Құрылысы аяқталмаған жол пайдалануға берілетін болды

Құрылысы аяқталмаған жол пайдалануға берілетін болды

Құрылысы аяқталмаған жол пайдалануға берілетін болды
ашық дереккөзі
Алматы облысының жаңа әкімі Қанат Бозымбаев жауапты мекеме басшыларына жырға айналған «Алтын орда» базары маңындағы жолды тезірек ашуды тапсырды. Сөйтіп, әрқайсысының ұзындығы 600 метрлік екі көпір жыл соңына дейін ашылатын болды, деп жазды turkystan.kz. Жолайрық құрылысы 2017 жылы басталған. Бірақ қала мен облыс тоғысқан жердегі жол құрылысы бірнеше жылға созылды. Тіпті, биыл сәуір айында міндетін дұрыс атқармаған мердігермен арадағы келісімшарт бұзылып, құрылысты «СиноМиноСтрой» компаниясы жалғастырған болатын. Бұл компания қазан айында жол құрылысын аяқтауға уәде бергенімен, межелі уақыт жаңа жылға дейін сырғыды. Жұртты әбігерге салған «Алтын орда» жолының құрылысына 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Болатбек Айтбаевтың айтуынша, құрылысы бес жылға созылған жол пайдалануға берілген соң алматылықтар базар маңындағы кептелістен құтылмақ.
«Қазір екі көпір екі бөлек тұр. Сол жақ көпірмен қазір әрі-бері қатынауға толық мүмкіндік бар. Бірақ оң жақтағы құрылыстың қарқынын жеделтету үшін оны құрылыс материалдарын тасу мақсатында қолданып отырмыз. Асфальт төселген, енді қоршау орнатылуда. Кейін жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Ал екі эстакададағы қозғалыс жаңа жылға дейін ашылады. Жоспар бойынша желтоқсанның 27-сіне қос көпірді қолданысқа береміз», – деді мекеме басшысы.
Десе де қос көпір тек уақытша пайдалануға берілетінін атап өткен жөн. Өйткені әзірге асфальттың төменгі жабыны ғана бар. Көпір үстіндегі тас жолдың үстіңгі қабатын көктемде төсеу жоспарланып отыр. Шенеуніктер мұны қыстағы ауа райының қолайсыздығымен түсіндіреді. Желтоқсан айының соңына дейін Іргелі ауылының тұсындағы айналма жол да ашылады деп күтілуде. Ал жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, «Алтын орда» жолының құрылысы толықтай көктемде ғана аяқталады.