Соңғы төрт жылда апаттан 2,8 мың адам қаза тапқан

Соңғы төрт жылда апаттан 2,8 мың адам қаза тапқан

Соңғы төрт жылда апаттан 2,8 мың адам қаза тапқан
ашық дереккөзі
2017 жылдан бері елімізде төтенше жағдай, табиғи және техногендік сипаттағы оқиғалар салдарынан 9047 адам зардап шегіп, 2875 адам қайтыс болды. Бұл туралы «Азаматтық қорғау жүйесін дамыту туралы» тақырыбындағы Үкімет сағатында депутат Балаим Кесебаева мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz.
«Өкінішке қарай, дүлей апаттар жыл сайын әлемде қаншама адамның өмірін алып, денсаулықтары мен күнделікті тірлігіне әсер етуде. Қазақстан да төтенше жағдайлардың туындауының, олардың әлеуметтік салаға және қоршаған ортаға теріс әсерінің жалпы әлемдік заңдылықтарынан тыс қала алмайды. Қоршаған ортаға антропогендік әсердің жоғарылауы және елдің белсенді индустриялық дамуына байланысты теріс факторлар техногендік төтенше жағдайлардың туындауына алып келеді. Тек соңғы 4 жылда республика аумағында 56 783 төтенше жағдай мен табиғи және техногендік сипаттағы оқиғалар тіркелді. Олардың салдарынан 9 047 адам зардап шекті. Оның ішінде 2 875 адам қаза тапты. Келтірілген материалдық залал 19,4 млрд теңгені құрады», – деді халық қалаулысы.
Мәжіліс төрағасы орынбасарының айтуынша, аталған жағдайларда азаматтарымыз өз қайғы-қасіретімен жалғыз қалған жоқ. Мемлекет зардап шеккен халыққа қолдау көрсету және төтенше жағдайлардың салдарын жою мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Бұл үшін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінде жыл сайын қаржылай қаражат көзделіп, мемлекеттік материалдық резервтің ресурстары пайдаланылады.
«Мұндай жағдайларда азаматтық қорғау жүйесін одан әрі дамыту халықтың қауіпсіздігін және елдің экономикалық әлеуетін қамтамасыз етудің аса маңызды шарты болып саналады. Сонымен бірге, планетамыздағы климаттың жаһандық өзгеруі азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеу қағидаттары мен тетіктерін заман талабына сәйкес қайта қарау қажеттілігін тудырады. Бұдан басқа, азаматтық қорғау саласындағы проблемалар төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі тиімді қызметті қиындатады», – деді депутат.