Елорда төрінде жылдың үздік кәсіпорындары марапатталды

Елорда төрінде жылдың үздік кәсіпорындары марапатталды

Елорда төрінде жылдың үздік кәсіпорындары марапатталды
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған «Алтын сапа» және «Парыз» байқаулары мәресіне жетті. Нұр-Сұлтан қаласында өткен салтанатты шара барысында үздік шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері марапатталды, деп жазады turkystan.kz. akorda.kz-ке сілтеме жасап. Мемлекет басшысы марапаттау рәсіміне бейнебайланыс режимінде шығып, іскер азаматтарды жеңістерімен құттықтады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде «Алтын сапа» байқауы 15 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын және бүгінге дейін 150-ден астам компания Президент сыйлығының иегері атанғанына назар аударды.
«Биылғы салтанатты жиын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Егемендік кезеңінде Қазақстанда бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасалды. Соның нәтижесінде жаңа заманға сай кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. Олар ұлттық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналуда. Елімізді өркендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бизнес өкілдері барынша атсалысуда. Осы орайда, мен барша кәсіпкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ осы байқауларға қатысқан кәсіпорындарға арнайы алғыс айтамын. Әсіресе, еңбек ұжымдарын бөлек атап өткім келеді. Бұл марапаттар – көп жылғы қажырлы еңбектің жемісі», – деді Мемлекет басшысы.
Биыл «Алтын сапа» конкурсының «Үздік индустриялық жоба» аталымында «YDD Corporation» ЖШС (Қарағанды облысы) жеңіске жетті. «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша ««Агрофирма TNK» (Ақмола облысы) ЖШС үздік атанды. Ал «ПО Глобал-Спецодежда» (Ақтөбе облысы) мен «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» ЖШС-лері (Батыс Қазақстан облысы) «Парыз» сайысының бас жүлдегері атанды.