Заманауи құрылғының көмегімен мал ұрлығы әшкереленді

Заманауи құрылғының көмегімен мал ұрлығы әшкереленді

Заманауи құрылғының көмегімен мал ұрлығы әшкереленді
ашық дереккөзі
 Шығысқазақстандық тәртіп сақшылары «ІІМ-нің 2021-2023 жылдарға арналған мүлікті қорғау бағдарламасын» іске асыру аясында барымташыны құрықтады. Ұрыны ұстауға заманауи «GPS»-трекерлер мен құрылғылардың көмегі зор болған, деп хабарлады turkystan.kz. Жергілікті Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Аягөз ауданында орын алған. Жергілікті тұрғындардың бірі аудандық полиция бөліміне белгісіз тұлғалардың еркін жайылымда жүрген жылқыларын ұрлап әкеткенін айтып, арыз түсірген. Шығын сомасы шамамен 60 миллион теңгені құрады. Жедел уәкілдер жәбірленушімен бірге болған оқиғаның мән-жайын анықтауға дереу кіріседі. Белгілі болғандай, мал иесі кез-келген уақытта онлайн режимінде ұялы телефондағы мобильді қосымша арқылы малдың қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін «JPS» электронды бақылау құрылғысын бірнеше атқа алдын-ала орнатып қойған екен. Осы заманауи құрылғы іздеу жұмыстарының оң нәтиже беруіне септігін тигізді. Мобильді қосымша арқылы ұрланған малдың жүрген жері анықталып, ұрлық жасаған Үржар ауданының 47 жастағы тұрғынын ұстауға мүмкіндік туды. ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиевтің айтуынша, қазіргі уақытта күдікті УҰИ-ға қамауға алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы, 4-бөлігіне сәйкес, аса ірі көлемде жасалған мал ұрлығы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Осы баптың санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Тәртіп сақшылары мал иелері арасында жануарларға сымсыз күзет жүйелерін орнату қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе, тиімділігін іс жүзінде дәлелдеген «GPS»-трекерлер орнату бойынша кеңес беруде.