Илон Масктың интернетін біз де пайдаланып көрмекпіз

Илон Масктың интернетін біз де пайдаланып көрмекпіз

Илон Масктың интернетін біз де пайдаланып көрмекпіз
ашық дереккөзі
2021 жылы Қазақстанда әлемдегі ең бай адам Илон Маск басқаратын компанияның спутниктік интернетін сынақтан өткізу жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов мәлім етті, деп жазады turkystan.kz. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында тілші: «Қазақстандықтарды сапалы интернетпен қамту мақсатында АҚШ миллиардері Илон Масктың компаниясымен келісім қалай жүріп жатыр? Елімізде аталмыш компанияның спутниктік интернетін тестілеу жұмысы басталды ма?», - деген сұрақ қойды. Бұл сұраққа ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов жауап берді.
«Бүгінде еліміздегі спутниктік интернет және телевизиялық таратуды «KazSat-2» және «KazSat-3» спутнигі қамтамасыз етіп отыр. Қазір әлемде заман талабы мен сұранысына сай сапалы және жоғары жылдамдықтағы интернет ұсынатын компаниялардың қатары көбейіп келеді. Жалпы, сапалы интернет туралы әңгіме қозғайтын болсақ, онымен айналысатын бүгінде әлемде үш ірі компания бар. Олар – «One Web», «SES» және «Starlink» («SpaceX») компаниялары. Биыл елімізде «One Web» компаниясымен бірлесіп, екі рет техникалық тұрғыдан тестілеу жүргіздік. Яғни, интернеттің жылдамдығы мен техникалық сәйкестігі сынақтан өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыс пилоттық жоба ретінде жалғаса береді», – деді Баубек Оралмағамбетов.
Комитет төрағасының айтуынша, 2022 жылы Қазақстанда жаңа спутниктік интернет қызметі сынақтан өткізіледі.
««SES» туралы айтар болсақ, бұл компанияның спутниктік интернет қызметін Алматы облысында сынауды таяуда ғана бастадық. Бүгінде сынақ жалғасып жатыр. «Starlink» компаниясына келсек, ол бойынша келер жылдың бірінші тоқсанында пилоттық жоба ретінде елімізде жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде аталмыш компаниямен келісімге келіп жатырмыз. Одан әрі жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобалардың нәтижесі мен көрсеткішіне қарай нақты шешім қабылданатын болады», – деді шенеунік.