көрмедік деп аң-таң.
«Бұрындары күніне банкке шамамен 10 адам келетін. Ал апта басынан бері зейнетақыға қатысты сұрақпен келгендер 100 адамнан асып жығылды. Кеңес беру орталықтарымыз бар. Ол жақта да адам өте көп. Біз жұртқа өтінішті қалай жіберу керегін түсіндіріп жатырмыз», - дейді «Отбасы банкі» АҚ Петропавл қаласы филиалының бөлім басшысы Арман Судралин.
«Отбасы банкінің» Атырау облысындағы бөлімшесінде де ұзын-сонар кезек. Ғимаратқа таңмен таласа келген ондағы тұрғындар қызмет көрсетудің сапасын сынға алды.
«Мен басшысына дейін бардым. Онлайн қызмет алыңдар дейді. Алайда түсінбеген жеріңді сұрайын деп телефон соқсаң, өмірі жауап бермейді. Амал жоқ, осында өз аяғыммен келіп отырмын. Оның өзінде кезектен көз ашпайсың. Қызмет көрсету деңгейі өте төмен. Кейбір менеджерлер тіпті орнында жоқ», - дейді Атырау қаласының тұрғыны Үнзила Сәрсенбаева.
Ал банк басшылығы кезекті азайту үшін қызметке тағы да 4 менеджерді қабылдап, облыс бойынша штаттан тыс 80 кеңесшіні жұмылдырдық деп ақталды. Енді олар дамылсыз жұмыс істемек. Қазір қордағы ақшасынан дәмелі алматылықтар да банк бөлімшелеріне ағылған. Онда баспанасын ипотека арқылы алған адамдар көп екен. Банк ішінде сапырылысқан халық зейнетақы жинағын несиеге құйып, қарыз мөлшерін қысқартуды көздеген.
«Менде 700 мыңдай артылып тұр. Оны осы банкке аударамын. Адамдарды қиын жағдайға түсіріп қойды. Желтоқсанда заңды өзгертіп жіберді. Қазір басымыз қатып жатыр. Алдын ала халыққа түсіндірген де жоқ. Үкімет өзінше, халық өзінше өмір сүреді», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Бекен Жарқынбеков.
Айта кетсек, өткен аптадан бері елімізде 82 мыңнан астам адам қордағы қаражатын «Отбасы банкіне» аударуға өтініш беріп үлгерген. Мұндай қарқынмен бұл көрсеткіш жыл соңына дейін еселеп артатыны сөзсіз. Ал артылған ақшасын ем-домға жұмсауға шамамен 75 мың салымшы ниет білдіріпті. Мамандар жанталасқан жұртқа уақыт жоғалтпай, онлайн өтінім беруге болатынын жеткізді. Сондай-ақ кеңес орталығындағы қызметкерлер зейнетақыға қатысты барлық сұраққа жауап беруге дайын көрінеді.