«Шекараны нақтылауға Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткіздік» - Елбасы

«Шекараны нақтылауға Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткіздік» - Елбасы

«Шекараны нақтылауға Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткіздік» - Елбасы
ашық дереккөзі
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында еліміздің Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін дамудың даңғылына қалай түскенімізді атап өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
«Дүниеде экономикалық даму мен демократияның алуан формасы болса да, оның дәл сол күйінде көшіріп ала қоятын ортақ үлгісі жоқ. Біз әлемдік тәжірибені қорытып, өз ерекшеліктеріміз бен мүмкіндіктерімізді ескеріп, «Қазақстан – 2030» стратегиясын түздік. Онда белгіленген межелі көрсеткіштерді мерзімінен бұрын орындаған соң халықтың қолдауын тапқан «Қазақстан – 2050» бағдарламасын жасадық. Әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар «Қазақстан жолы» деп жоғары баға берген ұлт дамуының даңғыл жолының өзегін дәл осы қос стратегия құрайды», - дейді Елбасы.
Сондай-ақ, Ұлы дала төсінде бабаларымыз бізге мұра қылып ұлан-ғайыр жер қалдырғанын, алайда, ол кешегі патша заманында да, Кеңес Одағы тұсында да халықаралық құжаттармен ресімделмегенін еске салды.
«Жалпы ұзындығы 14 мың шақырымдық біздің шекарамыздың барлық бойлығына қатысты сындарлы келіссөздер үдерісін ұйымдастыру оңай міндет болған жоқ. Бұған басшылығы алғашқы күндерден-ақ біздің тәуелсіздігімізге, сондай-ақ шекарамызды нақтылау ісіне қолдау білдірген екі ұлы көршіміздің – Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткізілгенін айта кетуім керек. Сөйтіп, Қазақстанның Ресей Федерациясымен арадағы ұзындығы 7500 шақырым болатын ортақ шекарасы достық пен сенім белдеуіне айналды. ҚХР-мен шектес 1700 шақырымдық шекарамыз бойынша да тарихи уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жайт шекара мәселесі бойынша өзге де көршілес елдердің сындарлы ұстанымда болуына септігін тигізді. Біз Ресейдің және оның президенті В.В.Путиннің, Қытай басшылығының тарихымыздағы сол маңызды сәтте көрсеткен қолдауының әрдайым қадірін біліп, ризашылықпен есте ұстауға тиіспіз» деп жазды аталған мақалада.
Осы орайда, Елбасы келіссөз барысында өзара түсіністік пен тараптардың мүддесіне деген құрмет ахуалын қалыптастыра отырып, жүйелі түрде халықаралық келісімшарттар жасасып, мемлекеттік шекарамызды түпкілікті айқындап алғанымызды баса айтты.