«Сөзімді аяқтап, залға қарасам, Колбиннің өңі сұп-сұр болып кеткен» - Назарбаев

«Сөзімді аяқтап, залға қарасам, Колбиннің өңі сұп-сұр болып кеткен» - Назарбаев

«Сөзімді аяқтап, залға қарасам, Колбиннің өңі сұп-сұр болып кеткен» - Назарбаев
ашық дереккөзі
Горбачев қаншалықты жанталаса қимылдап, сақтап қалуға әрекет еткенімен, КСРО-ның одан әрі ыдырауын тоқтату мүмкін емес еді. Соның нәтижесінде 1991 жылдың тамыз-желтоқсан айларында қалған республикалар түгелдей өз тәуелсіздігін жария етті. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында жазды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мақалада атап өтілгендей, «ақырын жүріп, анық басудың» арқасында көп салалар мен бағыттар бойынша еліміз өзгелерден оқ бойы озып кетті. Енді Елбасы осының мән-жайына тереңірек тоқталып, бұрын көп айтыла бермейтін кейбір деректі халықтың назарына ұсынуды жөн көрген.
«Кеңес Одағы сынды алып империя өткен ғасырдың 70-жылдары тарихшылар қауымы «тоқырау» деп айдар таққан күрделі кезеңге аяқ басты. Тек жоғары билік бекіткен жоспар мен қосып жазуға негізделген кеңестік экономика, жалаң ой, жадағай пікірлі коммунистік идеология қоғам дамуын тығырыққа тіреді. Тоқырау кезінде ел экономикасында орын алған мүшкіл халді Қарағанды облыстық партия комитетінде басшылық қызмет атқарған 70-жылдардың соңында айқын аңғара бастадым. Ал мен Қазақ КСР Үкіметінің басшылығына тағайындалған 80-жылдары жағдай тіпті асқынып тұрған болатын», - дейді ол.
Айтуынша, М. Горбачевтің «қайта құруы» тоқырауға белшесінен батқан қоғамға серпіліс әкеле алмай, керісінше көпсөзділікке, жаппай жарнамалық ұрандарға жол берілген. Экономикалық базис жасалмай, асығыс басталған «бетбұрыс» жылдар бойы қордаланған проблемаларды одан әрі өршітіп, шарықтау шегіне бір-ақ жеткізген.
«КСРО-да болған алғашқы демократиялық сайлаудың нәтижесінде іріктелген халық депутаттарының І съезі 1989 жылдың мамыр-маусым айларында өтті. Бұл кезде мен Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болатынмын. Алып одақ экономикасында орын алған мүшкіл жағдайды ашық айтуға тура келді. Кремльдің Съездер сарайының трибунасынан мамырда сөйлеген сөзімді қаз-қалпында келтірер болсақ, онда былай деген екем: «…Қызметтік міндетім бойынша практикалық экономика мәселелерімен айналысып жүрген менің айтарым: біз бүгінде ел экономикасындағы шынайы жағдайды нақты білмейміз. Өздеріңіз ойлап көріңіздер: КСРО Мемлекеттік статистика комитеті деректері бойынша, елдегі азық-түлік өндірісі артқан, бірақ сөрелер бос. Жоспарлар орындалуда, ал экономика ахуалы нашарлап барады. Неге? Мұндай «негелер» тым көбейіп кетті. Түптің түбінде, экономикадағы дағдарыстың қаншалықты тереңдеп кеткенін анықтап, оны еңсерудің айқын жолын табуымыз керек-ақ. Он екінші бесжылдық жоспары тоқыраудың ең тозған дәстүрлері негізінде жасалды». Әрине, екі күннің бірінде «қайта құру», «бетбұрыс», тіпті «жеделдету» деп ұрандатып жатқан М.Горбачевқа «он екінші бесжылдық тоқыраудың ең нашар дәстүрі негізінде жасалды» деген сөз ұнай қойған жоқ. Тіпті, регламентпен шектегісі келгендей сыңай танытты. Бірақ залдың дүркірете қол соққаны оның мені тоқтатуына мүмкіндік бермеді», - деп еске алды сол заманды Нұрсұлтан Назарбаев.
Содан енді тартынып қалуға болмайтынын сезгендіктен, оған Қазақстанда қалыптасқан ауыр жағдайды да айтуға тура келген. Осылайша әлемдік нарықта зор сұранысқа ие шикізат ресурсына бай еліміздің өз әлеуметтік дамуында ауыр халге түсуіне, экологиялық дағдарыс шегіне келіп тірелуіне, Аралдың тартылуына, Екібастұздың даланы күлге бөктіруіне, түрлі полигон үшін малшылардың өрістерінен айырылғанына жеке-жеке тоқталып өткен.
«Сөзімді аяқтап, залға қарасам, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Г.В.Колбиннің өңі сұп-сұр болып кеткен екен. Бірақ ел мүддесі, халық тағдыры талқыға түскен мұндай сәттерде аянып қалуға болмайтын еді» деп жазды одан әрі.
Кейін саясаттың қызуы көтеріліп, Горбачев пен Ельциннің текетіресі шегіне жетіп, бір кездері темірдей тәртіпке негізделген орталықтағы басшылықтан береке кеткен тұста Нұрсұлтан Назарбаевқа батылырақ қимылдау үшін бүкілхалықтық мандат керек еді. Содан 1991 жылдың 1 желтоқсанында ел тарихындағы тұңғыш Президенттік сайлау өткізіліп, онда халықтың 98%-дан астамы қолдау білдірді.
«Сайлаудан 2 күн өткенде – 3 желтоқсанда Алматыға М.Хофф бастаған Еуропа Парламентінің үлкен делегациясы келіп, Қазақстанның жаңадан сайланған Президенті ретінде мені ресми сапармен Брюссельге келуге шақырды. Бұл да бізге үлкен демеу, халықаралық деңгейдегі қолдау болды», - дейді Елбасының өзі.