Зейнетақы қаражатына байланысты шешімге қарсы петиция басталды

Елімізде БЖЗҚ-ның жинақталған зейнетақы қаражатын алу үшін жеткіліктілік шегі туралы шешіміне наразылық ретінде онлайн-петиция қарқын алуда. Қазақстандықтар наразылық ретінде петицияға қол жинауды бастады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бірер күн бұрын Қазақстанда 2022 жылы зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алудың жеткіліктілік шегінің көрсеткіштері күрт өсетіні белгілі болды. Атап айтқанда, 21 жаста – 3,2 млн. теңге, 22-де – 3,3, 30-да – 4,4, 40-та – 5,8, ал 50-де – 7,4 млн. теңге болып көтерілді.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2022 жылға арналған жинақталған зейнетақы қаражатын алудың ең төменгі жеткіліктілігінің шекті мәндерін ұлғайту туралы хабарлады. Егер 20 жылдан кейін шекті көрсеткіш қазір 1,7 миллион теңге болса, келесі жылдан бастап ол 3,1 миллион теңгеге дейін өседі. Бұл шындыққа жанаспайтын шек! Бұған дейін тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге жиналған ақшаны шығаруға аз да болса мүмкіндік болды. Біз, петицияға қол қойған Қазақстан азаматтары, БЖЗҚ-дан төлемді азайтуды талап етеміз. Ең төменгі жеткіліктілік шегін ақылға қонымды шекке дейін жеткізіңіздер. Біз БАҚ пен блогерлерден осы мәселені мүмкіндігінше жариялап, көмектесулерін сұраймыз», – делінген петицияда.

БЖЗҚ ең төменгі жеткіліктілік шегінің мәндері әрбір жас үшін есептелетінін және болашақта зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуі ескерілетінін хабарлады. Бұл ретте «Республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, зейнетақының ең төменгі мөлшері, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты, жыл сайын осы көрсеткіштердің өсуін ескере отырып, жеткіліктілік шегінің мөлшерін есептеу жүргізіледі.

«2022 жылға арналған әлеуметтік көрсеткіштердің мөлшері ұлғайтылған (атап айтқанда, ең төменгі жалақы мөлшері 2021 жылғы 42 500 теңгеден 2022 жылы 60 000 теңгеге дейін (немесе 41 %-ға) ұлғайтылғандықтан) 2022 жылға көрсеткіш өсті», – делінген БЖЗҚ хабарламасында.

Алайда, ҚР Еңбек министрлігі мен БЖЗҚ-ның бұл түсініктемелері әлеуметтік желіде өздерінің наразылығын білдірген қазақстандықтардың көпшілігін қанағаттандырған жоқ.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button