Жаңалықтар

Қазақ-өзбек билігі сауда көлемін 10 миллиард долларға жеткізбек

ашық дереккөзі

Қазақ-өзбек билігі сауда көлемін 10 миллиард долларға жеткізбек

Ақорда резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті салтанатты түрде қарсы алып, Шығыс залында шағын құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлады Turkystan.kz. «Елдеріміз арасындағы одақтастық, стратегиялық қарым-қатынастар – Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы. Бұл ешқандай артық айтқандық емес. Екі ел арасындағы байланыстар қаншалықты тығыз болса, біздің маңызды аймақтағы ахуал да соншалықты тұрақты болады», – деп атап көрсетті Тоқаев. Шавкат Мирзиёев қазақ жерінде көрсетілген дәстүрлі қонақжайлық үшін ризашылығын білдіріп, өзінің және өзбек халқының атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ Қазақстан Президентінің басшылығымен еліміздің қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалай отырып, екіжақты қарым-қатынастардың дамуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлес қосқанын да атап өтті. Өзбекстан президенті өзінің мемлекеттік сапары Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатуының символдық мәні бар екенін айтты. «Екі ел халықтарының арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық қарым-қатынастар мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға зор септігін тигізетініне сенімдімін», - деді Мирзиёев. Қазақстан мен Өзбекстан басшылары екіжақты стратегиялық серіктестіктің кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік транзиттік, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық сияқты негізгі аспектілер қарастырылды. Сондай-ақ, аймақтағы, соның ішінде, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды.