Белгілі тарихшы Талас Омарбеков өмірден өтті

Белгілі тарихшы Талас Омарбеков өмірден өтті

Белгілі тарихшы Талас Омарбеков өмірден өтті
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков өмірден өтті, деп жазады turkystan.kz. Талас Омарбеков 1948 жылы 29 мамырда Жамбыл облысының Байзақ ауданы Ақжар ауылында дүниеге келді. Ол орта мектептен соң сол кездегі Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих факультетін бітіріп, 1971 жылы Жамбыл облысының Жуалы және Байзақ аудандарында тарих пәнінің оқытушысы, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1972 жылдан бастап жас тарихшы өзі еңбек ететін Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Чапаев атындағы орта мектепте алғаш рет «Тарих және археология» музейін ұйымдастырды. Бұл музейге өзінің кезінде Тараз қаласына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізгендегі, облыстық музейдің ғылыми қызметкерлерімен бірге жүргізген аудан өңіріндегі ортағасырлық төрткүлдерге, ежелгі Охум қаласына қазба жұмыстарының нәтижелері, олардан табылған археологиялық ескерткіштер, ежелгі түркі тас мүсіндері және т.б. қойылған еді. 1972 жылы ол республикалық баспасөз беттерінде тарихты оқыту әдістемесіне арналған көлемді мақалаларын жариялай бастады. 1977 жылы өзі білім алған Абай атындағы ҚазПИ-дің аспирантурасына іштей оқу бөліміне түсіп, оны аяқтаған соң осында оқытушылыққа қалдырылды. Ал 1982 жылы ол кандидаттық диссертациясын қорғады. 1991 жылы Компартияның тарауы Т.Омарбеков тәрізді ұлттық мүдде тұрғысынан ойлайтын тарихшылардың зерттеу жұмыстарына кең жол ашты. Сол жылы бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қызметке ауысады. 1994 жылы ол академик К.Нұрпейісовтің ғылыми кеңесшілігімен докторлық диссертация қорғады. Академик Т.Омарбековтің бүгінгі таңдағы жарияланған тарихи және тарихи-танымдық еңбектерінің жалпы саны 500-ге жуық. Ғылыми еңбектері алыс және жақын шет елдерде өткен халықаралық конференцияларда баяндалып, материалдар жинақтарында және жоғарғы импакт факторлы беделді шетелдік басылымдарда жарияланған. Оның  тікелей ғылыми жетекшілігімен 31 ғылым кандидаты, 7 ғылым докторы, 3 РҺD дайындалды. 2007 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері атанды. 2009 жылы Елбасының шешімімен «Құрмет» орденімен марапатталды. 2008 жылы Байзақ ауданының «Құрметті азаматы» атағына ие болды. 2011 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы «Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі берілді.