Сенат Байқоңырда салықтық рәсімдерді реттейтін заң жобасын мақұлдады
Сенат Байқоңырда салықтық рәсімдерді реттейтін заң жобасын мақұлдады
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен РФ арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
«Осы Хаттаманың ең басты мақсаты жанама салықтармен қосарланған салық салу мәселелерін реттеу болып табылады. Бүгінгі таңда, Байқоңыр қаласының кәсіпкерлері ресейлік 18 пайыз мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығын қолданады. Оны қазақстандық контрагенттер есепке ала алмайды.
Біздің отандық салық төлеушілер де еліміздің басқа аумағынан Байқоңыр қаласында тауарлар сатқан жағдайда осыған ұқсас ахуал пайда болады. Бұл жағдайды шешу үшін біз ресейлік әріптестерімізбен бірігіп осы Хаттаманың жобасын әзірледік», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Оның сөзіне қарағанда, осы ретте Еуразиялық экономикалық одақта жұмыс жасап тұрған тетік Хаттамада қолданылды, Қазақстанның басқа аумағынан Байқоңыр қаласына тауар сату кезінде қосылған құн салығы «нөлдік» мөлшермен есептелетін болады және қосылған құн салығы Байқоңырда бір рет 18 пайызбен өндіріп алынады.
Осындай ұстаным Байқоңыр қаласынан Қазақстанның басқа аумағына тауар сатылғанда қолданылатын болады. Жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсету кезінде салынатын қосылған құн салығы бойынша да осындай тәсіл қолданылады.
Хаттаманың ережелері Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленгеннен өзге қағидаларды көздейтіндігін ескере отырып, осы Хаттаманы ратификациялау қажет болады.