Көпбалалы отбасы картоп еккені үшін көмектен қағылған

Көпбалалы отбасы картоп еккені үшін көмектен қағылған

Көпбалалы отбасы картоп еккені үшін көмектен қағылған
ашық дереккөзі
Қарағандыда көпбалалы отбасының 4 баласына 30 теңгеден атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Соңғы екі айда 244 теңге алған. Жыл басында бұл отбасы бір мәрте 125 мың теңге атаулы көмек алған екен. Кейін аулада егулі картопты көріп, одан да айырған, деп хабарлады turkystan.kz. Халықты әлеуметтік қорғау бөлімі кейінгі уақытта аталған отбасының табысы өскенін айтады. Сондықтан жүйе отбасының шекті кірісін есептеп, соңғы екі айға 244 теңге тиесілі деп шешкен. Ал бірақ 60 жыл бұрын салынған саман үйде тұрып жатқан отбасының жағдайына қарап, олай айту қиын.
«244 теңгені есептегенде, мен әр балаға екі айға 60 теңгеге памперсі мен нанын алып беруім керек екен. Бір айда әрқайсысына 30 теңгеге нан да ала алмаймын. Қазіргі нан бағасын білесіздер. Меніңше, бұл – мазақ ету!» - деді көпбалалы Дариға Қазанғапова.
Биліктегілер ауладағы картоптың көлемі әлеуметтік көмекке аса ықпал етпейді деп ақталды. Мұнда жәрдемақы мен отағасының жалақысы есептеліп тұрғанын айтқан.
«122 теңгеге қосымша отбасы балаларға азық-түлік жиынтығын алады. Ол: сүт, дәнді дақылдар, нәресте азығы. Сонымен отбасындағы екі бала мектепте тегін ас ішіп жүр. Мемлекет кепіл берген көмектің барлығын алып жатыр», - деді Қарағанды қаласы әлеуметтік жәрдемақы тағайындау бөлімінің басшысы Людмила Харитонович.
Өкінішке қарай, шенеуніктер ортақ жүйе есептеп шығаратын соманы еш өзгерте алмаймыз деп отыр. Ал көпбалалы отбасының қақаған қыста құлағалы тұрған үйде қалай тұратыны белгісіз. Әзірге олар пәтер кезегінде 1680-орында тұр.