«Кеңес Одағындағы 70 жыл біздің елдің пайдасына шешілген жоқ» - Елбасы

«Кеңес Одағындағы 70 жыл біздің елдің пайдасына шешілген жоқ» - Елбасы

«Кеңес Одағындағы 70 жыл біздің елдің пайдасына шешілген жоқ» - Елбасы
ашық дереккөзі
Бүгін республикалық БАҚ беттеріне ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарияланды. Онда автор арғыда сақ, ғұн, беріде қаһарман түрік бабаларымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрғанынан бастап, кешегі Кеңес заманына тоқталып, бүгінгі Тәуелсіздіктің қадірі туралы толғанған, деп жазады turkystan.kz. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды. Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт.
«Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұмсадым. Ерлік пен елдікті ту еткен, жасампаздықты жалау еткен халқымыздың дербес мемлекет құрғанының отыз жылдық торқалы тойы қарсаңында тәуелсіздіктен тағылым алу үшін бүгін туған халқыммен ой бөлісуді жөн көрдім».
Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан Елбасы біздің жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткізгендігімізді атап айтты.  width=
«Мен миллиондаған адамды қанға бөктіріп, қисапсыз мол қиындықтардан тұратын XX ғасырдың ортасында дүниеге келдім. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақтар қатыспаса да, патшаның 1916 жылғы маусымдағы жарлығымен тыл жұмысы үшін әскерге шақырылды. Отаршыл өкіметтің өктемдігі мен зұлымдығы халықты ашындырып, төзімін тауысты. Сол кездегі Жетісу өлкесінің Қарқара, Қастек, Самсы өңірінде болған ұлт-азаттық көтерілістерге менің ата-бабаларым да қатысты».
Бұдан кейінгі қазақ даласын қанға бөктірген Азамат соғысы да халқымызға қисапсыз мол қасірет әкелді. Ашаршылықтың екі бірдей толқыны – 1921-1922 жыл мен 1930-1932 жылдардағы сұрқия саясат салдарынан орнаған зұлмат кезінде қазақтың тең жартысы қырылды. Ел есін енді жинай бастаған отызыншы жылдар соңында сталиндік қанды репрессия ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтарын жалмап кетті, сонымен бірге қатардағы қарапайым азаматтар да қанды қасаптан аман қалмады.
«Әрине, мен бұл оқиғалардың бәрін көзіммен көрмесем де, әкем мен анамның өзегін мұң мен зар өртеп, жанарын жасқа шылап отырып айтқан сөздерінен, азаттық жолында шейіт болған аруақтарға арнап, күбірлеп оқыған дұғаларынан естіп-біліп, көкірегіме түйіп өстім. Кейде ойлаймын, қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған».
Адамзат тарихына ең қанды қырғын ретінде енген Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері, бала болсам да, әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Сәби кезімді еске алғанда әр үйден майданға аттанған ағаларым, ер-азаматының орнын жоқтатпай, «Бәрі де жеңіс үшін» деп бел шешпей еңбек еткен аналарым мен жеңгелерім, қаршадай күнінен өгізге жегілген соқамен жер жыртып, масақ теріп, еңбекпен көзін ашқан қатарластарым еске түседі. Менің еңбек тақырыбына жиі оралатынымның бір сыры да балалығын соғыс ұрлаған сол ауыр күндерден қалған естелікте болса керек.
«Соғыстан соңғы кезеңдегі тың игеру, металл қорыту, болат балқыту,  халық шаруашылығын қалпына келтірудің дәл ортасында жүрдік. Социализмнің артықшылығын да, кемшілігін де көрдік. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес Одағы құрамында болған жетпіс жылдықтың нәтижесі біздің елдің пайдасына шешілген жоқ».
XX ғасыр басында алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдүллә, алты миллион халықпыз» деген екен. Патшалық Ресейдегі 1913 жылғы ресми санақ бойынша, Дала өлкесінде, Түркістан өлкесіндегі қазақтарды қоспағанда, 5 миллион 597 мың халық тұрған. Демек, Ахаңның айтып отырғаны – күмән келтірмейтін ақиқат. Ал арада жарты ғасырдай уақыт өткенде КСРО-да 1959 жылы өткізілген санақта Қазақстандағы қазақтардың саны 2 миллион 787 мыңға дейін кеміп, республика халқының небары 30 пайызын ғана құраған. Мен 1989 жылы республикамыздың бірінші басшысы болып сайландым. Дәл сол жылы өткізілген КСРО-ның ең соңғы халық санағының деректері бойынша, Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы небары 40,1% ғана еді.  width=
«Азат еліміздің жастары Тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан».