Алдағы төрт жылда индустриялық жобалар саны арта түспек

Алдағы төрт жылда индустриялық жобалар саны арта түспек

Алдағы төрт жылда индустриялық жобалар саны арта түспек
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімінде бейнебайланыс режимінде сөйлеген сөзінде алдағы төрт жылда жарты мыңға жуық ірі жобаның жүзеге асырылатынын хабарлады, деп жазады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап. Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнестің елімізді индустрияландыру үдерісіндегі үлесі туралы айта келе, соңғы 10 жылда өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласының көрсеткішінен асып, 13 пайызға жеткенін атап өтті.
«Бүкіл еліміз бойынша 1500 жаңа өндіріс іске қосылды. Бұл мақсатқа 9 триллион теңгеден астам инвестиция жұмсалды. 220 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 3 есе өсіп, 15,4 миллиард долларға жетті. Қазақстанда өңделген өнімдер бүгінде 131 мемлекетке экспортталады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы отандық өнеркәсіпті, медицина ғылымын цифрландыру ісіндегі жетістіктерге тоқталды. Президент өз Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру міндетін жүктегенін еске салды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы отандық бизнестің көрші елдердің нарығына шығуы үшін заманауи инфрақұрылымды дамыту қажеттігін тілге тиек етті.
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар тағы төрт трансшекаралық хаб: оның екеуін Ресеймен шекарада, Өзбекстанмен және Қырғызстанмен шекарада бір-бірден салу жоспарлануда. Бұл транзакциялық шығындарды азайтуға, көлік логистикасының тиімділігін арттыруға және нәтижесінде экспортымызды ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласында білікті мамандардың жетіспейтініне ерекше назар аударды. Бұл – индустрияландыру үдерісін тежейтін факторлардың бірі.
«2025 жылға қарай 500-ге жуық индустриялық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз.  Үкімет аталған өндіріс орындарында жұмыс істейтін білікті кадрларды осы бастан дайындауы керек. Бүгінде мемлекет жұмыс берушілерге нақты қолдау көрсетіп отыр. Жұмыс орнында оқыту, «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» сияқты жас мамандарға қолдау көрсету шаралары іске асырылуда. Мемлекет тарапынан тиісті субсидиялар қарастырылған. Дегенмен, әлі де жеткіліксіз. Үкімет «Атамекен» ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жұмыспен қамтуды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ынталандыруға бағытталған қосымша шараларды пысықтауы қажет», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.