Жолы болмаған Жалғас. «UFC»-дегі үшінші жеңіліс

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен «UFC Vegas 44» турнирінде кезекті жекпе-жегін өткізді. Жанкүйерлердің өкінішіне қарай октагонға шыққан отандасымыз анголалық Манель Капеден жеңіліп қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көптен күткен бұл жекпе-жек бірінші раундта аяқталды. Екі спортшы тік тұрып төбелескенді мақұл көрді. Раунд басында қазақ оғланы белсенді көрінгенді. Алайда, ол раунд соңына қарай қарсыласының жойқын соққысын өткізіп алды. Жалғас есеңгірегенін байқатпауға тырысқанымен, оны бұрышқа тықсырған қарсыласы сериялық соққыларын жұмсай бастады. Осы сәтте төреші кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша, Жалғас Жұмағұлов «UFC» аясында өткізген төрт кездесуінің үшіншісінде жеңілістің ащы дәмін татты.

Аса жеңіл салмақта ел намысын қорғап жүрген қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұловтың әлемдегі ең беделді ұйыммен келісімшарты аяқталды. Бәлкім анголалық Манель Капені жеңгенде ұйым басшысы Дана Уайт жаңа келісімшарт ұсынар ма еді, кім білсін?

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button