Қазақстанда тағы да нан қымбаттайды

Қазақстанда тағы да нан қымбаттайды

Қазақстанда тағы да нан қымбаттайды
ашық дереккөзі
Елімізде нанның бағасы тағы қымбаттауы мүмкін. Өйткені биыл бидай бағасы жылдағыдан 30 пайызға өскен. Соның кесірінен кей кәсіпорындар қазірдің өзінде шығаратын өнімдерінің құнын көтеруге мәжбүр. Ал Қазақстан астық одағы қымбатшылықтың негізгі себебі қуаңшылық пен жанар-жағармай тапшылығынан екенін айтады. Олардың болжамынша, көктемде баға тіпті құбылуы мүмкін, деп хабарлады turkystan.kz 31-арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. Қазір еліміздің диқандары бидайдың тоннасын 118 мың теңгеден саудалауда. Бағаның бұлай шарықтауы ұн шығаратын ең ірі кәсіпорындардың өзіне қиындық туғызған. Мәселен, Көкшетау қаласында бидайды өңдеп, тәулігіне 200 тонна өндіретін кешен иелері де алаңдаулы. Олар диқандардан шикізатты қымбатқа алғандықтан, қазірдің өзінде шығаратын астықтың бағасын көтеруге мәжбүр болған.
«Биыл бидай қатты қымбаттады. Әрине, бұл біздің компаниямызға әсер етті. Сондықтан шығаратын өнімдеріміздің бағасын амалсыз көтеріп жатырмыз», – дейді астық өндірумен айналысатын компания басшысы Максим Белусев.
Мамандардың айтуынша, биыл бидайдың бірден 30 пайызға қымбаттауына қуаңшылық кесірінен дақылдың аз шығуы себеп болған. Оған жанармай мен химиялық дәрілер бағасының да күрт өсуі қосылыпты. Ал шарықтаған баға келесі егіс науқанына дейін тұрақталмайтыны анық. Осы орайда, диқандардың ақпан-наурыз айларында қоймадағы қалған бидайын бұдан да жоғары бағаға сатулары мүмкін деген болжам бар.
«Алдағы күзгі орақ науқанына дейін бидайдың бағасы төмендемейді деп ойлаймын. Қайта оның бағасы тағы да өсуі мүмкін. Басты себеп – алдағы көктемде егіс науқаны кезінде болатын шығындардың, тұқымдық бидайды, жанармайдың, тыңайтқыштардың бағасының өсуі», – дейді Қазақстан астық одағының ресми өкілі Қазыбек Омаров.
Астық одағының өкілдері мемлекеттік «Азық-түлік корпорациясы» АҚ ұн өндірушілерге бидайды арзандатып берген жағдайда ғана биылғы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік болатынын айтады. Ал өткен жазғы қуаңшылықтан қысылып шыққан диқандар жауапты науқан кезінде Үкімет тарапынан қолдау күтуде.